Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бері әйелдерге тең қолжетімділікті және өмірдің барлық салаларына қатысуын қамтамасыз ететін демократиялық жолды ұстана бастады. Содан бері экономикалық еркіндік үшін тең мүмкіндіктерді пайдалану, билік құрылымына әйелдер мен ерлердің бірдей қатысуы, отбасындағы тең құқықтар мен міндеттер үшін талаптар құру, қоғам дамуында әйелдердің рөлін дамыта беру үшін жаңа мүмкіндіктер туғызып отыру – біздің еліміздегі гендерлік саясаттың бірегей міндеттері.
Гендерлік саясат – қазіргі уақытта өзекті мәселелердің бірі. Мемлекетімізде гендерлік саясат жөніндегі жұмысты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия үйлестіреді. Оның негізгі функциясы – отбасына, әйелдер мен ерлердің теңдігіне қатысты “Қазақстан Республикасындағы Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы” деп аталатын кешенді мемлекеттік саясатты жүйелі түрде іске асыру.
Тұжырымдамада “Гендерлік саясат саласындағы қол жеткізілген нәтижелер мен проблемалар”, “Халықаралық тәжірибені шолу”, “Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясатты дамытудың пайымы”, “Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясатты дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері”, “Нысаналы индикаторлар мен күтілетін нәтижелер”, “Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары” деп аталатын тақырыптар қамтылады.
Бұл салалар бойынша отбасы институтын және құндылықтарын нығайту, отбасыларды әлеуметтік қолдау, ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтау үшін жағдай жасау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, гендерлік теңдік институтын нығайту, әйелдердің саяси және басқарушылық ұстанымдарын қолдау сынды көптеген мәселелерді шешудің жолдары жан-жақты қарастырылған.
Осындағы “Отбасы институтын және отбасы құндылықтарын нығайту” тарауына көз жүгіртіп көрейікші. Қазақстандықтардың көпшілігі үшін отбасы – маңызды құндылық. Ата-аналардың дені балаларымен барынша көп уақыт өткізуге ұмтылады. Мысалы, “Отбасылық-демографиялық саясат” сауалнамасының 2023 жылғы деректеріне сүйенсек, ата-аналардың 50,3 пайызы тұрақты түрде балалардың қасында болады екен. 32,7 пайызы әрбір күнді, 8,3 пайызы әр демалыс және мереке күндерін бірге өткізуге тырысады және тек 0,4 пайызы бос уақытын ешқашан балаларымен өткізбейтіндігі анықталған. Балалардың көпшілігі ата-аналарымен өздерінің қызығушылықтарын талқылайтынын, отбасымен араласқанды ұнататынын жасырмаса, тек 2,3 пайызы туған-туыстарымен өзара түсініспеушілік бар екенін айтқан.
Жаппай сауалнама деректері ерлердің балаларымен өзара қарым-қатынасының деңгейі төмен екендігін көрсетті. “Отбасылық-демографиялық саясаттың” зерттеулері бойынша, отбасылардың 38,15 пайызында аналары балалармен бірге уақыт өткізеді, 40,2 пайызында әкесі мен анасы бірге қатысады, 2,1 пайызында әкелердің баласымен қарым-қатынас жасауы төмен.
“Қазақстан Республикасындағы Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы” кезең-кезеңімен жүзеге асырылғанда көптеген нәтижелерге қол жеткізілетін болады. Халықтың репродуктивті денсаулық саласындағы хабары артады. Балаларды тәрбиелеуге тартылған әкелер көбейеді, өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау және оларға көмек көрсету жеделдігі ұлғаяды, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталанған жағдайларының саны азаяды, кәсіпкерлік саласында әйелдердің қаржылық сауаттылығы артады, биліктің атқарушы, өкілді және сот органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторларда шешімдер қабылдау үдерісіне тартылған әйелдердің үлесі өседі.
Мақаламыздың басында гендерлік саясат туралы сөз қозғалғанда қоғамның екіге жарылатынын бекерге меңзеген жоқпыз. Гендерлік теңдікті жұртшылықтың көбі “әйелдің билікке таласуы” деп қабылдайды. Хорватия, Литва, Бангладеш, Жаңа Зеландия, Словакия, Грузия, Грекия сияқты елдерді әйелдердің басқарғаны да бұған аз мысал емес. Үкімет басқарған әйелдердің де саны жетерлік. Сонда да, “бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген” мұндай әйелдерге “берекелі отбасында әйелі ерінен бір саты төмен тұруы керек” деп санайтын қоғам үрке қарайды. Алайда гендерлік саясаттың әйелдерді билік басына әкелумен ғана шектелмейтінін әрбір қоғам мүшесі білуі тиіс. Оның басты мақсаты – нәзік жандардың құқығын қорғау.
Гендерлік теңдік деңгейі жоғарылаған сайын, отбасы мүшелерінің әрқайсысының тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік-тәрбиелік, қорғаушылық және басқа да маңызды функцияларын орындауда жауапкершілігі, тепе-теңдігі де жоғары болатынын түсінуге тиіспіз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “БҰҰ – әйелдер құрылымының” Франция және Мексика үкіметтерімен бірлесіп ұйымдастырған “Ұрпақ теңдігі” жаһандық форумының қатысушыларына арнаған сөзінде гендерлік теңдіктің салиқалы саясаты бойынша әйелдерді қолдау жалғаса беретінін айтқан болатын. “Гендерлік мәселені шешу – өңірлік өлшем бойынша еліміздің сыртқы саясаттағы басымдықтарының бірі”, – деген Президент Қазақстанның “Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл коалициясы” және “Экономикалық әділдік пен құқық жөніндегі іс-қимыл коалициясы” сияқты екі серіктес бірлестікке қосылатынын мәлімдеді. Бұл – мемлекетіміздің бірқатар міндеттеме қабылдағанын білдіреді. Сол кезде Мемлекет басшысы гендерлік теңдік және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша озық тәжірибемен бөлісу үшін Орталық Азияда өңірлік білім платформасын құру туралы жаһандық деңгейде бастама көтерді. Осы бағытта өзі бас болып, елімізде әйелдердің теңдігі мен қауіпсіздігін қорғауға, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған игі істі барынша қолдап келеді.
Президенттің тапсырмасымен отбасы және гендерлік саясат туралы қабылданған жаңа тұжырымда әйелдердің өзін-өзі дамытуына мол мүмкіндік беруге бағыттаған. Бұл бастама қоғам тарапынан үлкен қолдау табуда. Себебі, әрбір әйел өз отбасында бақытты, қызметінде табысты, қоғамда белсенді болуға лайықты.
Гүлмира ӘУБӘКІРОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың “Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер” кафедрасының аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі.