Қазақ – ықылым заманнан бері сән-салтанатпен өмір сүрген халық. Алайда құс қанатына байланған заман ағымы, дәуір талғамы, солақай саясаттың салдарынан кейбір әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз қазір өзге түгілі өзімізге таңсық. Қазіргі буын қоржын, аткежім, текемет дегеннің не екенін біле бермейді. Ал білетіндердің ол жайлы айтып, насихаттап жатқаны шамалы. Ел болып еңсемізді көтергелі бері өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып, көненің көзін көрген қариялар өз білгендерін ұрпақ санасына сіңіріп, ұлт алдындағы азаматтық борышын өтеп жүргендер бар. Солардың бірі – Парида Жүзжасарова.
Парида Хамитқызы Түркістан облысынан Шал ақын ауданына көшіп келген. Анасы – құрақ құрап, ине ұстаған жан. Бірақ ол кезде балаң мінезбен ісмерлікке көңіл бөлмеген екен. Тұрмысқа шыққаннан кейін он саусағынан өнер тамған ісмер, қолынан бар шаруа келетін іскер енесінен үйренгені көп. Ене мектебінен тәлім алған Парида Хамитқызы ісмер келіннің біріне айналған. Бүгінгі күні немере бағып отырған қарт ананың саусағынан оймақ шешілген емес, бар білгенін ұрпақтарына үйреткісі келеді.
– Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында халықтың әлеуметтік жағдайы төмен болды. Сол уақыттарда балаларыма киім тоқып, тігіп беріп жүрдім. Қазір не керектің бәрі бар. Ұлттық болмысымызға тән киімдердің де түр-түрі тігіліп жатыр. Халқымыздың киім кию мәдениетінде өзіндік мән болған. Мәселен, шолпы тағып, үкілі тақия киген қыздарға көз тимейді деп ырымдаған. Екіншіден, бұл – әдептіліктің белгісі. Кең етек көйлек киіп, сіз деп сызылып тұрған қызға жат көз сұқтана қарауға ұялады. Ұлтымыздың бала тәрбиесі тек сөз жүзінде ғана айтылмаған. Киім кию, ас ішу әдебінің астарында мол тәрбиелік мән жатыр, – дейді Парида Хамитқызы.
Өкінішке қарай, қазір киіз басып, сырмақ сыратын келіндер азайған. Көбіне той көйлектері мен сәукеле, түрлі-түсті шапандар ғана сәнге айналуда. Мерекелік іс-шараларда ғана ұлттық киімге қызығушылық артады.
– Ұлттық киімдерді күнделікті киюге жарайтындай, әр салаға лайықты етіп тігетін өндіріс көздерінің жоқтығы да жанға батады. Ал дизайнерлердің тіккенін алуды екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан ұлттық киімді өзіміз тігуге, оны жиі киюге тырысуымыз керек, – деді ісмер әже.
Парида Хамитқызымен әңгімелесіп отырып, өзімнің де күнімде әкем мал сойғанда қасында жәрдемші болатыным есіме түсті. Сонда әкем теріні еппен еттен ажыратып жатып: “Мал сойғанда қолың епті болуы керек, әйтпесе теріні бүлдіресің”, – дейтін. Әлгі теріні тұздап, ит бойы жетпейтін жерге кептіріп қоятын. Шешем сол теріні суық өткізбейтін төсеніш қылатын. Қой қырқым уақыт аяқталғаннан кейін шешелеріміз жүннің жұмсағын таңдап алатын. Кейін тоқылған шидің үстіне тегістеп жайып, оны аса ептілікпен орап, сыртын қалыңдау матамен қаптап, мықтап байлайтын. Сосын оны ойыны қанбаған балаларға тептіртетін. Жұмысы көп болса да, жылдар бойы қалыптасқан әдіс-тәсілдің арқасында қой жүнінен керемет киіз шығатын.
– Біздің бала кезімізде ауыл адамдары өте ұйымшыл болатын. Ұзатылғалы тұрған қыздың жасауын ауыл әйелдері жабылып бір аптаның ішінде-ақ дайын ететін. Ауылдың келіндері шетінен ісмер еді. Қазір заман өзгерді ме, әлде адамдардың ниеті өзгерді ме, ондай берекенің көлеңкесі де көрінбейтін болған, – дейді кимешекті ана.
Қазір әлем елдері өндірістің түр-түрін дамытып, сапалы өнім шығаруға талпынып жатыр. Ал бізде ұлттық брендімізге айналар өнімдерді шығаратын өндіріс тапшы. Киіз басып, тері илеген бабамыздың бүгінгі ұрпағы осындай кәсіпке мойын бұрса, жұмыссыздық та азайып, халықтың әл-ауқаты да артар еді.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.