Күннің қабағы ашылып, табиғат-ананың бауыры жібіген көктемнің жаймашуақ күнінде Қызылжар жұрты Халықаралық әйелдер күнін атап өтті. Бұл күннің мереке екенін жанға жайлы ауа райының өзі айтып тұрғандай. Қала көшелері қолына қызғалдақ ұстаған аруларға, жақынын құттықтауға асыққан ер адамдарға толы. Аналар мерекесі күнделікті қарбалас тіршілікті бір күнге болсын ұмыттырып, көңілге жайлылық пен қуаныш сыйлағандай. Облыс орталығындағы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрынан да мерекенің лебі еседі. Мейрам қарсаңында мұнда түрлі салада белсенді еңбек етіп жүрген әйелдер жиналып, салтанатты кештің куәсі болды. Көпбалалы ана да, мұғалім де, сауыншы да, кәсіпкер де, әртіс те, билік тізгінін ұстаған арулар да – бәрі осында. Шараға жиылған жұртты мерекемен өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Құрметті асыл әжелер, ардақты аналар, аяулы қыздар, көктемнің алғашқы мейрамы – Халықаралық әйелдер күні құтты болсын. Әйелдер жігерлі, талантты болса – халық бай деген сөз бар. Мұны арулардың қадір-қасиетін жоғары бағалау деп білеміз. Ана бақытты болса – қоғам алға басады. Адам бойындағы асыл қасиеттің бәрі ананың ақ сүтімен дариды. Еліміздің өткен тарихын парақтасақ, бір ердің жары ғана емес, елдің анасы болған жандардың болғанын аңғарамыз. Томирис патшадан бастап, Айғаным, Бопай ханша, Домалақ ана, жерлес жазушы Ғабит Мүсірепов жазған Ұлпан аналарымыз соның айғағы. Бүгін де әйелдердің қоғамдағы орны ерекше. Ер адаммен қатар қоғамдағы көптеген салаларда еңбек етіп, еліміздің дамуына қомақты үлес қосып келесіздер. Сіздерге еңбекте табыс, отбасыларыңызға береке тілеймін, – деді облыс әкімі.
Құттықтаудан кейін Ғауез Торсанұлы түрлі салада еңбек етіп жүрген арулар мен көпбалалы аналарды марапаттады. Алғашқы марапат дүниеге бірнеше сәби әкелген жандарға табысталды. Мемлекет басшысының өкімімен айыртаулық 7 балалы ана, мұғалім Райхан Жанбота “Алтын алқа”, 6 бала тәрбиелегені үшін Мағжан Жұмабаев ауданындағы орта мектептің аспазы Меруерт Жумасаева, Шал ақын ауданында тұратын Айман Тортулова, Қызылжар ауданынан Бибігүл Игнатова және облыс орталығының тұрғыны Оксана Богданова “Күміс алқа” тағынды. Кейін Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 25 жылдығына орай Алғыс хатпен №5 орта мектептің директоры Күлімкөз Смайылова, облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Жұлдыз Саттарова марапатталса, Мәдениет және ақпарат министрінің Алғыс хаты облыстық дін істері басқармасының басшысы Рауза Қасеноваға берілді. Айыртау әлеуметтік қызмет көрсету орталығының кір жуу машинисі Гүлім Мұқышева, облыстық соттың судьясы Әлия Айсина, “Ұлттық сараптама орталығы” филиалының Шал ақын аудандық бөлімшесінің зертханашысы Алма Исмагуловалар облыс әкімінің Құрмет грамотасын иеленсе, өңір басшысының Алғыс хаттары “Күміс еріктілер” бастамашыл тобының үйлестірушісі Сәуле Тахметова, “Kolchina Couturе” брендінің негізін қалаушы, дизайнер Айжан Колчина, Қызылжар аудандық ауруханасының офтальмолог дәрігері Жақсылық Өтебаеваға берілді.
– Менің аз ғана еңбегімді жоғары бағалап жатқан қауымға алғысымды білдіремін. Барша әйелдерді мерекемен құттықтаймын. Былтыр арманым орындалып, Париж қаласындағы сән апталығында өз топтамамды көрсеттім. Ол топтамам аруларға, өздеріңізге арналған. Әйел адам қай кезде де қайта жанған от сияқты өмір сүріп, шығармашылықпен айналысып, айналасын мейірім мен махаббатқа бөлей алады. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға береке, елімізге ашық аспан тілеймін, – дейді дизайнер Айжан Колчина.
Құттықтаудан кейін салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Аналар мен аруларға арнап жергілікті өнерпаздармен қатар танымал эстрада жұлдызы Әлішер Кәрімов пен “Astana Musical” мемлекеттік театрының әртістері өнер көрсетті.
* * *
Өңір басшысы бұл күні облыстық перинаталдық орталыққа барып, көпбалалы ана Дәнияш Дондогты құттықтап, сый-сияпат табыстады. Көпбалалы ана орталықта жетінші перзентін аман-есен босанып, үйге кетуге дайындалып жатыр екен.
– Үйде өсіп келе жатқан үш ұл, үш қызым бар. Кестетігеріміздің есімін Ләйлім деп қойдық. Жүктілік кезінде де, қазір де күтім жасап, қолдан келген көмектерін аямаған дәрігерлерге алғыс айтамын. Көпбалалы ана болу – арманым еді, – деді ол.
* * *
Мерекеге орай, Ғауез Нұрмұхамбетов “Sensitive” ансамблінің жетекшісі Ольга Ростовщикова мен өнер колледжінің директоры Рауза Кашеноваға Мемлекет басшысының құттықтау хатын табыстады. “Sensitive” ансамбліне жетекшілік ететін Ольга Ростовщикова 16 жыл ішінде халықаралық беделді байқаулар мен фестивальдерде 8 гран-при жеңіп алған. Рауза Кашенова болса, өмірінің 40 жылын өнерге арнап, кәсіби өнерпаздардың бірнеше буынына тәлім берді. Өңір басшысы оларға құттықтауды табыстай отыра, шығармашылық жетістіктер мен жемісті еңбек тіледі.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.