Қызылжар өңірі өнерімен елді тамсантып, көрерменді аузына қаратқан өнерпаздардан кенде емес. Түрлі додаларда топтан озып, бәйге алып жүрген дарынды жастар да бар. Солардың бірі – Махамбетәлі Әбілда. Талапты жас бірнеше жылдың ішінде “X Factor”, “Qazaqstan дауысы” сынды мега жобаларда бақ сынап, көзге түсті. Өнерге деген көзқарасы жаңашыл, ойы еркін, болмысы бөлек әншімен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Махамбетәлі Амантайұлы, сіздің өнер әлемінің алғашқы баспалдағын актер болып аттағаныңыз белгілі. Бүгінде “X Factor”, “Qazaqstan дауысы” мегажобаларында ерекше көзге түскен әнші ретінде танымалсыз. Актер болып жүріп әншілікке қалай келдіңіз? Әлде бұл әу бастағы арманыңыз ба?
– Жалпы менің өнерге келу тарихымның өзі ерекше. 8-сыныпқа дейін өзімді болашақ архитектор ретінде елестетіп келдім. Ол кезде көзімдегі кінаратты байқамайтынмын. Кейін көзімнің көруі нашарлай бастағасын бұл арманыммен қош айтыстым. Бала кезімде өзімнің өзгелерге пародия жасай алатын қасиетімді байқайтын едім. Тоғызыншы сыныпты аяқтағаннан кейін қайда баратынымды сұрағанда Т.Жүргенов атындағы оқу орнын айттым. Ол кезде бұл оқу орны туралы мардымды ештеңе білмеймін. Әйтеуір құдай аузыма салған шығар, Т.Жүргенов атындағы колледжге актер мамандығы бойынша қабылдандым. Колледжде жүрген жылдары көзімнің кінараты аса қатты кедергі келтірмейтін. Кейін академияға түскеннен кейін көппен бірге сабақ оқуым қиындады. Сондағы бір жанашыр ұстазымның ақылымен ән айтуды үйрене бастадым. Басқалар он жыл жүріп үйренетін өнерді бір жарым жылда меңгеріп шықтым. Бұл менің тәуелсіз, еркін өмір сүруім үшін қажет болды. Басқа нәрсе қолымнан келмесе де, әншілігімнің арқасында ешкімге жалтақтамай, еңсемді тік көтеріп жүре алатыным анық еді. Бірақ ол кезде осындай ірі жобаларға қатысып, көпке таныламын деп ойлаған жоқпын. Таңдауымның дұрыстығына “Qazaqstan дауысынан” кейін түбегейлі көзім жетті.
– Сізді “Qazaqstan дауысы” байқауына кездейсоқ бара қалды дегенге ел сенбейді. Бұл жоба шығармашылығыңызға қалай әсер етті?
– “Qazaqstan дауысы” – брендтік жоба. Мұндай жерде екінің бірі өнер көрсете алмайды. Деңгей де, талап та жоғары. Жеке өзіме бұл байқау жаңа қарым-қатынас, жаңа орта берді. Қазір менің елдегі “менмін” деген өнер майталмандарымен жақын байланысым бар.
Бұл жобадағы атмосфера тіптен бөлек. Сахнаның осындай деңгейін көрген кез келген өнерпаз өз-өзін жоғалтып алуы мүмкін. Күн сайын Төлеген Мұхамеджанов, Жұбаныш Жексенұлы сияқты әншілерді көріп, бірге жұмыс істеп, жұлдызды атмосфераны сезіндік. Экранның ар жағынан байқала бермеуі мүмкін, бірақ елімізге белгілі өнер қайраткерлері баға беріп, барша Қазақстан көрермен болып, төбедегі 78 жарық өзіңе бағытталғанда денең өртеніп кете жаздайды. Осының бәрін көтеріп, жоғары деңгейге лайық болып тұрмасаң, жобадан кетуің әп сәтте.
Бір өкініштісі – ол жердегі қатысушыларды көріп көңілге кірбің түсті. Жобаға келгендердің барлығы біркелкі жастар. Бәрі тәртіпті, сыптай киінген, “сәлеметсіз бе” деп сызылып тұрады. Бірдей әншілер тыңдарманның да ішін пыстырады. Сонда жүрген кезімде “Біздің өнерге “есуастар” керек”, – деп айтқаным бар. Шектеуден шығып, шекараны бұза алатындар өнер жасайды. Мысалы, шетелдік шоуларды қарап отырсақ түрлі темпераменттегі адамдар келеді. Ал біздегінің көбі бір бірінің көшірмесі сияқты. Бойынан ерекшелік байқалмайды. “Еркін болайық, адам зеріктірерлік мінезден арылайық”, – деп қатысушылардың өздеріне де айттым. Шоуға келген адам шоу жасай алуы керек.
– Ән байқауында жартылай финалға дейін жетуіңіз жанкүйерлеріңіз үшін үлкен жаңалық болды. Ал өзіңіз іштей қай кезеңге дейін сүрінбей жетем деп шамаладыңыз?
– Мен алғашқы іріктеуде-ақ өзімнің жартылай финалға жететінімді білдім. Одан әрі өте алмайтыным белгілі еді.
– Сонда мұндай жобалардың көпке айтыла бермейтін өз ережелері бар ма?
– Финалист болуға менің ампулам сай келмейді. Ақтық сынға өткен қатысушылар “тәртіпті”, тура жолдағы, бір ізбен жүретін адамдар болуы керек. Бұл – елдің ойында қалыптасқан қатаң бейне. Фильмдерде бас кейіпкер, жағымсыз кейіпкер, бас кейіпкердің серігі деген рөлдер болады ғой. Сол сияқты мұндай жобаларда да жеңетін қатысушы, жеңуге шақ қалған қатысушы және өз рахаты үшін өнер көрсететін қатысушы рөлдері болады. Мен осының ішінен үшінші рөлді ойнадым десем болады. Әйтеуір өзің үшін белгіленген межеге жеткенше жүре бересің.
– Сіздің сахнада ән айтып тұрғаныңыз ерке, еркін адамның бейнесін көз алдымызға елестетеді. Бұл сахналық образ ба әлде өмірде де мінезіңіз асау ма?
– Мен өмірде де өте еркемін. Ойымдағыны жасырмай айтып, дұрыс дегенімді істеп үйренгенмін. Бұған менің өскен ортам қатты әсер етсе керек. Балалық шағым батыстағы Құлсары қаласында өтті. Ол жерде басбұзарлар көп, оқыс оқиғалар жиі болып тұратыны көпке мәлім. Өскен жерімнің табиғатында бір бұта жоқ, тек шақырайған күн, азынаған жел, алысқа созылған құм еді. Соған сай адамдары да мәймөңкелеуді білмейтін шартпа-шұрт мінезді болатын. Туған-туыстарымның да ортасы шулы. Әрі ата-анам ажырасқанға дейін өте ауқатты тұрдық. Мен күнделікті қажеттіліктерге, қаржылық мәселелерге мүлде бас ауыртпаппын. Тіпті сегізінші сыныпқа дейін жеке жүргізушімен жүрдім. Ойымда ешқандай шектеу болған емес. Сол кездегі кей қылықтарымды бүгін таңдана еске аламын. Жаңағы айтқандай мінезді адамдардың ортасы, еркін өмір менің қазіргі ерке, асау мінезімнің қалыптасуына әсер етсе керек. Сахнада да солай көрінемін. Алайда орынсыз жерде мінез көрсетіп, шектен шығып кететін есерлердің қатарынан емеспін.
Өкініштісі бұл мінезімді дұрыс түсінбей, сыртымнан сөз жүгірткен тыңдармандар да болды. Біз “мен осындаймын, мені осылай қабылдаңыздар” дейтін күнге әлі жеткен жоқпыз. Маржан Арапбаева, Жұбаныш Жексенұлылар менің ерекшелігімді түсінді. Ал елдің көбі мұны қабылдай алмады.
– Сіздің осы табиғатыңызға әннің қай жанры жақын?
– Өзіме ең ұнайтыны – джаз. Джаз көптеген мәдениеттер мен аймақтардың музыка элементтерін біріктірген. Ол өз бастауын мұхиттың арғы жағындағы афроамерикандықтардың халық әндерінен алады. Мұнда бәрі еркін. Белгілі бір ырғаққа бағыну деген жоқ. Маған джаз жүздеген жылдар бойы қорлықта, езгіде болып, құлдық қамтитын киген қара нәсілділердің әлемге айтқан жан айқайы сияқты көрінеді. Бұл – халықтардың жылдар бойы жиналған қайғы-қасіреті осы жанр арқылы сыртқа шықты. Еркіндікке ұмтылған қауым өнердің еркін жанрын тудырды. Қарап отырсақ біздің тарихымыздың да афроамерикандықтармен ұқсас жерлері көп. Қазақ та өзгеге бодан болып, тамырынан ажырап, соғысты, қуғынды, аштықты көрді. Әлем жұрты біздің де дауысымызды естуі керек қой. Осындай тарихы бар ел жаһандық мәдениетке қандай жаңалық әкеле алады? Мүмкін мұның бәрі халық әндерінде жатқан шығар. Әзірге қазақ әндерімен нықтап айналыса алып жүрген жоқпын. Болашақта қазақ әніне тән ерекше стильді тауып, оны жер жүзіне танытсам деген арманым бар. “Біз әлем музыкасының базарына қай туындымызды апара аламыз?” – деген сұрақ мазалайды. Осы сауалымды өнердегі аға-әпкелеріме де қойдым. Мардымды жауап берген ешкім болмады.
Өзгелердей емес, мен кішкентайымнан ағылшынша джаз, реп тыңдап өстім. Рэй Чарльз, Стиви Уандер, Джордж Бенсон, Грегори Портер… бұл тізімді жалғастыра беруге болады.
– “Qazaqstan дауысынан” кейін сіздің өнеріңізге қызығушылық білдіріп, түрлі ұсыныс айтқан шоу-бизнес өкілдері болған шығар.
– Концерттерге, түсірілімдерге түсетін шақыртулардан бөлек, бірге жұмыс істеуге ниет білдірген адамдар да болды. Жобадан кейін маған Димаш Құдайбергеннің аранжировка маманы Ерлан Бекчурин ұсыныс айтты. Одан бас тарттым. Астанада небір ұсыныстар түсті. Жобада жетекшілік еткен Маржан Арапбаева да бірге жұмыс істеуге ниетті екенін айтты. Өз ақшасын салып, маған продюсерлік еткісі келетіндермен де кездестім. Осының ешбіріне де келісімімді берген жоқпын. Өйткені бүгінде алматылық продюсермен жұмыс істеп жатырмын. Өзім сияқты еркін, шектеуі жоқ адамдармен тізе қосқым келеді. Қазіргі продюсерім сондай маман.
– Сіздің мұндай табысқа жетуіңізге анаңыздың көп еңбек сіңіргенін білеміз. Қай кезде де сізді қолдап, жанашыр болып қасыңызда жүргеніне ел куә.
– Анам алғашында өнер жолын қуып, актриса болғысы келген. Алайда бұрын өнер адамдарына деген көзқарастың қандай болғаны белгілі ғой. Әртістер зиянды өмір салтын ұстанатын, тұрақсыз, қаңғыбас, жеңілтек саналды. Анамның ақындығы да бар. Оның талғамына үнемі таңғаламын. Мен үшін ағам да, әкем де, досым да, сырласым да, ұстазым да, сыншым да – анам.
Анамның маған үйреткені көп. Үнемі ештеңеге алаңдамай жұмыс істеу керектігі жайлы айтады. Адам не болса да алаңсыз жұмыс істеуі керек. Тіпті оның нәтижесін күтіп, әлденеден үміттенудің де қажеті жоқ. Жұмыс адамның көңілін жайландыруға тиіс. Өзіңді өзің алдауға болмайды. Біздің жұмысымыз ертеңгі беделімізді, ел алдындаға бет-бейнемізді қалыптастырады. Анамның маған айтқан алтын ақылы – осы. Ол кісі маған намысты болуды үйретті.
– Бүгінде бір күндік арзан атақ үшін теріс әрекеттерге барып, ақсүйек өнердің құнын түсіретін арзанқол өнерпаздар көп. Ондайлардың арасында өз қатарластарыңыз да бар. Бұл үрдістің түпкі себебі неде деп ойлайсыз?
– Өнерге келген әр адамның алдында бірнеше жол тұрады. Ақша үшін тойдың әншісі болуға, эстрадаға шығуға немесе опера жанрында ән шырқауға болады. Қай жолға түсетіні әншінің өз таңдауына байланысты. Көбінің әрекеті “атың шықпаса, жер өртенің” кері. Қазір қазақ өнерінде ғана емес тұтас әлемде арзанқолдыққа қызығу, азғындыққа мойынұсыну бар. Бүгінде ештеңеге таңданбайтын күйге жеттік. Қазір бір есердің айта салған сандырағы ертең қоғамда қалыпты құбылыс ретінде қабылдануы мүмкін. Жұрт ойға салмақ түсірмейтін, тарс-тарс еткен түсінікті ырғаққа құрылған жеңіл туындыларды тыңдауға бейім. Осы күні ешкім баяғыдай 7 минуттық ән жазбайды. Кірпіш құйған сияқты көркемдігі төмен әндерді бірінен кейін бірін ойланбай жазып шығара береді. Ондайлар тыңдарманның талғамын да түсіріп жібереді. Ортаңқол әншілерге үйренген көрермен нағыз талант шыққанда қабылдамауы мүмкін. Кейін ол талант та нан табу үшін жеңіл әндер жаза бастайды. Меніңше, бізге соның бәрін реттеп отыратын сүзгі керек сияқты. Ол сүзгінің қызметін мемлекет немесе жеке компания атқарса болады. Мысалы, күніне 100 ән шықса соның бәрі сүзгіден өтіп барып ғана жарыққа шығады. Алайда қазір әлеуметтік желілер бар ғой. Бұл желілер көп нәрсені өзгертіп жіберді.
– Сіз айтып отырған сол “сүзгі” әр көрерменнің жүрегінде болуы керек қой. Егер елдің талғамы жоғары болса, саф өнер өзі-ақ төрге озар еді. Неге тыңдарманның арзан әнге деген сұранысы жоғары?
– Мен елдің талғамы төмен деп ешқашан айтпас едім. Халықтың деңгейі әрдайым жоғары. “Жұрт түсінбейді, көрермен қабылдамайды” дегенді көп әртістерден естимін. Өзі туған өнерпаздың өнерін түсінуге халықтың өресі қашан да жетеді. Тыңдарман нені болсын қабылдап, тереңіне бойлай алады. Мәселе – басқада. Біздің өнер әлемдік көштен кейін қалып келе жатыр. Басқа халықтарда театр, кино т.б. өнер әлдеқашан қалыптасып, өркендеп кетті. Біздің солардан әр салада қанша жылға қалып келе жатқанымызды жылына дейін есептеп беруге болады. Әнде де сол сияқты. Басқалар үшін өткен ғасырда қалыпты болып кеткен нәрсені жаңалық ретінде енгізіп жатырмыз. Кей ағымдар мен стильдер әлі жеткен де жоқ. Джаз, рок дегеніміз жоқтың қасы. Батыс жұрты бірнеше мәдени революцияны бастан өткерді. Бізде қандай мәдени бетбұрыс болды? Осы күні бәріміз дүрлігіп қабылдайтын жаңалықтар өркениетті елдерде күнде болып жатады. Тарихқа қарап ой қорытып, түйін шығаратын күнге 30 жылда жете қойған жоқпыз. Басқалар әлдеқашан өзінің өткенін ақтарып, этноөнерін заманауи тұрғыда әлемге танытып қойды. Біздің музыкадағы жылымық лебі енді сезіліп жатыр. Димаш Құдайбергеннің әлемдік сахнаға шыққанына бірнеше жылдың жүзі болды. Домбырамыздың қадіріне жаңа жетіп, көпке көрсетіп жатырмыз. Бұл ретте уақыт деген фактор бар. Бәрі өз уақытымен келеді. Егер талантты халқы түсінбей жатса ол көрерменнің деңгейінің төмендігінде емес, өнерпаздың өз уақытынан алға озып кеткенінде. Қазіргі қарқынмен енді елу жылда өз алдымыздағы елдердің деңгейіне де жетерміз. ХХІ ғасыр қазақ әні әлемдік мәдениеттен лайықты орнын алатын кезең болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.