Елімізде өңірлік кадр резервтеріне іріктеу басталды. Өңірлік кадр резервінің басты мақсаты – талантты жастар арасынан жаңаша ойлайтын көшбасшылар, жас басқарушылардың тобын қалыптастыру. Іріктеуге жоғары білімі және кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар 35 жастан аспаған Қазақстан азаматтары қатыса алады. Өңірлік резервке іріктеуге Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, “А” корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, бұған дейін Президенттік жастар кадр резервіне алынған адамдар қатыса алмайды.
Өңірлік комиссиялар облыстардағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды және мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтарын ескере отырып, резервке алынатын кандидаттардың санын, салалық бағыттарды айқындайды. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады және биылғы жылдың 1 наурызынан маусым айының соңына дейін жалғасады.
– Іріктеу маусым айының аяғында қорытындыланады. Оған дейін бір ай бойы өтініш беріледі. Одан кейін заңдар бойынша тест тапсырады. Соңында комиссия әр өңірден 15 азаматты қабылдайды. Олар екі жыл резервте тұрады, – деді сарапшы Әнуар Тоқпанов.
Екі жылдың ішінде олар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда “Б” корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына заңнамада белгіленген тәртіппен тағайындалуы мүмкін.
Іріктеуге қатысу үшін наурыздың аяғына дейін onir.pkrezerv.gov.kz онлайн-платформасында тіркелу қажет. Кандидаттар онлайн-платформада тіркеліп, құжаттарды тапсырғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде, бірақ хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдаудың соңғы күнінен кешіктірмей құжаттарды жүктеуі тиіс.
“Жеке деректер” бөлімінде байланыс деректерін көрсете отырып, үміткерлер өңірін және салалық бағытты таңдауы қажет. Екі және одан да көп өңірлік резервті немесе салалық бағыттарды таңдауға, сондай-ақ оларды қайта таңдауға болмайды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.