– Шәкірт тәрбиелеу, соның ішінде болашақ журналистерді оқыту – ешқандай атақ пен ақшаға айырбастамайтын аяулы еңбек. Ғұмырымды осы шаруаға арнағаным үшін бақыттымын. Біздің кезімізде мектепте қабырға газеті деген болатын. Сегізінші сыныптан бастап үш жыл қабырға газетінің редакторы болдым. Әрине, мұғалімдердің көмегімен. Мектеп бітіргеннен кейін бір жыл колхозда трактор жүргіздім, келесі жылы он жеті жасымда аудандық газетке жұмысқа орналастым. Содан бергі өмірім баспасөзбен байланысты. Оның ішінде мен баспасөз тарихшысымын. Университет бітіргеннен кейін қазақ журналистикасының тарихы бойынша аспирантура тамамдадым, орыс журналистикасының тарихынан мақалалар жаздым. Тарихқа ден қоюым осыдан басталады. Жалпы, хат танитын, өзін мәдениетті адам санайтын әрбір жан тарихшы болуға тиіс.
Қаз дауысты Қазыбектің “Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз…” деп басталатын әйгілі толғауынан бастап, ұлы бидің өмірі туралы аңыз-әпсаналарды тыңдап өстік. Сонда, бабамыздың атымен қоса, Абылай ханның есімі аталып отыратын. Аңызға айналған Абылайдың шын мәніндегі бейнесі кімді болса да қызықтырмай қоймайды. Осылайша, абылайтануға жасымнан-ақ үйір болдым деп айтуға толық хақым бар ғой деймін. Ал журналистика – ол менің тағдырым, тұтас ғұмырым. Ол уақытта Қазақстан бойынша журналистика факультеті тек Алматы қаласында ғана болды. Оның өзінде жылына қазақ, орыс тобына 25-тен 50 студент қана қабылданатын. Қазақстанның әр өңірінен жиналған кілең “сен тұр, мен атайын!” дейтін талантты жастар арасындағы бәсеке деуге де болады. Бүгінгідей емес, ол кезеңдерде журналистердің сөзі өтімді болып, билік тілшілердің әр жазғанына мән беріп, мәселелерді дер кезінде шешуге талпынып отыратын. Мойнымызға жүктелген жауапкершілікті бір кісідей-ақ сезінетінбіз. Сондықтан болар “журналист – халықтың тамыршысы” деген ұстаным санамда ерте кезден қалыптасты.
Біздің кезімізде кез келген адам жоғары оқу орнында журналистика бөлімін аша алмайтын. Ол үшін тәжірибесі мол, ұзақ уақыт бойғы жұмыс өтілі бар, жоғары деңгейдегі маман иесі болуың шарт. Журналистика бөлімін алғашқылардың бірі болып әуелде Қарағанды облысында аштым. Қызылжарда қазақ журналистикасы бөлімі ашылғанға дейін орыс журналистикасы болды, өйткені қазақ журналистерінің саны тым аз еді.
– Қайраткерлігі, шығармашылығы керемет қуатты Мағжан Жұмабаев секілді кесек тұлғаға қатысты құнды мағлұматтарды, тың дүниелерді тауып, кітап етіп шығардыңыз. “Мағжан – әлі толық зерттелмеген тұңғиық мұхит” деген сөзді жиі қайталауыңыздың себебін түсіндіре кетсеңіз?
– Менің бір аңғарғаным, Мағжан 1912 жылы жарық көрген “Шолпан” атты алғашқы өлеңдер жинағынан бастап орыс патшасына да, кеңес өкіметіне де жақпаған. Татарстан мемлекеттік мұрағатының 420-қорында сол кездегі Қазандағы баспаханалардан қазақ және татар тілдерінде басылып шыққан кітаптарға байланысты цензура құжаттары жеке сақтаулы. Қазан университетінің профессоры, тегі хакас, қазақшаға жүйрік, шығыстанушы Николай Катанов бастаған аудармашы топ қазақ тілінде шыққан әрбір кітапты шұқшия тексеріп, орыс мемлекетінің отаршылдық саясатына қарсы-ау деген пікірлер іздеген. Өздері тапқан “қылмысты” деректерді Петерборға, ішкі істер министрлігіне жолдап отырған. Мағжанның “Шолпанынан” “күдікті-ау” деген өлең жолдары мен шумақтарды жолма-жол орысшаға аударып, кейбір сөздердің астарлы мағынасын ашып көрсеткен. Мысалы, Мағжанның “Жатыр…” деген өлеңінен: “Кең жері күннен-күнге құрып жатыр, Сұр жылан қанын-сөлін сорып жатыр…” деген екі жолды “Широкая земля (казаха) что ни день, гибнет, А черная змея всю кровь его (казаха) сосет”, – деп тәржімалаған. Шын мәнінде “Жер кетті, жаның кетті, қам жемедің, Құл болдың қара табан енді малсыз. Қарағым, арыстаным, қайратты ерім, Тұрдың ба қару қылмай, құр амалсыз? – деп шырқыраған бозбала ақынның жан дауысы қалың қазақты оятып, тарихтан өзіне лайық орын іздеуге бастағандық еді. “Шолпанның” таралуына тыйым салынып, автордың соңына әкімшілік бақылау қойылған. Кейін кеңес дәуірінде мұның бәрі қара күйе болып жағылды.
– Сізді Қызылжар жұртшылығы абыройлы ақсақал ретінде ерекше құрметтейді. Әдебиет пен өнерде жүрген жандардың көбі сізге ұқсасын деген ниетпен сәбилерінің есімдерін өзіңізге қойдыртып, тұсауын сізге кестіртіп жатады. Осындай думанды шаралардан сіз де қалыс қалмауға тырысасыз. Бірақ кейде шаршайтын боларсыз?
– Еткен еңбегің мен төккен теріңді халқың көріп, бағасын беріп жатса, істеген шаруаңның, жалпы ғұмырыңның заяға кетпегені. Бұл, керісінше, маған шабыт сыйлап, жігерімді жанитын қайрақ болмақ. “Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?” деген сөз бар халық даналығында, елеп-ескеріп, ұрпағына үлгі еткен жұртыма рақметтен басқа айтарым жоқ. Ендігі қалған ғұмырды халық көрсеткен сый-құрметтің ортасында өткізгім келеді.
– Сізден тәлім алған шәкірттеріңіз бүгінде Қазақстанның әр өңірінде табысты еңбек етіп жүр. Бұл сіз үшін мақтаныш па, әлде жетістік пе?
– Әрине, жетістік. Олардың қанаттарының қатайып, тұғырларынан түлеп ұшуларының өзі қаншама еңбек. Кейбір шәкірттеріммен күні бүгінге дейін хат-хабар алмасып, ғылым жолындағы тура жолды көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырамын. Ұстаз бен шәкірт арасындағы шынайы қарым-қатынас 11 жылдық мектеп өмірі немесе университет қабырғасындағы 4 жылдық оқу аясымен шектеліп қалмау керек. Ұстаздық – ұлағатты жол, ол шәкірттеріне өз баласындай қамқор бола білуі, шынайы жанашырлық танытуы, ауырса өз жаны ауырып тұрғандай өкінуі, жетістікке жетсе өзі еңбегі жанғандай қуана білуі шарт.
– Бүгінде көгілдір экранды әншілер мен шоумендер жаулап алды. Түрлі бағыттағы бағдарламалардың, ток-шоулардың тізгінін ұстағандардың дені солар. Осының кесірінен болса керек, хабарлардың мағынасы таяз, айтар ойы, жас ұрпаққа берер пайдасы аз. Жоғары білімді, халық пен биліктің алтын көпіріне айналған журналистерге қайтпек керек?
– Бұл мәселе менің де жаныма батады. “Тауық сойса да, қасапшы сойсын” деген сөз бар. Әр саланың өз маманы бар, олар сол саланың қыр-сырын толық меңгерген кәсіп иелері болғандықтан, атқарған жұмысынан көрнекті нәтиже шығады. Екіншіден, журналистика расымен беделінен айырылды. Оған журналистердің өздері кінәлі. Қазіргі жас мамандардың біразы самарқау, жалқау, көп ізденбейді. Алған ақпараттарын толық тексермейді, жазған мақаласының қай бағытта, кім үшін, мақсаты қандай екеніне ден қоймайды, оңды-солды жаза салатын болған. Бұл жайында 2 ақпан – ұлттық басылым күніне орай “Астана ақшамы” газетіне жарияланған мақаламда ашып жаздым. Коммунистердің көсемі Карл Маркс жеткізген “Журналист – мемлекеттік санаттағы қызметкер” деген анықтама болған. “Журналистер – компартияның жауынгер-көмекшілері” дегенге мәз болатынбыз. Газетте жазылған, теледидардан көрсетіп, радиодан бүгін айтылған сөз ертеңінде мемлекет деңгейінде назарға ілігіп, жауапты адамдар қозғалып жатушы еді. Қазақстанның дәл қазіргі жағдайында баспасөздің пәрмені өте қажет. Ол алдымен айтылған сөздің далаға кетіп жатпағанына халықты тәрбиелеу үшін керек. Қабылданған заңдар Президенттен бастап Премьер-министрдің, министрлердің, әкімдердің айтқан сөзі, берген нұсқауы орындалмаса, не қайыр, не үміт? БАҚ, оның журналистері де сол ыңғаймен, самарқау, салғырт. Өйткені олардың халық атынан жазғаны, сынағаны ешкімге қажеті жоқ, еріккеннің ермегі сияқты. Газет оқырмандары, телевизия көрермендері, радио тыңдармандары хат жазбайды. Себебі олардың пікірі ешкімге керек емес. Жоғары оқу орындарында журналистер қалай дайындалып жатқанын Ақпарат министрі біле ме екен, білмесе – назар аударып, көргендері дұрыс. Қажет болса, көмектессін. Дайындалатын кадрлардың иесі – сол министрлік. БАҚ-тардың құралдары, материалдық жағдайы қалай? Облыстық, аудандық БАҚ-тардың хал-күйі соңғы 25 жылда бір рет қаралған жоқ. Әкімдер қалай басқарады аудандық, облыстық газеттерді, телевизияны, радионы? Жергілікті журналистердің жағдайы қалай? Еліміздің бүгіні де, келешегі де бұқаралық ақпарат құралдарының қандай екеніне байланысты. Парламент заң қабылдап жатқанын да білеміз. Өмір өтіп жатыр, мынау – сол өмірдің күнделікті көрінісі.
– Қасиетті Қызылжар өңірінен тарихшылар мен өлкетанушылар аз шықпаған. Солардың бірі – өзіңіз. “Теріскейде бұл сала кенжелеп қалған жоқ па?” деген сауалға өлкетанушы ретінде қалай жауап берер едіңіз?
– Бұл өлкеде қазақтардан өлкетанушы аз, көбі өзге этнос өкілдері. Олар өз мақалаларында орыстың жері, орыстың аққайыңы, орыстың көлі деп жазады. Бұл ретте біз оларға кінә таға алмаймыз, өйткені бұл – олардың да туып-өскен Отаны. Саналы әрбір адам өзінің туып өскен ортасын бес саусақтай білуі керек еді, өкінерлігі “Есіл” өзенінің атауы не себепті олай аталатынын білмейтіндер көп. Енді оларға қалай өз өлкеңді таны деп айта аласың? Сондықтан адам саналы ғұмыр кешемін, өз елім мен жерімді қасық қаным қалғанша сақтап қаламын десе ерінбей оқулары керек.
– Абай өз шығармаларында адам болудың талап-тілектерін атап, өзінің гуманистік танымы тұрғысынан өскелең ұрпақтың адамшылық негіздері, бойға ұялатар қасиеттері қандай болмақ деген ойға ерекше көңіл бөледі. Ақын шығармаларында өзекті желідей созылып, ғұмыр бойы танытуға ұмтылған, өмір бойы шарқ ұрып іздегені – толық адам. Абайдағы толық адам – рухани жетілген, кемеліне келген адам. Сіздің түсінігіңізде толық адам деген кім?
– Адам болмақ оңай іс емес. Кісі ақысын жемей, жан баласына тырнағыңды батырмай, ғайбат айтпай, тек өз мақсатыңа жету жолында аянбай еңбектене білу – адамдықтың басты қағидаты болмақ. Толық адам болмақ үшін бойдағы нәпсіні жеңіп, адал болуды үйрену керек. Ең басты қағида – осы.
– Ата дініміз бен шынайы ғылым турасында не айтар едіңіз? Дін мен ғылым бір нүктеде тоғыса ала ма?
– Бұл өте ауқымды тақырып. Дінге барма, ғылымнан кенже қал демеймін, өз ұлтыңның салт-санасын берік ұстану маңызды. Алланың бар екенін мойындап, білімнің шексіз күшінен пайдалану керек. Алланы тану үшін, құлшылық жасау үшін араб болу шарт емес. Қоршаған ортаның климат ерекшелігіне қарай киініп, адал асыңды ішіп, ата-анаңды ардақтап, айналаңдағы адамдармен татымды қарым-қатынас орната білу де құдай жолындағы құлшылық болмақ. Ол үшін Абайды оқу керек. Абайды түсінбесең оның еңбектерін танып, талқылап жүрген ғалымдардың еңбек жолын оқу керек. Өмірде қандай салада жұмыс атқарсаң да оқымасаң көк тиындық құның болмайды.
– Зарқын Тайшыбай – журналист, тарихшы, өлкетанушы әрі ұстаз. Сізге қайсысы жақын?
– Әрине журналист! Тілші – халықтың айнасы. Үкімет пен бұқара арасын жалғайтын көпір іспеттес. Ал нағыз журналист болу үшін “сегіз қырлы, бір сырлы” болып, жан-жақты жетілуің, басқаларға қарағанда екі есе артық білуің, әрдайым алда жүруің керек. Сонда ғана журналиспін деп айта аласың.
– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!
Әңгімелескен
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.