Отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері жыл сайын Наурыз мерекесін асыға күтеді. Оның өз себебі бар. Біз мереке аясында түрлі мерекелік шараларға қатысып, концерттік бағдарламаларды тамашалаймыз, дәмі тіл үйіретін бауырсақ, наурыз-көжеден, құрт, еттен ауыз тиеміз.
Наурызнаманың екінші “Қайырымдылық” күніне орай Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері біздер үшін “Көктемгі мереке: бейбітшілік пен жақсылық жаршысы” атты мерекелік бағдарлама әзірледі. Кіреберісте бізді кітапхана қызметкерлері ұлттық киімде ыстық бауырсақпен қарсы алды. Мерекелік іс-шара “Туған жер” би ансамблінің орындауындағы “Қара жорға” биімен басталды. Содан кейін Қыдыр ата сахнаға шығып, балаларға ақ батасын берді.
Тәрбиеленушілер үшін кітапхананың оқу залдары бойынша экскурсия өткізілді. Онда біздің балаларға киіз және жүнмен жұмыс істеу, құрақ көрпе тігу, көзешілік іс, наурыз-көже тағамын дайындау, қазақтың ұлттық ойындары “Асық ату”, “Бес асық”, “Тоғызқұмалақ” бойынша шеберлік сағаттары өткізілді. Әр қолөнер бөлмелеріндегі кітап көрмелері балаларды қызықтырды.
Наурыз-думан мұнымен шектелмейді. Қаламыздағы білім ордаларының өкілдері бізге мерекелік көңіл-күй сыйласа, отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиешілері де бойымызға рухани құндылықтарды сіңіріп, Наурыздың мәнін ашуға тырысып бақты.
Наурыз мейрамы ғасырлар бойы табиғат пен адам жанының жаңаруының символы болды, адамның өміріне, көзқарастарына әсер етті. Тек көктемнің ғана емес, ең әуелі ізгілік пен жақсылықтың мейрамы болған Ұлыстың осы бір ұлы күні жер бетіндегі қанды соғыстар, дау-жанжалдар тоқтатылып, адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін ұмытып, кешірімге келіп, татуласып, табыса білген. Халқымыз мол дастарқанын жайып, ақжарқын көңілмен жүздесіп, дәм татысып, өткен-кеткеннен сыр тартып, барша адам баласына жақсылық, аманшылық тілеп, жастарға ақ баталарын берген.
Отбасылық үлгідегі балалар ауылында тәрбиеленіп жатқан балалардың бірінің анасы, енді бірінің әкесі жоқ. Ең жақын адамдарымыздан жырақта болсақ та, біз жүрек түкпіріміздегі мейірімділік, қайырымдылық сынды асыл сезімдерімізді аялап келеміз. Наурыз мерекесінде бізді арнайы шақырып, қонақ етіп жатқан ұжымдарға ерекше алғыс айтамыз. Біз осындай ізгілік нұрын шашқан мейрамдарда еліміздің ертеңі екенімізді одан сайын сезіне түсеміз.
Ангелина НОВОЛЕТОВА,
отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушісі.