«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сарқылмас қазына

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ата көрген – оқ жонар”, – деген рас-ау! Қазақтың ұлт­тық тұрмыстық қолөнер бұйымдарын жасау, бір жағынан наси­хаттау бағытындағы үзіліссіз ең­бек жолыма үңілсем, көз алды­ма атам елестейді. Ол кісінің ар­қасында кенжелеп қалған қол­өнермен түбегейлі айналысып, кәнігі, кәсіпқой маман болып қа­лыптастым. Атам тері илейтін, қамшы өретін, жылқының жалы мен құйрығынан арқан есетін. Әдемілеп безендірген жүген, ноқта, доға сияқты ат әбзел­де­ріне сұраныс көп болатын. Ешкімнің көңілін қалдырмайтын, бәріне үлгеретін. Жанында жү­ріп, таңсық істің қыр-сырын бір­тін­деп игеріп алдым. Отан ал­дындағы азаматтық міндетімді өтеп келгеннен кейін көп ойлан­бастан Шучье қаласындағы ор­ман шаруашылығы техникумы­на құжаттарымды тапсырып, сту­дент атандым. Ағаш шебері ма­мандығын алып шықтым. Бала кез­дегі арманымның орындалғаны­на бәрінен бұрын атам қатты қуанды.

Өткен ғасырдың 90-шы жыл­дарынан бері зайыбым Алқа екеуіміздің хоббиімізге айналған сүйікті ісімізді әлі күнге дейін жал­ғастырып келеміз. “Мақсат” қа­зақ этно-мәдени орталығын құ­рудағы ойымыз – ұлттық салт-дәстүрлерімізді жандандыру, жаң­ғырту, жастарға аманат ре­тінде қалдыру. Қолөнер­дің түрлері саналуан. Мен бор­сықтың, қоянның, түлкінің, қас­қырдың терісін илеймін, ағаштан түрлі бұйымдар жасаймын. Бәй­бішем де керемет ісмер, қыз жа­сауын, киіз үйдің ішкі керек-жа­рағын, ұлттық киімдер тігумен айналысады. Оның өнер тамған қолынан шыққан төсенішке (төр, қонақ, шәй көрпелер), ұлттық киімге (қасқыр ішік, оюлы шапан, тымақ, бөрік, малақай, тақия), қоржынға (құда, бесік, тойбастар қоржындар), сырмаққа (алаша, киіз алаша, бөстек) тапсырыс жиі түседі.

Қазақ – ежелден өнерді қас­терлеген халық. Олай болса, ата-бабамыздың асыл мұрасын одан әрі дамыту негізгі міндет­тердің бірі болуы тиіс. Өкінішке қарай, баға жетпес қазынамыз­дың қадір-қасиетін жұрттың бәрі ескере бермейді. Наурыз сияқты мейрамдарда ғана еске алып жа­тады. Бүгінде эстетикалық та­лап­тарға сай келетін өндіріс орындарын құру да жедел назар аударуды қажет етеді. Менің бір ойым тері илейтін шағын зауыт ашу еді. Бірақ грант, субсидия алу жеңілдіктері мен мүмкін­діктері қарастырылмағандықтан, бұл салаға екінің бірі тәуе­кел ете бермейді. Мәселен, инвесторлардың қолдауынсыз тері илейтін шағын зауыт ашу қиынның қиыны. Теріскейде қа­зақ қол­өнерінің өріс алмауының бір се­бебі – онымен шұғылдана­тын ше­берлердің заманауи жаб­дықталған арнайы шеберхана­лары­ның болмауы. Қанша ниет етсе де, тығырыққа тірейтін осындай кедергілер шешімін тап­са, жастардың бойында қы­зы­ғушылық оянар еді.

Қазақтың сәндік қолөнерінің тәрбиелік мәні де өте зор. Тың­ғылықты еңбек етуге дағдылан­дырады. Сонымен қатар әсем­дік, дизайндік сипатының да орны ерекше. Бұрындары он сау­сағынан өнері тамған ісмерлер ерекше бағаланған. Өйткені олар бұйымдардың жоғары са­па­сына, сәніне үлкен мән бер­ген. Заттың бетін өрнектеу, оюлау үшін әртүрлі тәсілдерді қолданған. Оймыштау, бедер­леу, шеку, тісеу, құрау тәрізді әрекеттер арқылы жүзеге асыр­ған.

Ұлттық мәдениетіміздің байырғы саласы – қолөнерді бай мұра, сарқылмас қазына ретінде күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге кіріктірудің мезгілі жеткен се­кілді.

Мейрам РЫСПАЕВ,

қолөнерші.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp