«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қырық кісі – бір жақ, қыңыр кісі – бір жақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Былтыр Шал ақын ауданын­да­ғы Кривощеково ауылдық ок­ругіне де, осы аттас елді мекенге де Арай деген әдемі атау беріліп, тұрғындардың көңілі бір көтері­ліп қалған болатын. Алқағаш – осы округке қарасты төрт ауыл­дың бірі. 1999 жылғы санақ бо­йынша мұнда 359 адам тұрса (187 ер адам, 172 әйел адам), қа­зір он есе азайып, бар-жоғы 36 үй қал­ған. Бы­лайша айтқанда, бола­ша­ғы бұ­лыңғыр елді мекендер са­на­тында. 9 жылдық мектепке ба­ра­тын оқушылардың саны – 20 ға­на, талаптағыдан екі есе аз. Жас­тар жағы үдере көшсе де, ша­ңы­рағын шайқалтпай ұстап отыр­­ғандар – үлкендер жағы. Не­гізгі тір­­шілік көзі – төрт түлік мал өсі­ріп, қоңырқай тірлік кешіп жат­қан жамағаттан маза кеткені­не екі жылдың жүзіне айналыпты. “Дау­­дың басы – Дайрабайдың көк сиыры” демекші, елдің ішін ала тайдай бүлдіріп, “ти­се – те­рек­ке, тимесе – бұтаққаның” ке­рін кел­тіріп отырған “Әлішер” ша­руа қо­жалығының жетекшісі Рус­лан Қо­жахметовке деген өкпе­лері қара қазандай. Өздерінің іш­кі ренішін бір жапырақ ақ қа­ғазға тізбелеп, қалада тұратын осы ауыл­дың тумасы Болат Шай­жа­нов арқылы “Soltustik Qazaq­stan” газетінің редакциясына жол­дапты.

“Шаруа қожалығының бас­шы­сына алты аласымыз, жеті бе­ресіміз жоқ. Бірақ Алқағаш ауы­лының жылқысы жайқала өсіп тұрған егінімді отап кетті деген же­леумен бізден қитұрқылық жол­мен қомақты қаржы өндіріп алу үшін ақ тер, көк тер болып жүр­гені қынжылтады. Оның ай­туынша, оқиға 2022 жылы 15 қыр­күйекте орын алса да, болары бо­лып, бояуы сіңгеннен кейін тума­ған балаға иткөйлек пішкендей даулауы мүлдем түсініксіз. Оның бұл қимылы “жығылған күреске тоймайдының” қылығын еске тү­сі­реді. Аудандық сот еш қисынға келмейтін заңсыз талапты көзге шұқығандай етіп дәлелдеп бер­се де, облыстық сотқа шағым түсіруі – қай сасқа­ны? Жағ­дай бұлтарт­пас факті­лер ар­қылы жете сара­ланбаса, қолым­нан келсе, қоны­шынан ба­самын, бермесін тар­тып аламын деген кеудемсоқтық демеске ла­жымыз жоқ”, – делін­ген шағым хатта.

Бүгінге дейін екі тарап бір-бірін кінәлап, өз уәждерін дұрыс санап келген. Алқағаштықтар кәсіпкердің мәселені бейбіт ымы­рамен шешу жөніндегі ұсынысын қа­был­дамаған, шығынды өтеу­ден саналы түрде бас тартқан. Одан еш нәрсе ұтпайтынын се­зінген бо­лу керек, Р.Қожахметов 30 жа­уапкерден залалды өндіріп алу мақсатымен араға бақандай бір жыл салып, яғни 2023 жылы 29 қыркүйекте аудандық сотқа жү­гін­ген. Ол өзінің талап-арызында жылқышы Амангелді Тасмаған­бетовтің бағымындағы жылқы үйірі Новопокровка ауылдық округі аумағында орналасқан 60 гектар егістікті қара топыраққа ай­налдырғанын, осыған орай ау­дан­дық полиция бөлімі элек­трон­дық түрде хаттама, комис­сия акт толтырып, жылқышыға әкімшілік жаза қолданылғанын, әйтпесе 60 гектар танаптың әр гек­тарынан 29 центнер мөлше­рінде өнім алынатынын, бидай дақылы үшінші сұрыпқа жататы­нын “бұлтартпас” факт ретінде алға тарта отырып, шеккен зиян­ды 20 млн. 184 мың теңгеге баға­лаған (кейін бұл сома 13 млн. теңгеге дейін шегеріл­ген). Соған қарағанда өтірікті шын­дай, ақ­сақты тыңдай еткен бе деп қала­сың. Қырым Баян­дин­нің қара­ма­ғында 6 жылқы бар, келтірілген залал 931569 тең­ге деген “дә­йектің” қайдан алынғаны бел­гісіз. Ләйлә Ғаб­дул­линнің “мой­нына” 1 млн. 552615 теңгені арта салған.

Алайда талапкердің маңда­йы тасқа тиіп, тауы шағылға­нын байқау қиын емес. Сотқа төрағалық еткен Татьяна Куры­но­ва істің ақ-қарасын қолмен қой­ғандай етіп жіліктеп берген. Ал­қағаш ауылында 130 бас жылқы бар деген мәліметтің шындықтан алыс екенін куәлер айғақтап берген. Мәселен, А.Жү­сіпов 2001, К.Жахин 2015, А.Бе­галина 2016 жылдан бері қосал­қы ша­руашылықпен айналыс­пай­­ды, жылқы өсірмейді. Жыл­қышылар А.Тасмағанбетов пен М.Ірге­баев­тың айтуынша, оқиға бо­лған күні жылқы жаздық қо­рада қа­мауда тұрған. Олардан ешкім жауап алмаған. Соған қарағанда толтырылған актіге сырттан қол қойып жіберген секілді. Арай ауылдық округінің әкімі Азамат Жақ­сыбаевтың дәйектері де кө­ңіл аударарлық. Оны болған оқи­ға жайлы тек алты айдан кейін ға­на хабардар еткен. Қолына та­лап хат тиген соң бірақ білген. Егіс­тік алқапты саралауға қатыс­тырылмаған. Айыпталушылар­дың адвокаты Ж.Омарова судья­ның назарын жылқы отап кеткен егістікке арнайы мамандардың бармағанына, бейнежазба тү­сірілмегеніне аударды. Енді мы­на қызықты қараңыз. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі бер­ген мәліметтер бойынша шаруа қожалығында гектар шығымды­лығы 11 центнерден аспаған. Ал 60 гектар жерден (кадастрлық нө­мірі 15-225-036-058) рекордтық өнімнің “жиналуы” (29 центнер ), мал таптап кеткен егістік өнімін анықтау – ақылға мүлдем сы­йым­сыз. Шаруашылық ол жердің астығын орып, қамбалап алған. Ол туралы жасырған. Демек, ак­ті­нің ойдан құрастырылғаны бір­ден байқалады. Сотта кәсіпкер­лік бөлімнің жетекшісі С.Қамыт­бековтің астықтың бастыры­лып, жиналып алынғанын, жер қаты­настары бөлімінің басшысы Ж.Жақыповтың актінің картог­ра­фиялық материалдар негізінде ақ­параттық үлгіде толтырыл­ға­нын мойындауына тура келген. Куәлердің бірі М.Меңдібаев жыл­қылардың Алқағаш ауылына тиісті екенін түсіндіріп бере ал­ма­ды. Малдарды танушы едім де­ген жалпылама жауаппен шек­телген. Комиссия құрамында бол­ған Р.Орынбаев 60 гектардың тү­гелдей тапталғанына күмән кел­тірген. Учаскелік инспектор Б.Пер­деев егіс танабында жыл­қы­ларды көрмегендіктен, іс ма­териалдарын жинақтамаған. Жыл­қышыны сырттай кінәлі ете салған.

Аудандық сот Р.Қожахметов­тің мате­риал­дық шығынды мал иелері­нен өтеу туралы талабын негізсіз деп тапты. Өйткені, жыл­қышы­лармен ауызша келісім жа­са­лып, қос тарап әр бас жылқы үшін ай сайын 3 мың теңге тө­леуге уағдаласқан.

Осылайша осы жылдың 19 қаңтарында шығарылған сот ше­шімі бойынша шаруашылық же­текшісінің мал иелерінен ынты­мақтастық негізде келтірілген материалдық шығындарды өтеу жөніндегі та­лап-арызы қанағат­тандырыл­ма­ған.

“Жағдай аудандық әкімдіктің бақылауында. Р.Қожахметовтің ел аман, жұрт тынышта неге дүр­ліктіріп жүргені – біз үшін жұм­бақ”, – деді сөйлескенімізде ау­дан әкімінің орынбасары Серік Шайынов.

Дауды дуылдатпай реттеудің орнына қайтсем де залалдың ор­нын толтырамын деген өлермен­дік ұшпаққа шығармайды. Ау­дан басшылығының да “жерден шық­қан желім батырға” ұқсаған ша­руа қожалығының басшысын тыныштандыруға сөзі өтпей тұр­ған секілді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp