Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында бірқатар өзекті мәселелер қозғалды. Соның бірі кәсіпкерлікті дамытуға қатысты. Президент ұлттық буржуазияға үлкен сенім артып, шағын және орта бизнес саласының алдына елімізді аймақтағы ашық нарықтық экономикасы бар маңызды орталыққа айналдыру міндетін қойды. Сонымен қатар кей кәсіпкерлердің алдымен елдің емес, өзінің мәселесін айтып қалуға тырысатынын да жасырмады. Тіпті араларында бизнес-жобасына қолдау көрсетуді, ол үшін өзіне жеңілдік сұрайтындар да бар екен. Жеке бастың мүддесін бәрінен жоғары қойып, мемлекет есебінен шешуге ұмтылатындардың бұл қылығы – ерсі, ұят.
Мемлекет басшысы айтса айтқандай, өзіміз де іссапар барысында көріп жүрміз, өркениетті елдерді айтпайық, іргедегі Ресейдің өзінде кәсіпкерлер Үкіметке жалтақтап, алақан жаймайды, тілемсектенбейді. Жеке кәсібін дөңгелетіп, керек-жарағын да, қаражатын да маңдай термен табады. Өзімді мақтады деп сөкпеңіздер, елді мекендерді дамытуға арналған ауқымды жобаларға үзбей қатысып, демеушілік көрсетіп келемін. Қайырымдылық сияқты сауабы мол шаралардан да бас тартқан емеспін. Ойымды нақты мысалдармен өрбітейін. Ұялы ауылында фермер болып жүргенде әрлі-берлі Горький елді мекенінің жанынан өтетінмін. Былай қарасаң, ірі ауыл секілді, ал тірлігі көзге қораш көрінетін. Бірде маған сол ауылға инвестор болуды өтінді. Ойлана келіп, келісімімді бердім. Өйткені олардың өмір сүру сапасы шынында да жыларман халде еді. Жұмыссыздық салдарынан жастар жағы көшіп, көп үйлер иесіз қалған. Тұрғындардың қажеттіліктерін жан-жақты ескеріп, алғашқы қадамды әлеуметтік инфрақұрылымдарды жаңғыртудан бастадым. Ауыл абаттандырылып, жаңа жұмыс орындары ашылып, жұртшылықтың ертеңге деген үміті оянды. Шағын маркет, асхана, қырман, астық қоймасы қалпына келтірілді. 20 баспана тұрғызылып, 18 үй жөнделіп, түрлі себептермен көшіп кеткен отбасылар кері орала бастады. Спорт алаңы, клуб, мешіт, мал қоралары салынды. Көшелер асфальтталды. Үйлерге су тартылды. Жобалық-сметалық құжаттар рәсімделіп, мектеп күрделі жөндеуден өтті. Қазір мұнда оқитын 112 оқушыға 30 мұғалім сабақ береді. “Балбөбек” шағын орталығына 15 бүлдіршін барады.
Бүгінде 17350 гектар алқапқа бидай, арпа, сұлы, майлы дақылдар себеміз, 1 мың ірі қара, 900 жылқы өсіріледі.
Мемлекет басшысы айтқандай, бизнес өкілдері барлық салада белсенді болуы қажет. Мұқтаж жандарға қолынан келгенше көмек көрсетіп, әрдайым әлеуметтік жауапкершілік танытуы керек. Сонда ғана, шын мәнінде, жаңа ұлттық буржуазия қалыптасады деп айта аламыз. Дәл осындай ұлттық буржуазия өкілдері бәсекеге қабілетті экономика құруға және халқына қалтқысыз қызмет етуге қашанда дайын болады.
Марат ШАПЕНОВ,
“Ақниет-Агро және К” ЖШС-ның директоры.
Ақжар ауданы.