«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бөтеннің көлігін айдап кеткен

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл полицейлеріне көлікті мас күйде айдап әкеткен адамды тоқтату үшін “Ұстау” жоспарын құруға тура келді. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 ақпан күні сағат 09:30 шамасында облыс орталығының тұрғыны полицияға хабарласып, белгісіз адамның оның “Volkswagen Amarok 2h” автокөлігін айдап кеткендігін айтқан. Ер адам бір сағат бұрын көлік жуу кешеніне барып, құны 12 млн. теңге тұратын машинасын қалдырған. Ұрланған автокөлікті іздеуге автопатрульдер мен бейнебақылау операторлары жұмылдырылды. Көп ұзамай “Volkswagen” автокөлігі Жамбыл көшесінде тоқтатылды. Көлікті заңсыз иемденді деген күдікпен 28 жастағы көлік жуу сервисінің жұмысшысы ұсталды. Медициналық куәландыру оның мас күйде болғанын көрсетті. “Бұл жол қозғалысының барлық қатысушыларына қауіп төндіреді. Тексеру барысында оның жүргізуші куәлігі жоқ болып шықты. Ер адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының талаптарына сәйкес 20 тәулікке қамауға алынды”, – деді Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

Әкімшілік жазаны өтегеннен кейін ер адам “Автомобильді немесе өзге де көлік құралын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену” бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Яғни 2 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp