«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлттық буржуазия керек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Атырауда өткен Ұлттық құ­рылтайдың үшінші отырысында бірқатар өзекті мәселелер қоз­ғалды. Соның бірі кәсіпкерлікті дамытуға қатысты. Президент ұлттық буржуазияға үлкен сенім артып, шағын және орта бизнес саласының алдына елімізді ай­мақтағы ашық нарықтық эконо­микасы бар маңызды орталық­қа айналдыру міндетін қойды. Сонымен қатар кей кәсіпкер­лердің алдымен елдің емес, өзінің мәселесін айтып қалуға тырысатынын да жасырмады. Тіпті араларында бизнес-жоба­сына қолдау көрсетуді, ол үшін өзіне жеңілдік сұрайтындар да бар екен. Жеке бастың мүд­десін бәрінен жоғары қойып, мемлекет есебінен шешуге ұм­тылатындардың бұл қылығы – ерсі, ұят.

Мемлекет басшысы айтса айтқандай, өзіміз де іссапар ба­рысында көріп жүрміз, өрке­ниетті елдерді айтпайық, ірге­дегі Ресейдің өзінде кәсіп­кер­лер Үкіметке жалтақтап, алақан жаймайды, тілемсектенбейді. Жеке кәсібін дөңгелетіп, керек-жа­рағын да, қаражатын да маң­дай термен табады. Өзімді мақ­тады деп сөкпеңіздер, елді ме­кендерді дамытуға арналған ау­қымды жобаларға үзбей қаты­сып, демеушілік көрсетіп келе­мін. Қайырымдылық сияқты сауабы мол шаралардан да бас тартқан емеспін. Ойымды нақ­ты мысалдармен өрбітейін. Ұялы ауылында фермер болып жүргенде әрлі-берлі Горький елді мекенінің жанынан өтетін­мін. Былай қарасаң, ірі ауыл секілді, ал тірлігі көзге қораш кө­рінетін. Бірде маған сол ауылға инвестор болуды өтінді. Ойла­на келіп, келісімімді бер­дім. Өйткені олардың өмір сүру сапа­сы шынында да жыларман халде еді. Жұмыссыздық сал­дарынан жастар жағы көшіп, көп үйлер иесіз қалған. Тұрғын­дардың қажеттіліктерін жан-жақты ескеріп, алғашқы қадам­ды әлеуметтік инфрақұры­лым­дарды жаңғыртудан бастадым. Ауыл абаттандырылып, жаңа жұмыс орындары ашылып, жұртшылықтың ертеңге деген үміті оянды. Шағын маркет, ас­хана, қырман, астық қоймасы қалпына келтірілді. 20 баспана тұрғызылып, 18 үй жөнде­ліп, түрлі себептермен көшіп кет­кен отбасылар кері орала бас­тады. Спорт алаңы, клуб, ме­шіт, мал қоралары салынды. Кө­шелер асфальтталды. Үйлерге су тар­тылды. Жобалық-сме­талық құжат­тар рәсімделіп, мектеп күрделі жөндеуден өтті. Қазір мұнда оқитын 112 оқу­шыға 30 мұғалім сабақ береді. “Балбөбек” ша­ғын орталығына 15 бүлдіршін барады.

Бүгінде 17350 гектар ал­қапқа бидай, арпа, сұлы, майлы дақылдар себеміз, 1 мың ірі қара, 900 жылқы өсіріледі.

Мемлекет басшысы айтқан­дай, бизнес өкілдері барлық са­лада белсенді болуы қажет. Мұқ­таж жандарға қолынан кел­ген­ше көмек көрсетіп, әрдайым әлеуметтік жауапкершілік таны­туы керек. Сонда ғана, шын мә­нінде, жаңа ұлттық буржуазия қалыптасады деп айта аламыз. Дәл осындай ұлттық буржуазия өкілдері бәсекеге қабілетті эко­номика құруға және халқына қалтқысыз қызмет етуге қашанда дайын болады.

Марат ШАПЕНОВ,

“Ақниет-Агро және К” ЖШС-ның директоры.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp