Есіл ауданындағы Бірлік ауылының тұрғыны Қуатбек Ықышов бірнеше жылдан бері бие байлап, ұлттық сусын – қымызды табыс көзіне айналдырып отыр. Санаулы биені сауудан бастаған кәсібі қазір шағын отбасылық кәсіпке айналған.
Қазақ халқы үшін төрт түліктің осалы жоқ. Дегенмен жылқының адам үшін орны бөлек. Түліктің бұл түрі – жылқы жанын түсінгеннің жан серігі, адал досы.
– Жылқы – адамға жақын, өте таза, есті жануар. Бала күнімізде үлкендер “Жылқыны баққанның сауабы мол” дейтін. Содан ба екен, әр үй жылқы ұстаушы еді. Ес білгелі жаз бойы үйден қымыз үзілген емес. Кейін ауылдар құлдырап, шаруашылықтар ыдырап, жұмыссыздық белең алған кезде бір-екі биені сауып, қымызын тас жолдың бойында тұрып саттық. Осылай қант-шайымызды айырып отырдық, – дейді Қуатбек Әшкенұлы.
Мінсең – көлік, жесең – ас, ішсең – сусын, терісі – киім болған жылқының жеті қазынаның бірі болуы да бекер емес. Қазақ халқы жылқының атқаратын қызметін жоғары бағалап, қасиетті жануар ретінде жыл қайыруда жетінші орынды берген. Қазақ батырларының адал серігі болған бұл түлік түрінің есімдері де халық санасына сіңіп қалған. Жылқы өсіріп, бие байлаған еңбекқор азаматтың дәл осы кәсіпті қолға алуының да өз тарихы бар.
– 1972 жылы анам қатты сырқаттанып, аурухана төсегіне таңылды. Дәрігерлер туберкулезге шалдыққанын айтты. Алайда дәрігерлердің емі қонбай, анамның жағдайы нашарлай бастады. Анамның жағдайын білуге келген әкеме “алып кет, не де болса балаларымның қасында болайын”, – деп жалынады. Дәрігерлер де әкеме дәрілердің ағзаға сіңбей, асқазанға жиналып қалғанын айтады. Нәтиже болмағаннан кейін әкем анамды үйге алып келді. Ол кезде әжемнің көзі тірі. Сол кісі бие байлап, дерті меңдеген анама саумалды әлсін-әлсін ішкізе берген екен. Осылайша анамды аяққа тұрғызады. Кейін қымызға көшіреді. Анам үш жарым айдан кейін тексерілуге барғанда дәрігерлер таңғалған көрінеді, – дейді Қуатбек Әшкенұлы.
Бие сүтінің емдік қасиетін көрген отбасының содан бері дастарқанынан қымыз үзілген емес. Ол кезде жалғыз биені байлап, жаз бойы саумал, қымыз ішіп, сусындарын басатын. Кейін Тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң шағында қымыз табыс көзіне айналды. Содан бері бие байлап, қымыз сатуды кәсіп етіп отыр. Бірден бірнеше биені сатып алатын қаражат жоқ, бір басты екеу, екеуін үшеу қылып, ырысын еселеген.
– Бәрі жақсы қымыз ішкісі келеді. Әсіресе коронавирус кезінде жұрт қымыз іздеп кетті ғой. Көбінің ауруына бие сүті шипа болды. Жан-жақтан іздеп келіп, алып кететіндер көбейді. Кейін тәуір болған адамдар арнайы келіп, батасын беріп, ризашылығын білдірді, – дейді Қуатбек Ықышов.
Жылқының тектісі болатыны сияқты қымыздың да өз дәрежесі болады. Бұл – қымызды дайындаушылардың шеберлігіне байланысты. Мәселен, тай қымыз, дөнен қымыз, бесті қымыз деп неше күн сақталғанына, қанша ашытқанына қарай бөлген. Көшпелі қазақ даласында қымыз мамыр айынан бастап қыркүйектің орта шеніне дейін болады. Қымызды ашыту – өнер. “Қолының дәмі бар адамның ашытқан сүті де дәмді болады”, – деуші еді көнекөз қариялар.
– Биені сауатын да, қымызды баптайтын да – зайыбым. Келіншегім – өте ұқыпты жан. Таңсәріден тұрады да, қымыз даярлауға 5-6 сағат уақытын арнайды. Күбіні жуып-тазалайды, ыстайды. Пісу өте көп еңбекті қажет етеді. Күбінің тазалығы мен ысталуы қымыздың дәмін келтіреді. Қазіргі уақытта көпшілік күбі ұстамайды. Оның орнына пластик бөшкелерге құйып, арнайы қондырғылармен араластырып жатады. Мен оны қымыз емес, сол тектес сусын ретінде қабылдаймын, – дейді Қуатбек Әшкенұлы.
Кейбір пысақайлар адалдық жолынан тайып, пайда үшін адал асқа су қосып, дәмін бұзып жатады. Ұлттық астың тазалығын анықтау үшін қымыз дайын болғаннан кейін оны салқын күйінде ұстау керек. Сол кезде қаймағы бетіне шығып, ысталған күбінің тұнбасы түбіне жиналуы керек. Бұл – қымыздың тазалығының белгісі. Кейде қымыздың сапасы жылқының жеген жем-шөбі, ішкен суына да байланысты. Судың тұнығын ішіп, шөптің шүйгінін таңдап жусаған жылқының жегені бойына сіңсе, сүтінен сапалы қымыз пісуге болады.
Ауыл азаматының айтуынша, кәсіп көзін кеңейтуге құлшыныс болғанымен, қазір жайылым жер азайып, малдың өрісі тарылған. Жергілікті биліктен жайылым сұраса, олардың “қарастырамыз” деген қысқа жауаптары аяққа тұсау, қолға байлау болып отыр. Ұлттық өнімді дамытуды қолдау түгілі, тебіндеп жейтін жылқыға жайылымның болмауы – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.