Бірде белгілі азаматтың жылдық дұғасына бардым. Өзім қатарлылар бір дастарқан басына жайғасып, марқұмның аруағына дұға бағышталып, кейін кезек үлкеннен бата сұрау үрдісіне келгенде көңілім қоңылтақсып қалды. Микрофон төрде жайғасқан қарияға ұсынылды. Манадан бері сөзге қонақ бермей отырған ол “әшейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппастың” керін келтірді. Ұзақ-сонар сылдыр сөзі әбден мезі етті. Жиналғандардың алды қозғалақтап, төзімі таусылуға айналды. Айтпағым, бүгінде бата мен тілектің болмаса құттықтаудың ара-жігін ажырату былай тұрсын, ас қайыра алмайтын осы тектес ақсақалдардың қатары көбейіп бара жатқаны қынжылтады. Осындайда “Абай жолы” романында Дулат ақынның жас Абайға берген “Шырағым, ер жетерсің, Ер жетсең, сірә, не етерсің. Алысқа шырқап кетерсің, Шындасаң, шыңға жетерсің”, – деген бас-аяғы жұп-жұмыр жолашар батасы ойға оралды.
Немесе жас Төлеге Қыбырай атасының өсиетіне зер салайықшы:
Ақбоз мінген айдарлым,
Тарпаң туған тұмарлым,
Туралап тартып шығатын,
Алысты жақын қылатын,
Көреген көзді бол!
Мыңнан жалғыз қиялап,
Алысты жақын қылатын,
Сезеген сары сөзді бол!
Мүшелерден аман өт,
Қарияға аман жет.
Қай қиянда жүрсең де,
Осы батам–саған серт!
Қандай мейір, шапағат тұнып тұр десеңізші! Осыдан-ақ бата кімге айтылып тұрғанын бірден аңдауға болады. Көңілге сенім ұялатады, жігерді жаниды, үмітке жетелейді.
Өкінішке қарай, батаның түп-тамырында қаншама ұлағаттың жатқанын аңғара бермейміз. Оның алуан түрі болғанына қарамастан, бірізділікпен, жаттандылықпен қайыра саламыз. Тіпті бата сұраса, бәз біреулер “отанымыз, еліміз аман болсын. Бейбітшілік заман болсын”, – деп тілекпен шатастырып жатады. Алыс жолға шыққанда, жас отау иелеріне, сүндет тойларда, нәресте туғанда берілетін баталардың бір-бірінен айырмашылығы бар.
Бата – қазақ халқының ежелден атадан балаға мұра болып келе жатқан асыл құндылықтарының бірі. Қарап отырсақ, дәстүрімізге берік сіңісіп, бөлінбестей бөлшегіне айналған бұл үрдістің тәлім-тәрбиелік мәні өте тереңде жатыр. Батаны өнер ретінде ерекше қастерлеудің бір көрінісі салт-жоралғыларымызда жиі кездеседі. Батаға байланысты қаншама ұлағатты сөздер қалды десеңші. От ауызды, орақ тілді Төле, Қазыбек, Әйтеке билерден, басқа да тарихи тұлғалардан жеткен өсиет сөздердің мағынасы терең, қарапайым әрі ұғынықты. Ғасырдан ғасырға жалғасып, санадан өшпей келе жатқаны сондықтан. Бабаларымыз “Баталы құл – арымас, батасыз құл жарымас”, “Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер”, “Баталы елге бақ қонар”, “Бата алғанның бағы бар”, – деп текке айтпаған.
Ұлттың мәдени байлығы, рухани қазынасы өгейсіп қалған сияқты. Бата бергенде мән мағынасы да ескеріле бермейді. Мәселен, діни бата әдетте “Әуелі Алла оңдасын, Оң жағыңнан қолдасын”, – деп басталады. Мұнда батаның қабыл болу құдіреті Ұлы Жаратушының қолында деген ишара жатыр. Ал Ұлыстың Ұлы күнінде, Наурыз мерекесінде ұтымды, түсінікті, аса мағыналы болуы шарт.
Қазіргі уақытта бата беретін ақсақалдарға көпшіліктің көңілі толмай жатады, көбіне той-думандарда айтылатын ұран тілектерге ұқсап кетіп жатыр. Тілек арқылы кез келген адам өз ниетін, ықылас білдірсе, батаның орны басқа. Оның қалыптасқан әдептері мен өзіндік үлгілері бар. Бата – тойда жаппай айтылатын жаттанды тілектерге ұқсамауы керек.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші, облысымыздың құрметті азаматы.