«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бата мен тілекті шатастырмайық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бірде белгілі азаматтың жыл­дық дұғасына бардым. Өзім қа­тарлылар бір дастарқан басына жайғасып, марқұмның аруағы­на дұға бағышталып, кейін ке­зек үлкеннен бата сұрау үрдісі­не келгенде көңілім қоңылтақ­сып қалды. Микрофон төрде жай­ғас­қан қарияға ұсынылды. Мана­дан бері сөзге қонақ бер­мей отыр­ған ол “әшейінде ауыз жап­пас, той дегенде өлең тап­пас­тың” керін келтірді. Ұзақ-со­нар сылдыр сөзі әбден мезі ет­ті. Жиналған­дардың алды қоз­ға­лақтап, төзімі таусылуға ай­налды. Айтпағым, бүгінде бата мен тілектің болмаса құттық­тау­дың ара-жігін ажырату былай тұрсын, ас қайыра алмайтын осы тектес ақсақалдардың қа­та­ры көбейіп бара жатқаны қын­жылтады. Осын­дайда “Абай жо­лы” рома­нын­да Дулат ақынның жас Абай­ға берген “Шырағым, ер жетер­сің, Ер жетсең, сірә, не­ етер­сің. Алысқа шырқап кетер­сің, Шын­дасаң, шыңға жетер­сің”, – деген бас-аяғы жұп-жұмыр жола­шар батасы ойға оралды.

Немесе жас Төлеге Қыбы­рай атасының өсиетіне зер са­лайық­шы:

Ақбоз мінген айдарлым,

Тарпаң туған тұмарлым,

Туралап тартып шығатын,

Алысты жақын қылатын,

Көреген көзді бол!

Мыңнан жалғыз қиялап,

Алысты жақын қылатын,

Сезеген сары сөзді бол!

Мүшелерден аман өт,

Қарияға аман жет.

Қай қиянда жүрсең де,

Осы батам–саған серт!

Қандай мейір, шапағат тұ­нып тұр десеңізші! Осыдан-ақ ба­та кімге айтылып тұрғанын бірден аңдауға болады. Көңілге сенім ұялатады, жігерді жа­ниды, үміт­ке жетелейді.

Өкінішке қарай, батаның түп-тамырында қаншама ұла­ғат­тың жатқанын аңғара бер­мей­міз. Оның алуан түрі болға­нына қа­ра­мастан, бірізділікпен, жаттан­дылықпен қайыра сала­мыз. Тіпті бата сұраса, бәз бі­реу­лер “ота­ны­мыз, еліміз аман болсын. Бейбітшілік заман бол­сын”, – деп тілекпен шатасты­рып жатады. Алыс жолға шық­қанда, жас отау иелеріне, сүн­дет тойларда, нә­ресте туғанда берілетін бата­лардың бір-бірінен айырмашы­лығы бар.

Бата – қазақ халқының ежел­­ден атадан балаға мұра бо­лып келе жатқан асыл құнды­лық­та­ры­ның бірі. Қарап отыр­сақ, дәс­тү­рімізге берік сіңісіп, бө­лінбес­тей бөлшегіне айнал­ған бұл үр­діс­тің тәлім-тәрбиелік мә­ні өте те­реңде жатыр. Батаны өнер ре­тін­де ерекше қастерлеу­дің бір кө­рінісі салт-жоралғылары­мызда жиі кездеседі. Ба­таға бай­ла­ныс­ты қаншама ұлағатты сөз­дер қал­ды десеңші. От ауызды, орақ тіл­ді Төле, Қазы­бек, Әйте­ке билер­ден, басқа да тарихи тұл­ғалар­дан жеткен өсиет сөз­дердің ма­ғынасы те­рең, қара­пайым әрі ұғы­нықты. Ғасырдан ғасырға жалға­сып, са­надан өш­пей келе жатқа­ны сон­дықтан. Бабаларымыз “Ба­талы құл – арымас, батасыз құл жа­ры­мас”, “Жаңбырменен жер кө­герер, батаменен ел көгерер”, “Баталы елге бақ қонар”, “Бата ал­ғанның бағы бар”, – деп текке айтпаған.

Ұлттың мәдени байлығы, ру­ха­ни қазынасы өгейсіп қалған сияқ­ты. Бата бергенде мән ма­ғы­насы да ескеріле бермейді. Мә­се­лен, діни бата әдетте “Әуе­лі Ал­ла оңдасын, Оң жа­ғың­нан қолдасын”, – деп бас­талады. Мұн­да батаның қабыл болу құ­діреті Ұлы Жаратушы­ның қо­лын­да де­ген ишара жа­тыр. Ал Ұлыстың Ұлы күнінде, Наурыз мереке­сінде ұтымды, түсінікті, аса ма­ғыналы болуы шарт.

Қазіргі уақытта бата беретін ақсақалдарға көпшіліктің көңілі толмай жатады, көбіне той-ду­мандарда айтылатын ұран ті­лек­терге ұқсап кетіп жатыр. Ті­лек ар­қы­лы кез келген адам өз ниетін, ықылас білдірсе, бата­ның орны басқа. Оның қалып­тас­қан әдеп­тері мен өзіндік үлгілері бар. Ба­та – тойда жаппай айтылатын жат­танды тілектер­ге ұқсамауы ке­рек.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,

күйші, облысымыздың құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp