«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Оқырман олжасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кітапхана – бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, өнерін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отыра­тын мәдени орталық, ақыл-ойдың кені іспеттес. Кітапхана­шы­лардың міндеті – әдеби шығармаларды насихаттай оты­рып, өскелең ұрпаққа тәрбие беру. Жыл басынан бері аудандық орталық кітапхана мемлекеттік тапсырыспен келген жаңа кітаптармен бірнеше рет толықтырылды. Солардың бірі – белгілі композитор, мәдениет зерттеушісі Илья Жақановтың “Інжу – маржан” кітабы өте қы­зықты оқылады. Онда қазақ ән­дері жайлы көзінің майын тауы­сып жинаған материалдар топ­тастырылған. Моңғол, Қытай жерлерінде, Алтай, Тарбағатай аймақтарында орындалған қазақ әндерінің және “Елім-ай!”, “Алаш маршы”, “Абылай маршы”, “Әу­піл­дек”, “Ақ баян”, “Ағажан-Лә­типа” сынды әндердің шығу та­ри­хы, орындалу ерекшеліктері тартымды баяндалады. Еңбек өнертанушылар мен мәдениет­танушыларға, барша оқырман қауымға арналған.

Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Есенғали Раушановтың “Жаздың жұпар жаңбыры” кі­та­бына ақынның әр жылдардағы бел­гілі тұлғалар туралы жазған естелік-эсселері мен сұхбаттары топтастырылған. Ғалымбек Жұ­ма­товтың “Көңілдің толқын кез­дері” кітабына “Шырмауық”, “Жиен”, “Мұзды құрсау” драмалары, “Дертке дауа” комедиясы, шағын әңгімелері енген. Драма­лық шығармалар еліміздің азат­тығы үшін күрескен Алаш аза­маттарының басынан кешкен оқи­ғалары, 16 жасынан қазақтың байтақ даласының азаттығы, ер­кіндігі үшін күрес туын желбірет­кен, Алаш қозғалысы қайраткер­лерінің қатарынан табылуға ұм­ты­лып, жалындаған жастық ша­ғында қуғын-сүргіннің құрбаны болған Алаш азаматының өмірі про­тотиптік негізде алынған. Ал “Дертке дауа” шығармасы коме­дия бағытында жазылған. Оқи­ғаның негізгі кейіпкері – бүгінгі за­манның ақсақалы сырқаттанып қалады. Осы жол­да небір шытырман оқиғаларға кездесіп, қиындықтарды қайсар­лықпен жеңіп шығады. Көпшілік қауым үшін берері мол кітап бо­лары сөзсіз. Әділбек Тауаса­ров­тың шығармалар жинағының бі­рінші томында көпшілік оқырман әлі жете танысып үлгермеген хи­каялары, новеллалары, әңгіме­ле­рі енгізілген. Тілеуғазы Бей­сембек “Жұпары жиде гүлінің” жыр жинағындағы шығарма­ла­рында адамгершілікті, достықты, адалдықты жырлайды.

Гүлнар Дулатованың “Алаш­тың сөнбес жұлдыздары” атты кі­табы естелік-эссе жанрында жа­зылған ерекше дүние дер едік. Олай дейтініміз, кітап авторы Гүлнар Міржақыпқызы – Алаш­тың арыстарын көзі көрген са­нау­лы жандардың бірі. Кітапта Алаш арыстарының көсемі – Әли­хан Бөкейхановтан бастап, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Айдархан Тұрлыбаев, Хасен Қо­шанбаев, Мырзағазы Есболов, Сей­далы Оразалин және тағы басқа қазақтың зиялы қауым жай­саңдарының өнегелі өмірлері мен істеген қызметтері, қилы тағ­дырлары жатық тілмен баяндал­ған. Асыл азаматтарды серік етіп, оларға өмірлік жар болған аяулы аналарымыздың да кісілік бейнелері, тартқан тауқыметтері де табиғи қалыпта ашылған. Кі­тапты Алаш әдебиеттануына қо­сылған баға жетпес құнды еңбек деп бағалауға болады.

Еуразия субконтинент алып аймағында “Мәңгілік Ел” орна­туды мұрат етіп, үш ғасыр бойы билік жүргізген байырғы түрік­тердің қайталанбас тарихи-мәдени және рухани құндылық­тары “Орхон ескерткіштері атла­сында” кеңінен қамтылған. Байырғы түріктердің білімпаз­дары дүниетанымын, тарихын, тіршілігін, ел басқару жүйесін мәң­гі тасқа қашап қалдырған. Осынау өшпес мұраны Қаржау­бай Сартқожаұлы “Орхон ескерт­кіштерінің толық атласының” 1-томында жаңа қырынан зерде­леп, жан-жақты түсініктеме бер­ген. Автордың 40 жыл бойы жүр­гіз­ген далалық экспедиция нәти­жесінде әр мұнараның археологиялық сипаттамасы алғаш рет толық берілген. Еңбек түркі­танушы, археолог, тарихшы, өнертанушы, этнограф ғалым­дарға, байырғы ұлттық құнды­лық­тарды қызықтаушы оқырман қауымға арналған.

“Асқақтық пен адасу” – ағыл­шын әдебиетінің шедеврі сана­латын туынды. Басты кейіпкер Элизабет Беннет пен Дарси мыр­заның романтикалық махаббат сезіміне құралған шығармада Остин Джейн ХІХ ғасырдың ба­сындағы ағылшын қоғамының тұрмысы мен әдет-ғұрпын астар­лы ирониямен меңзейді. Бойжет­кен бес қыз тәрбиелеп отырған қарапайым Беннеттер отбасы­ның күнделікті тыныс-тіршілігі ар­қылы ағылшын қоғамы әлеумет­тік таптардың қарым-қатынасы сипатталады. Дегенмен, ақ­сүйек­тер мен төменгі тап өкілдерінің арасындағы кереғар қайшылықтың өзі махаббат алдын­да дәрменсіздік танытады.

Белгілі балалар ақыны Өтеп­берген Ақыпбекұлының “Құпия оқулық” кітабы – әріптер, әліп­билік сөз тізілімдері жөнінде. Бір ғана әріптен басталатын сөздер­ді тізіп, қысқа өлең, жаңылтпаш, жұмбақ қана емес, ұзақ та қыз­ғылықты ертегі жазуға болады екен. Әр әріптің әлі де ашылып болмаған өз құпия-сыры жетер­лік. Кітап жеті бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім “Айдай аппақ бө­пем бар”, екінші бөлім “Біздің үйдің адамдары”, үшінші бөлім “Тілтаным”, төртінші бөлім “Қо­раптағы баспахана”, бесінші бө­лім “Бөпем өсіп келеді”, алтын­шы бөлім “Қандай ұлттық тағам бар?”, жетінші бөлім “Қиялдай қилы қызықтар” деп аталады. Мұ­хаметжан Етекбаевтың “Алатау ертегілері” кітабында баласы­ның балапан кезден ақиық қыран болғанға дейінгі өсіп-жетілуі, түз­де түлеп, көкте шарықтауы, олар­дың мінез-құлық қасиеттері сөз болады.

Кітапханамызда қалың оқыр­ман үшін қажет көркем дүниелер аз емес. Әр­бір саналы адам әдеби-көркем шығармаларды, газет-журнал­дарды оқып, рухани азық алу үшін кітапханаға келері анық.

Жанар ӘБІЛМӘЖІНОВА,

орталық кітапхана жүйесі жинақтау бөлімінің кітапханашысы.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp