Наурыз келдi!
Қара жер семiрiп
Бөгiп жатыр.
Төрт түлiк малым
Даламның
Көлдей етегiн толтырып
Төлдерiн төгiп жатыр.
Өрiсiм у-шу болып
Көңiлiмдi қозғап тұр.
Қошақандарым
Сыбызғыдай ән салып,
Құлыншақтарым
Күмiс қоңыраудай жар салып,
Ботақандарым
Иiр мойынды қобыздай
Боздап тұр.
Көкпеңбек мұздары
Тасқа түскен шыныдай
Шатырлап сынып жатыр.
Жап-жасыл көктерi
Жердi көктеген инедей
Жапырлап шығып жатыр.
Алған демi
Көрiктен шыққан ауадай
Аңқылдаған,
Қаздары
Қауырсындарын
Гармондай созып қаңқылдаған,
Бұлттарының
Дертiп тұрған желiндерi
Сыздап иiп кеткен,
Аққулары
Аспанның аппақ
Қанатты домбырасындай
Күйлерiн құйып төккен,
Iсiнiп толған
Саба мен местерде
Қымызын пiсiп жатқан,
Батпақтай қою,
Балдай маңызды
Уызын iшiп жатқан
Наурыз келдi.
Сөйлесе –
Жыланды iннен шығарған,
Көңiлiңдi суарған
Азаматын
Айдай әлемге жарқыратып,
Түңiлiкпенен дем берген,
Түтiкпенен жем берген
Қазанатын арқыратып
Наурыз келдi!
Темірхан МЕДЕТБЕК,
ақын.