«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАЛУАНДАРДЫҢ БОЛАШАҒЫНАН ҮМІТ КӨП”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты өтті. Грек-рим стилінде 10 салмақ дәрежесі бойынша жерлестеріміз де сынға түсті. Өкініштісі белдесудің бұл түрінде өңір командасына тек бір алтын бұйырды. Үкілеген үміттеріміз Данияр Кәленов, Бауыржан Мусин, Азия чемпионы Ислам Евлоев пен әскерилер арасындағы өткен жылдың әлем чемпионы Аманғали Бекболатов жүлдесіз қалды. Грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, облыстың аға бапкері Сергей Ямпольскиймен болған әңгімеміз осы тақырып төңірегінде өрбіді.

– Сергей Анатольевич, елордада өткен ел біріншілігі туралы жан-жақты айтып берсеңіз?

– Біз ел астанасында өткен чемпионатқа өңірімізден барлық салмақтар бойынша балуандарды қатыстырдық. 10 санат бойынша үздіктерді апарып, олардың ішінде кем дегенде үш жүлделі орынға қол жеткіземіз деп үміттенген едік. Бірақ бәрі ойдағыдай болмады. Екі спортшымыз 5-ші орынға табан тіресе, тек бір спортшымыз алтыннан алқа тағынды. Бас жүлдені 73 килограмда Николай Хапко иеленді.

– Ұлттық құрама сапында бұған дейін төрт балуанымыз болды. Олар халықаралық додаларда үнемі жүлделі орынға ие болып жүрді. Осы жолғы спортшылардың жұлдыздарының жанбауына не себеп?

– Ұлттық құрама сапында 55 килограмда Аманғали Беболатов, 60 килограмда Данияр Кәленов, 82 килограмда Ислам Евлоев, 87-де Бауыржан Мусиндер бар. Енді олардың қатарына 73 килограмда Николай Хапко қосылды.

Жалпы өткен жыл біз үшін сәтті болды. Менің шәкіртім Аманғали әскерилер арасында әлем чемпионы атанды. Бұған дейін Ислам Евлоев Азия біріншілігінде жүлдеге ие болған еді. Биыл Қазақстан чемпионатында Данияр Кәленов пен Бауыржан Мусинге сенім артылды. Өкініштісі, жоспарымызды орындай алмадық.

Биыл өзге өңірлерден келген спортшылардың дайындығы жоғары болғанын аңғардық. Оқу-жаттығу жиынында қанша дайындалсақ та, өз деңгейімізді көрсету мүмкін болмады. Көрші облыстардан, Ресейден келген әріптестерімізді шақыртып, олармен бірге белдестік. Сәттілік жетіспеді деп ойлаймын. Кейбір балуандарымыз өткен жылы халықаралық турнирлерге қатыса алмады. Жарақат алғандар да болды. Бұл да жеңілуіміздің бір себебі.

– Биыл ел біріншілігінде топ жарған Николай Хапко жайлы не айтасыз?

– Николай Хапко – болашағынан зор үміт күттіретін спортшы. 73 килограмм салмақта жерлесіміздің мерейі үстем болды. Ол шешу­ші айқаста Алматы облысының өкілі Ерасыл Нұрбосыновты қапы қал­дырды. Белдесуге дейінгі барлық айтқан кеңесімізді пайдаланып, боз кілемде жүктелген тапсырмаларды мүлтіксіз орындады. Оның салмағында бірнеше танымал спортшы белдесті. Десе де, Николай барын салып, алтын жүлдені жеңіп алды.

Бұл олимпиадалық салмақта өскемендік Елдос Камелев пен шымкенттік Әділхан Сатаев қола жүлдені еншіледі. Бұған дейін Николай олармен басқа турнирлерде кездескен болатын. Сол кездері ол есе жіберіп жүрді. Биыл намысты қолдан бермеді. Жерлесіміз ұлттық құрама сапына алынды. Олимпиада жолдамасы сарапқа салынатын додаларда өнер көрсетеді. Өңірден грек-рим күресінде төрт жылда бір рет өтетін сайысқа қатысу үшін барын салатынына сенемін. Бүгіндері грек-рим күресімен түрлі жастағы 500-ге жуық спортшы айналысуда. Петропавлдан бөлек, аудан орталықтарында да болашақтарынан көп үміт күттіретін балуандар аз емес. Олардың арасында өткен жылғы жасөсіпірімдер арасында алтын жүлдеге ие болғандар да бар.

Спорт болған соң, жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Кезінде Данияр Кәленов пен Аманғали Бекболатовтардың сарықұрлықтың додаларында топ жаратындарына ешкім сенген жоқ. Биыл олар үмітті ақтамаса да, алдағы уақытта міндетті түрде тұғырға көтеріледі деп ойлаймын. Қазақстанда балуандар арасында бәсеке жоғары. Сол себепті әр жарысқа қалмай қатысу маңызды. Сонда ғана нәтиже болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp