«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Махаббат бәрін жеңеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында Түркия мемле­кеті­нің Ыстамбұл қаласынан кел­ген режиссер Құбылай Ерделі­караның “Сараң” комедиялық спектаклі сахналанды. Режис­сердің айтуынша, спектакль жұртшылыққа қызықты болуы үшін бір жарым сағаттық қойы­лымның 30 минуты биге ар­налған.

Қолындағы байлығын қара басынан қызғанатын Гарпа­гон­ның Элиза есімді қызы, Клеант деген ұлы бар. Гарпа­гонның сарайына қызметке орналас­қан Валердің арманы – Элиза­ны өзіне жар ету. Бұған қыз да қарсы емес. Сұлу аруға аң­сары ауған жігіттің Гарпагонға ұна­майтын бір кемшілігі – ол тақыр кедей. Қалтасында со­қыр тиын жоқ Валер Элизаға қол жеткізу үшін барын сала­ды. Гарпагон­ның көңілінен шы­ғу үшін оның жа­ғым­сыз қылық­тарына көз жұма қарап, ырқы­на көнеді. Элиза­ның бауыры Клеантқа да осы мәселе маза бермейді. Режис­сер кедей қы­зға ғашық бол­ған Клеант пен көк тиыны жоқ жігітті сүйген Эли­заның шара­сыз­дығын, ақ­шадан бас­қаны еле­мейтін, өз байлығын жасы­ру үшін көлең­кесіне күдік­тене­тін сараң бай­дың ерсі қы­лықта­ры мен аш­көз­дігін әзіл арқылы жеткізіп, көрерменге ой таста­ды. Ой­лан­дыра отыра сараң­дық­ты махаббат жеңеті­ні­не сен­дірді.

Спектакль соңында риза­шы­лы­ғын білдірген жұрт то­лас­сыз шапалақ ұрып, құрмет­терін білдірді. Театр директо­ры Бір­жан Жалғасбаев қоюшы режис­сор Құбылай Ерделікара мен Қ.Жандарбеков атын­да­ғы Же­тісай драма теат­ры­ның бас су­ретшісі, М.Әуе­зов атын­дағы Оң­түстік Қазақ­стан университе­тінің доценті Ба­хыт Сраиловты Алғыс хат­пен мара­паттады. Сонымен қатар ұжым­ға облыс әкімінің атынан гүл шоғы тарту етілді.

Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp