Былтыр Шал ақын ауданындағы Кривощеково ауылдық округіне де, осы аттас елді мекенге де Арай деген әдемі атау беріліп, тұрғындардың көңілі бір көтеріліп қалған болатын. Алқағаш – осы округке қарасты төрт ауылдың бірі. 1999 жылғы санақ бойынша мұнда 359 адам тұрса (187 ер адам, 172 әйел адам), қазір он есе азайып, бар-жоғы 36 үй қалған. Былайша айтқанда, болашағы бұлыңғыр елді мекендер санатында. 9 жылдық мектепке баратын оқушылардың саны – 20 ғана, талаптағыдан екі есе аз. Жастар жағы үдере көшсе де, шаңырағын шайқалтпай ұстап отырғандар – үлкендер жағы. Негізгі тіршілік көзі – төрт түлік мал өсіріп, қоңырқай тірлік кешіп жатқан жамағаттан маза кеткеніне екі жылдың жүзіне айналыпты. “Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры” демекші, елдің ішін ала тайдай бүлдіріп, “тисе – терекке, тимесе – бұтаққаның” керін келтіріп отырған “Әлішер” шаруа қожалығының жетекшісі Руслан Қожахметовке деген өкпелері қара қазандай. Өздерінің ішкі ренішін бір жапырақ ақ қағазға тізбелеп, қалада тұратын осы ауылдың тумасы Болат Шайжанов арқылы “Soltustik Qazaqstan” газетінің редакциясына жолдапты.
“Шаруа қожалығының басшысына алты аласымыз, жеті бересіміз жоқ. Бірақ Алқағаш ауылының жылқысы жайқала өсіп тұрған егінімді отап кетті деген желеумен бізден қитұрқылық жолмен қомақты қаржы өндіріп алу үшін ақ тер, көк тер болып жүргені қынжылтады. Оның айтуынша, оқиға 2022 жылы 15 қыркүйекте орын алса да, болары болып, бояуы сіңгеннен кейін тумаған балаға иткөйлек пішкендей даулауы мүлдем түсініксіз. Оның бұл қимылы “жығылған күреске тоймайдының” қылығын еске түсіреді. Аудандық сот еш қисынға келмейтін заңсыз талапты көзге шұқығандай етіп дәлелдеп берсе де, облыстық сотқа шағым түсіруі – қай сасқаны? Жағдай бұлтартпас фактілер арқылы жете сараланбаса, қолымнан келсе, қонышынан басамын, бермесін тартып аламын деген кеудемсоқтық демеске лажымыз жоқ”, – делінген шағым хатта.
Бүгінге дейін екі тарап бір-бірін кінәлап, өз уәждерін дұрыс санап келген. Алқағаштықтар кәсіпкердің мәселені бейбіт ымырамен шешу жөніндегі ұсынысын қабылдамаған, шығынды өтеуден саналы түрде бас тартқан. Одан еш нәрсе ұтпайтынын сезінген болу керек, Р.Қожахметов 30 жауапкерден залалды өндіріп алу мақсатымен араға бақандай бір жыл салып, яғни 2023 жылы 29 қыркүйекте аудандық сотқа жүгінген. Ол өзінің талап-арызында жылқышы Амангелді Тасмағанбетовтің бағымындағы жылқы үйірі Новопокровка ауылдық округі аумағында орналасқан 60 гектар егістікті қара топыраққа айналдырғанын, осыған орай аудандық полиция бөлімі электрондық түрде хаттама, комиссия акт толтырып, жылқышыға әкімшілік жаза қолданылғанын, әйтпесе 60 гектар танаптың әр гектарынан 29 центнер мөлшерінде өнім алынатынын, бидай дақылы үшінші сұрыпқа жататынын “бұлтартпас” факт ретінде алға тарта отырып, шеккен зиянды 20 млн. 184 мың теңгеге бағалаған (кейін бұл сома 13 млн. теңгеге дейін шегерілген). Соған қарағанда өтірікті шындай, ақсақты тыңдай еткен бе деп қаласың. Қырым Баяндиннің қарамағында 6 жылқы бар, келтірілген залал 931569 теңге деген “дәйектің” қайдан алынғаны белгісіз. Ләйлә Ғабдуллиннің “мойнына” 1 млн. 552615 теңгені арта салған.
Алайда талапкердің маңдайы тасқа тиіп, тауы шағылғанын байқау қиын емес. Сотқа төрағалық еткен Татьяна Курынова істің ақ-қарасын қолмен қойғандай етіп жіліктеп берген. Алқағаш ауылында 130 бас жылқы бар деген мәліметтің шындықтан алыс екенін куәлер айғақтап берген. Мәселен, А.Жүсіпов 2001, К.Жахин 2015, А.Бегалина 2016 жылдан бері қосалқы шаруашылықпен айналыспайды, жылқы өсірмейді. Жылқышылар А.Тасмағанбетов пен М.Іргебаевтың айтуынша, оқиға болған күні жылқы жаздық қорада қамауда тұрған. Олардан ешкім жауап алмаған. Соған қарағанда толтырылған актіге сырттан қол қойып жіберген секілді. Арай ауылдық округінің әкімі Азамат Жақсыбаевтың дәйектері де көңіл аударарлық. Оны болған оқиға жайлы тек алты айдан кейін ғана хабардар еткен. Қолына талап хат тиген соң бірақ білген. Егістік алқапты саралауға қатыстырылмаған. Айыпталушылардың адвокаты Ж.Омарова судьяның назарын жылқы отап кеткен егістікке арнайы мамандардың бармағанына, бейнежазба түсірілмегеніне аударды. Енді мына қызықты қараңыз. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметтер бойынша шаруа қожалығында гектар шығымдылығы 11 центнерден аспаған. Ал 60 гектар жерден (кадастрлық нөмірі 15-225-036-058) рекордтық өнімнің “жиналуы” (29 центнер ), мал таптап кеткен егістік өнімін анықтау – ақылға мүлдем сыйымсыз. Шаруашылық ол жердің астығын орып, қамбалап алған. Ол туралы жасырған. Демек, актінің ойдан құрастырылғаны бірден байқалады. Сотта кәсіпкерлік бөлімнің жетекшісі С.Қамытбековтің астықтың бастырылып, жиналып алынғанын, жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Жақыповтың актінің картографиялық материалдар негізінде ақпараттық үлгіде толтырылғанын мойындауына тура келген. Куәлердің бірі М.Меңдібаев жылқылардың Алқағаш ауылына тиісті екенін түсіндіріп бере алмады. Малдарды танушы едім деген жалпылама жауаппен шектелген. Комиссия құрамында болған Р.Орынбаев 60 гектардың түгелдей тапталғанына күмән келтірген. Учаскелік инспектор Б.Пердеев егіс танабында жылқыларды көрмегендіктен, іс материалдарын жинақтамаған. Жылқышыны сырттай кінәлі ете салған.
Аудандық сот Р.Қожахметовтің материалдық шығынды мал иелерінен өтеу туралы талабын негізсіз деп тапты. Өйткені, жылқышылармен ауызша келісім жасалып, қос тарап әр бас жылқы үшін ай сайын 3 мың теңге төлеуге уағдаласқан.
Осылайша осы жылдың 19 қаңтарында шығарылған сот шешімі бойынша шаруашылық жетекшісінің мал иелерінен ынтымақтастық негізде келтірілген материалдық шығындарды өтеу жөніндегі талап-арызы қанағаттандырылмаған.
“Жағдай аудандық әкімдіктің бақылауында. Р.Қожахметовтің ел аман, жұрт тынышта неге дүрліктіріп жүргені – біз үшін жұмбақ”, – деді сөйлескенімізде аудан әкімінің орынбасары Серік Шайынов.
Дауды дуылдатпай реттеудің орнына қайтсем де залалдың орнын толтырамын деген өлермендік ұшпаққа шығармайды. Аудан басшылығының да “жерден шыққан желім батырға” ұқсаған шаруа қожалығының басшысын тыныштандыруға сөзі өтпей тұрған секілді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.