Сұлу сөздің хас шебері Жүсіпбек Аймауытұлы қазақ өлеңінің ұлы тұлғасы Мағжанның мөлдір поэзиясын талдағанда: “Ақынның ақындығын үстінен қарап топшыламай, ішіне кіріп зерттеу керек”, – депті. Алаш қаламгері көрсеткендей, біз осы мақаламызда қалың Қазақ еліне айтыскер болып танылған өнерпаз, ақын Ерік Асқаровтың лирикалық туындыларының ішіне кіріп, өлең өрісіндегі қолтаңбасын талдап, туындыларын тақырыптық-идеялық, көркемдік-эстетикалық табиғатына қарай зерделеуді мақсат еттік.
Өлеңдерінің көркемдік қуаты, эстетикалық табиғаты, тақырыбы мен басты идеясы қайсы деген сұраққа жауап іздегенде ақынның дара стилі, жеке қолтаңбасы айқындалатыны мәлім. Бұл мақсатта қазақ сөз өнерін зерттеген Алаш қаламгерлерінен бастап, ұлттық әдебиеттанудағы көрнекті теоретик ғалымдардың еңбектерін басшылық еткенімізді айтқымыз келеді.
Ерік Асқаров өлеңдерінің ерекшелігі неде деген сұрақ қоятын болсақ, ол – алдымен ұлттық сипатында, ұлттық мазмұнында, көркемдігі жоғары ұлттық бояуында дер едік. Автор туындыларында ұлт тарихымен, ондағы тұлғалармен, белгілі тарихи оқиғалармен біте қайнасады, олармен бірге жасайды.
Атамыз орда салған жер,
Кіндігім қаны тамған жер.
Сібірдің құйттай қойнауы –
Ермакқа бермей қалған жер, – деп ақын өзі жырлағандай, кең байтақ қазақ даласының солтүстік шекарасында, өз сөзімен айтқанда Ібір-Сібір жерінде дүниеге келген, арғы бабасы Түрік қағанаты, Алтын Орда заманынан жасаған, бергі атасы Абылай хан, Кенесары хан дәуірінен бері өмір сүрген қасиетті құтты қонысында туып өскен ақын қолына қалам ұстап, саналы өмірге қадам басқан кезінде ұлт мәселесі тым күрделеніп кеткен еді. Билік басындағы Столыпин кезеңінен бері қоныстанып алған қарашекпенділердің екінші-үшінші буындағы ұрпағы қазақтың тілін де, ғұрпын да, салт-дәстүрін де қажетке жаратпай қалғанды. Себебі саясат солай еді. Большевиктер билікке келген заманға тап болған Мағжан атасындай Ерік ақын да сырын қағазға түсірді, өткен заманды аңсады. “Танымай, таныта алмай өткеніңді, Таппайсың болашаққа өткеліңді”, – деп жазды тебіреніп. Ұлттық рухты асқақтататын, көңілге арқау болатын тұлғаны ол да Мағжан атасындай тарихтан іздеді. Сондай аңсар оймен “Боз-ауыз ат” поэмасын өмірге әкелді. “Бұл шығарма 1979-80 жылдары жазылды. Қылышынан қан тамған кеңестік цензурадан өткізе алмайтынымды білген соң, аяқтамай тастап едім. Сол кезде қазақ қауымын өксіткен жалғыз идея – ұлт азаттығын көксеген көңілдің көрінісі”, – деп тебіренді автор поэманың кіріспе сөзінде.
Ерік Асқаров шығармалары тақырыптық-идеялық тұрғыдан сан салалы, әр қилы, қозғайтын мәселесі, көтеретін ойы неше алуан сипатты “Басқа жағынан Мағжан идеалист болса да, махаббатқа идеализм көзімен қарамайды”,– деп Ж.Аймауытұлы айтқандай, Ерік Асқаров өлеңдерінде махаббат тақырыбын кез келген туындысынан аңғарамыз. Ақын өлеңін махаббатсыз, сүйіспеншіліксіз жазса, олар соншалықты мөлдір, соншалықты шынайы шықпайтын еді, оқырман жүрегінен орын алмайтын еді. Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді дегендей, Е.Асқаров өлеңдерінің қай-қайсысы да терең тебіреністен туғандығын танимыз. Алайда ер мен әйел арасындағы махаббатты ғана сөз етсек, поэмаларын, айтыстарын атамағанның өзінде, бұл тақырыпқа ақын 26 өлең арнағанын аңғаруға болады. Олар: “Сүйемін!” – деме, осы бір сөзден сескенем”, “Менен бұрын жырлап өткен мың ақын”, “Балалық алыс, алыста және ағалық”, “Шертілмеген сырың болса, шерт енді”, “Дір ете қалдың, қысылып әлде тұрсың ба?”, “Оятты да жүрегімді бір үн кеп”, “Азияның аптабы”, “Жалғыз шырақ”, “Боларын дәл осылай білген едім”, “Аксиома”, “Алатауда ақ дауыл”, “Ауылы аяулымның Аюлыда”, “Секілденіп толқын ұрған нау балық”, “Сенің нұрлы жамалыңды көргенде”, “Жасыбайдың жағасы”, “Ару қыздың ақ тәніне”, “Ригадағы қарындасқа”, “Сары күз қол жайған”, “Сені ойлаумен атты менің таңдарым”, “Сен кетті деп айтады маған бәрі”, “Бөлмеңе сенің кіріп мен”, “Бірде шілде, бірде қаңтар мына күн”, “Білмеймін сор ма, бақ па – ол арасын”, “Асықпашы, махаббат!…”, “Сен қоңырау шалғанда”, “Саған арнаймын”, “Сары белден сарғайып таң атады”.
Махаббат тақырыбына арналған бұл өлеңдерде ақын бар және көбінесе сен атты кейіпкер бар. Лирикалық кейіпкер ынтық болған махаббатына көңілдегі ғашықтық сезімін көркем тілмен, бейнелі эпитетпен, айшықты теңеумен, түрлі метафоралық тіркеспен жеткізеді. Бұл тақырыптағы өлеңдердің көбі 1979 жылы жазылған екен. Яғни Ерік ақынның жиырмадағы жігіт кезінде туған шығармалары деп білеміз. Мысалы:
“Көңілің сенің жап-жаңа жауған ақ қардай,
Саятшы менмін несібе күткен сонардан”.
Автор жүрек сезімін ғашығына жеткізу үшін ұлттық сипаттағы әдемі метафора мен ауыз әдебиетінен айшықты теңеуді сәтті қолданады.
Ақын өлеңдерінде табиғат суреті де сұлу, айшықты берілген. Тегінде Е.Асқаровтың кез келген тақырыптағы шығармасынан табиғаттың жанды суретін көре аламыз. Мысалы, “Жауып жатыр жапырақтар жалтылдап” өлеңі бір оқығанда жылдың күз мезгілін көрсетуге арналғандай. Қоңыр күз, салқын күз, кәрі күз деп суреттелетін жыл маусымын табиғат көрінісі деп қабылдаймыз. Бірақ өлеңнің соңғы екі тармағында оның негізгі идеясы белгілі болады: “Алматының ауа райы секілді, Тағдыр қырық құбылады-ау бір күнде”, – деп аяқталады. Яғни бұл өлеңде автор табиғатты ғана суреттемейді, философиялық ойтолғам да жасайды. Табиғат көрінісі философиялық ойын жеткізу үшін орайлы пайдаланылған. Тағдыр да табиғат секілді құбылады деп айтқысы келген ақын. Сондай-ақ “Ақкөңіл адал жүректі” өлеңінде алдымен табиғат суреті берілген де, кейін алыста жүрген, сағындырған туыс, аңсаған бауыр бейнесі баяндалады:
Өлкеге біздің бозқырау түсті қарыған,
Бозарды дала айрылып жасыл табынан.
Бозала таңда бозқырау кешіп жүргенде,
Бауырым, сені еске алам дағы, сағынам,
–деп жырлайды ақын. Лирикалық кейіпкер көңіл күйін жеткізу үшін табиғат суретін қатар береді. Ақынның махаббат, философиялық, саяси-әлеуметтік, тарихи-этнографиялық, өзге де тақырыптарда жазылған өлеңдерінен осындай психологиялық параллелизмді, табиғат суретін қатар берудің мысалын көптеп кездестіреміз.
Сонда да табиғат және экология мәселесі ғана айшықты көрінген мына лирикалық өлеңдерін бөліп атағымыз келеді: “Кешікті көктем биыл, көп бөгелді”, “Барады ағып ерке Есіл”, “Шерубайнұра”, “Экологиялық өлең”, “Арқадан келген жолаушы”, “Күрсіне берді Көкшенің бұлты арылмай”, “Таудағы түн”, “Сібірге келді сары күз”, “Сібір”, “Аралда”, “Малатья су қоймасы”. Бұларда ақын тек табиғатты жырлаған деп айтуға болады.
Ақынның туған жер туралы өлеңдері туып-өскен ауылына, Қызылжары мен Көкшетауына арналған: “Қыс болса Қызылжарға кеткім келер”, “Қызылжарда биыл тіпті қар қалың”, “Май-шам жарығында жазылған жыр”, “Есіме түсіп, өткен, кеткендерім”, “Қара орманның қолтығынан жел кіріп”, “Көргің келсе қар бұрқаған боранды”, “Қызылжар”, “Мен ертең Қызылжарға тағы аттанам”, “Қостеректің құдығы”.
Осы орайда бір байқағанымыз, ақын өлеңдерінде Петропавл қаласының аты мүлде кездеспейді. Есесіне “Қызылжарым”, “Қызылжар қысы” жиі ұшырасады. Мысалы: “Қыс болса, Қызылжарға кеткім келер”, “Жүр, жаным, Қызылжарға кетейікші”, “Қызылжарда биыл тіпті қар қалың”, “Абай айтқан шыбынсыз жаз керек пе, Мына біздің Қызылжарға кел онда!”, “Қызықтырса Пушкин сүйген алтын күз, Мына біздің Қызылжарға тағы кел”, “Сыны кетпес сұлулықтың барлығын, мына біздің Қызылжардан табасың”. Ақын осы арқылы туған қаласының төл аты Қызылжар екенін тағы да еске салғандай. Қаласына деген ыстық махаббатын ата-бабасынан қалған Қызылжар атауымен жеткізгендей.
Ақынның философиялық лирикасына “Жүрекжарды”, “Кірлеме, менің жүрегім”, “Кейде мен…”, “Соңғы сөз”, “От көріктің басында”, “Жауып жатыр жапырақтар жалтылдап”, “Қыстың қызыл іңірі”, “Дарияға салған қайығым”, “Ньютон заңы”, “Семсер туралы ой”, “Жер” атты туындыларын жатқызамыз. Ал “Сағынған досқа”, “Адалдық туралы аңыз”, “Шопенгауэр”, “Мінез” атты өлеңдерін философиялық-дидактикалық лирика деп қараймыз. Себебі ол туындыларда өмір жайлы ой-толғанысымен бірге, тәлім-тәрбие мәселесі де қатар көтеріледі.
Сондай-ақ ақын өлеңдерінде әлеуметтік-дидактикалық тақырыпта жазылған шығармалары да барын таныдық. Оларға “Тектілерді тексіздер тепкілеген”, “Жындылар жыры” сияқты туындылары жатады. Ерік ақынның осы өлеңінде тағы да Абай философиясымен сабақтастығын байқаймыз:
“Әбестігі көрінбейді сырт көзге
Мың жындыға ие болса бір дорақ…”, – дейді.
Ақынның әлеуметтік тақырыпта жазған өлеңдерінен шындықты бүкпелемей, ел басына түскен ауыртпалықты жасырмай ашық жазып кеткен батылдығын көреміз.
Ақын жылқы бейнесін бірнеше өлеңінде образды түрде пайдаланып, айтар ойын сол арқылы сәтті жеткізе алған. “Сағынған досқа” өлеңінде:
“Өзіңе деген көңілдің күйі шертіліп,
Адастым талай арманның аты мертігіп”,
– дегенде, досына ынтық көңілін, арманына жете алмаған кезін білдіреді. Ал “Анаменен сырласу” өлеңінде анасына амандық болса, арманына жететінін ауыспалы мағынада былай суреттеген:
“Тентегің аман болса, бірер жылда,
Күмістен ер-тоқымын салады атқа”.
Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілов, Әсия Беркенова, Әзімбек Жанқұлиев, Есенқұл Жақыпбеков, Жібек Сыздықова сынды қазақ айтыс өнерінің көптеген көрнекті өкілдерімен Ерік ақынның айтысқанын, сол арқылы қасиетті өнердің қайта жандануына зор үлес қосқанын өнерсүйер қауым жақсы біледі. Ал біз болсақ осынау шағын зерттеуімізде айтыскер Ерік Асқаровтың жазба әдебиеттегі орнын бағамдағымыз келді.
Қайырбек КЕМЕҢГЕР,
филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі.