«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНА – ТІРШІЛІКТІҢ ТІРЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күннің қабағы ашылып, табиғат-ананың бауыры жібіген көктемнің жаймашуақ күнінде Қызылжар жұрты Халықаралық әйелдер күнін атап өтті. Бұл күннің мереке екенін жанға жайлы ауа райының өзі айтып тұрғандай. Қала көшелері қолына қызғалдақ ұстаған аруларға, жақынын құттықтауға асыққан ер адамдарға толы. Аналар мерекесі күнделікті қарбалас тіршілікті бір күнге болсын ұмыттырып, көңілге жайлылық пен қуаныш сыйлағандай. Облыс орталығындағы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрынан да мерекенің лебі еседі. Мейрам қарсаңында мұнда түрлі салада белсенді еңбек етіп жүрген әйелдер жиналып, салтанатты кештің куәсі болды. Көпбалалы ана да, мұғалім де, сауыншы да, кәсіпкер де, әртіс те, билік тізгінін ұстаған арулар да – бәрі осында. Шараға жиылған жұртты мерекемен өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Құрметті асыл әжелер, ар­дақты аналар, аяулы қыздар, көк­темнің алғашқы мейрамы – Ха­лықаралық әйелдер күні құтты болсын. Әйелдер жігерлі, та­лантты болса – халық бай деген сөз бар. Мұны арулардың қадір-қасиетін жоғары бағалау деп білеміз. Ана бақытты болса – қо­ғам алға басады. Адам бойын­дағы асыл қасиеттің бәрі ана­ның ақ сүтімен дариды. Елі­міздің өткен тарихын парақта­сақ, бір ердің жары ғана емес, елдің анасы болған жандардың болғанын аңғарамыз. Томирис патшадан бастап, Айғаным, Бопай ханша, Домалақ ана, жер­лес жазушы Ғабит Мүсірепов жаз­ған Ұлпан аналарымыз со­ның айғағы. Бүгін де әйелдердің қо­ғамдағы орны ерекше. Ер адам­мен қатар қоғамдағы көп­теген салаларда еңбек етіп, елі­міздің дамуына қомақты үлес қосып келесіздер. Сіздерге ең­бекте табыс, отбасыларыңызға бе­реке тілеймін, – деді облыс әкімі.

Құттықтаудан кейін Ғауез Тор­санұлы түрлі салада еңбек етіп жүрген ару­лар мен көпба­лалы аналарды марапатта­ды. Алғашқы марапат дүние­ге бір­неше сәби әкелген жандарға та­быс­талды. Мемлекет басшы­сы­ның өкімімен айыртаулық 7 ба­лалы ана, мұғалім Райхан Жан­бота “Алтын алқа”, 6 бала тәр­биелегені үшін Мағжан Жұ­ма­баев ауданындағы орта мек­тептің аспазы Меруерт Жума­сае­ва, Шал ақын ауданында тұ­ратын Айман Тортулова, Қы­зыл­жар ауданынан Бибігүл Иг­на­това және облыс орталығы­ның тұрғыны Оксана Богданова “Күміс алқа” тағынды. Кейін Пре­зидент жанындағы Әйелдер іс­те­рі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 25 жылдығына орай Алғыс хатпен №5 орта мек­тептің директоры Күлімкөз Смайылова, облыстық Аналар кеңе­сінің төрайымы Жұлдыз Сат­тарова марапатталса, Мә­де­ниет және ақпарат министрі­нің Алғыс хаты облыстық дін істері басқармасының басшысы Рау­за Қасеноваға берілді. Айыр­тау әлеуметтік қызмет көр­сету орта­лығының кір жуу ма­шинисі Гү­лім Мұқышева, облыстық сот­тың судьясы Әлия Айсина, “Ұлт­тық сараптама ор­талығы” фи­лиалының Шал ақын аудандық бөлімшесінің зертханашысы Ал­ма Исмагуло­ва­лар облыс әкімі­нің Құрмет гра­мотасын иеленсе, өңір басшысының Алғыс хатта­ры “Күміс еріктілер” бастамашыл тобы­ның үйлестірушісі Сәуле Тахме­това, “Kolchina Cou­turе” бренді­нің негізін қалаушы, дизайнер Ай­жан Колчина, Қы­зылжар ау­дан­дық ауруханасы­ның оф­тальмолог дәрігері Жақ­сылық Өтебаеваға берілді.

– Менің аз ғана еңбегімді жо­ғары бағалап жатқан қауымға ал­ғысымды білдіремін. Барша әйелдерді мерекемен құттық­таймын. Былтыр ар­маным орындалып, Париж қала­сындағы сән апталы­ғын­да өз топтамамды көрсет­тім. Ол топтамам аруларға, өз­деріңізге арналған. Әйел адам қай кезде де қайта жанған от сияқты өмір сүріп, шығарма­шы­лықпен айналысып, айналасын мейірім мен махаббатқа бөлей алады. Баршаңызға зор денсау­лық, отбасыларыңызға береке, елімізге ашық аспан тілеймін, – дейді дизайнер Айжан Колчина.

Құттықтаудан кейін салта­нат­ты шара концерттік бағдар­ламамен жалғасты. Аналар мен аруларға арнап жергілікті өнер­паздармен қатар танымал эстрада жұл­дызы Әлішер Кәрімов пен “Astana Musical” мемлекеттік театрының әртістері өнер көрсетті.

* * *

Өңір басшысы бұл күні облыс­тық перинаталдық орталыққа ба­рып, көпбалалы ана Дәнияш Дондогты құттықтап, сый-сияпат табыстады. Көпбалалы ана орталықта жетінші перзентін аман-есен босанып, үйге кетуге дайындалып жатыр екен.

– Үйде өсіп келе жатқан үш ұл, үш қызым бар. Кестетігеріміздің есі­мін Ләйлім деп қойдық. Жүктілік ке­зінде де, қазір де күтім жасап, қолдан келген көмектерін аяма­ған дәрігерлерге алғыс айта­мын. Көпбалалы ана болу – арманым еді, – деді ол.

* * *

Мерекеге орай, Ғауез Нұр­мұ­хамбетов “Sensitive” ансамблі­нің жетекшісі Ольга Ростовщи­кова мен өнер колледжінің ди­ректоры Рауза Кашеноваға Мем­лекет басшысының құттықтау хатын табыстады. “Sensitive” ан­сам­бліне жетекшілік ететін Ольга Ростовщикова 16 жыл ішінде ха­лықаралық беделді байқаулар мен фестивальдерде 8 гран-при жеңіп алған. Рауза Кашено­ва болса, өмірінің 40 жылын өнерге арнап, кәсіби өнерпаз­дар­дың бірнеше буынына тәлім берді. Өңір басшысы оларға құт­тықтауды табыстай отыра, шы­ғармашылық жетістіктер мен жемісті еңбек тіледі.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp