Қызылжар өңірінде көктемгі дала жұмыстарының ауылы алыс емес. Маңызды кезеңге диқандар да, бейінді басқарма да дайындалып жатыр. Биыл облыста өнімді екі есеге ұлғайту мақсатында егістік жердің көлемін кеңейту көзделіп отыр. Әсіресе азықтық дақылдарға басымдық берілмек. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаевтың айтуынша, биыл қарақұмық алқабы 26 мың гектар болады. Картопқа тиесілі жер 1,7 мың гектарға кеңейеді. Сонымен қатар көкөніс егілетін алқап 1,6 мың гектарға ұлғаймақ.
Диқандарды жеңілдетілген жанармаймен қамту, минералды тыңайтқыштарды субсидиялау – мемлекеттің негізгі міндеті. Алғашқысы бойынша бір мыңнан астам өтініш түскен.
– Диқандарға қажет жеңілдетілген жанармай көлемі – 53,2 мың тонна. 1 литр жеңілдетілген жанармайдың бағасы – 250 теңге. Он оператор анықталды, – деді Мейрам Меңдібаев.
Биыл облыс 256 мың тонна көлемінде минералды тыңайтқыш сатып алмақ. Ол шамамен 3 млн. гектар алқапқа сіңіріледі. Осы жылы өсімдік шаруашылығын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 24 млрд. теңге бөлінді. Оның 7 млрд. теңгеден астамы тыңайтқыштар алуға бағытталмақ.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.