«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ғылымның діңгегі – археология

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күні кеше Атырауда өткен Ұлт­тық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев археология саласына кеңінен тоқталды. “Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұ­рамызды сақтап, оны дәріптеуі­міз қажет”, – деген сөзі осы салада еңбек етіп жүргендердің көңілі­не қонды.

Біздің ел – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тіке­лей мұрагері. Бұған археоло­гиялық қазба жұмыстары кезін­де көз жеткізіп келеміз. 2019 жылы Уалиханов ауданында табылған Алтын Орда дәуiрiнiң мазарлары Жошы хан әулетiнiң өкiлдерiне тиесiлi деген болжам айтылды. Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағ­дырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы даланы ме­кен еткен халықтардың сан ға­сырлық даму бағдарын айқын­дап отырды. Ұлық ұлыс мемле­кетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Қазба жұмыстары ба­рысында табылған төрт қабірдің біреуінен Алтын орда дәуі­ріне жататын күміс ақша табыл­ды. Танымал ресейлік нумиз­мат Павел Петров мұндай монеталардың 14 ғасырдың 30 жылдары жасалғанын дәлелде­ген. 1337 жыл деп көрсетілген. Соған қарап оның сарайда, Өзбек хан тұсында жасалғанын білуге болады. Бұл – Алтын ор­даның дәуірлеп тұрған кезі. Қаз­ба жұмыстары кезінде алтын әшекей бұйымдар, кiрпiштi күй­дiру пештерi мен шеберханалар, арықтар мен керамикалық ыдыстардың қалдықтары та­былды. Табылған жәдігерлердің барлығы бұл жерде мәде­ниеттің болғанын, басқа шығыс мемлекеттерімен экономи­ка­лық қарым-қатынас орнатылғанын, сауда-саттықтың, құрылыстың дамығанын көрсетеді.

Солтүстік Қазақстан архео­логиялық экспедициясының 57 жылдық тарихы бар. Бұл өңірдің археологиясы туралы сөз болғанда Г.Б.Зданович, В.Ф.Зайберт, М.К. Хабдулина, А.А.Пле­шаковтің есімі ойға оралады. Алайда қазір өңірде маман тап­шы. Болашақта Алматы, Астана қалаларында археология ма­мандығында оқып жатқан сол­түс­тіктің тумалары елге оралар деген үміт бар. Кадр даярлау үшін М.Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан уни­вер­ситетімен меморандум жа­салған. Археология институты ұйымдастыратын жазғы архео­логиялық мектепке, “Ақынжа­нов оқулары” конференциясына, тренингтерге студенттерді шақырып, бағыт-бағдар беріп отырамыз. Универси­тет­тің 2 курс студенті Ажар Сыз­дықова филиалда бір жылдан бері лаборант болып жұмыс іс­теп жүр. Биыл тек техникалық жұмыстармен шектемей, зерт­теу тақырыбын беріп, ғылыми мақалалар жазу­ға баулып жа­тырмыз. Тарих ма­мандығында оқитын 1 курс сту­денттері мін­детті түрде археологиялық тәжірибеден өтеді. Жазғы тәжірибеден соң қызы­ғушылықтары оянуы мүмкін. Университет та­ра­пынан архео­логия бағыты бойынша ма­гистратура, докта­рантура ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Бүгінгі таңда ға­лымдарды “қарақ­шы археолог­тар” қатты алаңдатып отыр. Археология саласына қатысты заң­дарды жетілдіру, лицензия беру ісін реттеу және археологиялық қаз­ба жұмыстарын заңсыз жүр­гізгені үшін жазаны күшейту қа­жет. Археология институтында далалық комитет жұмыс атқа­рады және мониторинг тобы бар. Мамандардың ой-пікірлері сараланып, қазіргі таңда құ­зырлы органдарға осы мәселелер бойынша ұсыныстар әзірленіп жатыр.

Меруерт ҚИЯСБЕК,

Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты Солтүстік Қазақстан филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp