Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов өтініш-тілектерін айта келген бір топ азаматты қабылдады.
Петропавл қаласының тұрғыны Орынбай Смағұлов облыс орталығында жол және құрылыс инфрақұрылымын талапқа сай дамыту жайын көтерді. Оның ойынша, иесіз қалған баспаналар, жол белгілері мен бағдаршамдар жедел реттеуді қажет етеді.
Ғауез Торсанұлы қала әкімі мен тиісті құрылым басшыларына өтініш иесінің ұсыныстарын зерделеп, нақты шешім ұсынуды тапсырды.
Облыс әкімінің қабылдауына жазылған Қажымұрат Әлжановтың Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеген жерлестеріміздің ерлік істерін насихаттау үшін мектептерде әскери-патриоттық орталықтар ашу жөніндегі ұсынысына мұндай бірлестіктер жұмыс істейді деген жауап берілді.
Асылбек Айкенов “Қызылжар” еркін экономикалық аймағы аумағында салынып жатқан протеин зауыты құрылысын қаржыландырса деген ойын жеткізді. Оған озық жобаларды қаржыландыру, жеңілдікті несие беру механизмі түсіндірілді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.