Драматург, дарынды ақын, жерлесіміз Ерік Асқаровтың туғанына 65 жыл толуына орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Аққан жұлдыздай Ерік ел есінде” атты әдеби-сазды кеш өтті. Жиналған қауым алдымен “Поэзияда өшпес із қалдырған” атты көрмені тамашалады.
Іс-шараны жүргізген жазушы-журналист Жақсыбай Самрат ақынның жарқын бейнесін еске алып, тебірене сөз сөйледі. Қаламгердің туыстары Зейнолла Олжабайұлы, Мұрат Нұрышев ақынның ағайын арасындағы орнын айтса, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанбай Қадыров “Ерік Асқаров шығармашылығының әдебиет тарихындағы орны” тақырыбында баяндама жасап, ақын мұрасының өшпейтінін жеткізді. Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншісі, Мәдениет саласының үздігі Біржан Есжан ақынның сөзіне жазылған “Соңғы сөз”, “Келтесорда, ауылда…” әндерін орындады. Сафуан Шәймерденов атындағы классикалық гимназия оқушыларының ақынға арнаған өлеңдері кештің шырайын кіргізе түсті.
– Елдің Ерігіне айналған ақын бала кезінде ұқыпты, алғыр, шешен әрі тентектеу болған-ды. Шалқар шабыт иесі аз ғұмырында артына мол мұра қалдырып үлгерді. Туған жер тақырыбын өндірте жырлады, – деді Е.Асқаровтың әпкесі Алма Мұхаммед-Хафизқызы.
Игілікті іс-шара Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған “Елік – ғұмыр” еске алу кешімен жалғасты. Кеш барысында М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері Динара Әбжалова “Ақтаңгер айтыскер Ерік Асқаров”, Аяжан Жайымбаева “Толқыннан толқын туар”, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің 10-сынып оқушысы Нұрай Өзтемірова “Ерік Асқаровтың өлеңдеріндегі тіл шеберлігі” атты ғылыми зерттеу жұмыстарын оқып берді.
Университет студенті Алуа Кеңесбай мен мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін нақышына келтіре оқыса, көзін көрген Арыстан Әкімжанов естеліктерімен бөлісті. “Асыл мұра” орталығының қызметкері Дәстен Баймұқанов музей қорында сақтаулы тұрған ақынның ғұмырдариясына қатысты жәдігерлермен таныстырды. Бұл кешке ақынның ұлы Бекзат Асқаровтың Астанадан арнайы келгенін айта кеткен жөн. Ол әкеге деген сағынышын өлең жолдары арқылы жеткізді.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.