«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ата кәсіп – балаға мұра

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ – ықылым заманнан бері сән-салтанатпен өмір сүр­ген халық. Алайда құс қанатына байланған заман ағымы, дәуір талғамы, солақай саясаттың салдарынан кейбір әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз қазір өзге түгілі өзімізге таңсық. Қазіргі буын қоржын, аткежім, текемет дегеннің не екенін біле бер­мейді. Ал білетіндердің ол жай­лы айтып, насихаттап жатқаны шамалы. Ел болып еңсемізді көтергелі бері өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып, көненің көзін көрген қариялар өз білгендерін ұрпақ санасына сіңіріп, ұлт ал­дындағы азаматтық борышын өтеп жүргендер бар. Солардың бірі – Парида Жүзжасарова.

Парида Хамитқызы Түркіс­тан облысынан Шал ақын ауданына көшіп келген. Анасы – құ­рақ құрап, ине ұстаған жан. Бі­рақ ол кезде балаң мінезбен ісмерлікке көңіл бөлмеген екен. Тұр­мысқа шыққаннан кейін он сау­сағынан өнер тамған ісмер, қо­­лынан бар шаруа келетін іс­кер енесінен үйренгені көп. Ене мек­тебінен тәлім алған Парида Ха­митқызы ісмер келіннің біріне айналған. Бүгінгі күні немере ба­ғып отырған қарт ананың сау­сағынан оймақ шешілген емес, бар білгенін ұрпақтарына үйрет­кісі келеді.

– Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында халықтың әлеуметтік жағдайы төмен бол­ды. Сол уақыттарда балалары­ма киім тоқып, тігіп беріп жүр­дім. Қазір не керектің бәрі бар. Ұлт­тық болмысымызға тән киімдердің де түр-түрі тігіліп жа­тыр. Халқы­мыздың киім кию мә­дениетінде өзіндік мән болған. Мәселен, шол­пы тағып, үкілі та­қия киген қыздарға көз тимейді деп ырым­даған. Екіншіден, бұл – әдепті­ліктің белгісі. Кең етек көй­лек киіп, сіз деп сызылып тұр­ған қыз­ға жат көз сұқтана қа­рауға ұяла­ды. Ұлтымыздың бала тәрбиесі тек сөз жүзінде ғана айтылма­ған. Киім кию, ас ішу әдебінің ас­тарында мол тәр­биелік мән жа­тыр, – дейді Пари­да Хамитқызы.

Өкінішке қарай, қазір киіз ба­сып, сырмақ сыратын келін­дер азайған. Көбіне той көйлек­тері мен сәукеле, түрлі-түсті ша­пан­дар ғана сәнге айналуда. Мере­келік іс-шараларда ғана ұлттық киім­ге қызығушылық ар­та­ды.

– Ұлттық киімдерді күнде­лікті кию­ге жарайтындай, әр са­лаға лайықты етіп тігетін өндіріс көз­дерінің жоқтығы да жанға ба­та­ды. Ал дизайнерлердің тікке­нін алуды екінің бірінің қалтасы кө­тере бермейді. Сондықтан ұлттық киімді өзіміз тігуге, оны жиі киюге тырысуымыз керек, – деді ісмер әже.

Парида Хамитқызымен әңгі­ме­ле­сіп отырып, өзімнің де кү­німде әкем мал сой­ғанда қасын­да жәрдемші бола­тын­ым есіме түсті. Сонда әкем теріні еппен ет­тен ажыратып жатып: “Мал сой­ғанда қолың епті болуы керек, әйт­песе теріні бүлдіресің”, – дей­тін. Әлгі теріні тұздап, ит бойы жетпейтін жерге кеп­тіріп қоя­тын­. Ше­шем сол теріні суық өткізбей­тін тө­сеніш қылатын. Қой қырқым уақыт аяқталғаннан кейін шешелеріміз жүннің жұмса­ғын таң­дап алатын. Кейін тоқылған шидің үстіне тегіс­теп жайып, оны аса еп­тілікпен орап, сыртын қа­лың­дау матамен қаптап, мықтап байлай­тын. Сосын оны ойыны қан­баған балаларға теп­тіртетін. Жұ­мы­сы көп болса да, жылдар бойы қалып­тасқан әдіс-тәсілдің арқа­сын­да қой жүнінен керемет киіз шығатын.

– Біздің бала кезімізде ауыл адамдары өте ұйымшыл болатын. Ұзатылғалы тұрған қыздың жа­сауын ауыл әйелдері жабылып бір аптаның ішінде-ақ дайын ететін. Ауылдың келіндері шетінен ісмер еді. Қазір заман өзгерді ме, әлде адам­дардың ниеті өзгерді ме, ондай берекенің көлеңкесі де кө­рінбейтін болған, – дейді киме­шек­ті ана.

Қазір әлем елдері өндірістің түр-түрін да­мытып, сапалы өнім шы­ғаруға талпынып жатыр. Ал біз­де ұлттық брендімізге айналар өнімдерді шы­ғаратын өндіріс тап­шы. Киіз басып, тері илеген баба­мыздың бүгінгі ұрпағы осындай кә­сіпке мойын бұрса, жұмыссыздық та азайып, халықтың әл-ауқаты да артар еді.

Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp