Ұлыстың ұлы күнін шетте жүрген қазақ диаспорасының өкілдері де атап өтеді. Мәселен АҚШ-тың Флорида штатында қазақ азаматтары бұл күні отбасыларымен жиналып, кең дастарқан жайып, ұлттық киім киюді дәстүрге айналдырған.
Менің АҚШ-та тұрып жатқаныма 2,5 жыл болды. Былтыр “University of Florida” жоғары оқу орнын тамамдап, халықаралық бизнес магистрі атандым. Қазіргі уақытта мамандығым бойынша жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаудамын.
Бұл университетте Қазақстаннан келіп оқитындар көп. Қазір Флорида штатында 15 шақты жерлесім бар, бәріміз жақсы араласып тұрамыз. Жиі болмаса да, мейрамдарда, мәдени іс-шараларда жиналып, әңгіме-дүкен құруға тырысамыз. Мұндай жиындардың мақсаты – елге деген сағынышты басу, бірлігімізді нығайту, алдағы жоспарларымызбен бөлісіп, керек болса көмек беру, ақылдасу.
Біз Америкаға алғаш барған жылы Наурыз мейрамы Орландо қаласында ұйымдастырылды. Қазақтың ұлттық киімін киіп барған бізді көрген жергілікті тұрғындар таңданыстарын жасырмай, суретке түсу туралы ұсыныстарын айтып жатты. Жүзден астам Қазақстан азаматы қатысқан мейрамда киіз үй құрып, оны өзіміз безендірдік. Өте көңілді, есте қаларлық мереке болды. Көптеген зиялы азаматтарымызбен, осы жақта тұрып жатқан түрлі сала өкілдерімен, кәсіп иелерімен таныстық, ой алмастық. Бұл басқосу шетелге енді келген біздің жаңа ортаға бейімделуімізге сеп болды.
Ет те асылды, бауырсақ та пісірілді. Дастарқанға айран, үйден ала келген құртты қойдық. Түркі халқына ортақ мейрам болғандықтан, палау бастырылды, өзбектердің дымлямасы әзірленді. Әсіресе шетелде мұндай басқосулардың маңызы, тәрбиелік мәні өте зор ғой. Балаларымыз көріп, ұлттық салт-дәстүрімізді сезініп өседі. Бұл – біздің ажырамас бір бөлігіміз. Ұрпақтан ұрпаққа берілуі тиіс.
АҚШ-тағы қандастарымыз биыл да Наурыз мейрамын тойлауды жоспарлап отыр. Бірақ ұлттық мейрам Рамазан айымен тұспа-тұс келгендіктен осы жақтағы қазақ қауымы оны мерекелеуді сәуір айына шегерді.
Қазір осындағы қазақтар Наурызға дайындықты бастап кеттік. Бұл мейрамға америкалықтардың қызығушылығы жыл сайын артуда. Өйткені Ұлыстың ұлы күні бір штатта ғана емес, түркі тілдес халықтардың өкілдері тұратын барлық қалаларда ұйымдастырылып келеді. Көріп, тамашалау, қатысу үшін арнайы келетін шетелдіктер де бар. Мысалы былтыр мейрамға қазақшаға судай америкалық келіп қатысты. Наурыздан бөлек, Тәуелсіздік күнінде де басымызды қосып, ұлық мерекені атап өтуге тырысамыз. Туған жерден алыста жүрген біз үшін осы екі мерекенің маңызы зор. Менің ойымша, патриоттық сезім, елге деген сағыныш шалғайда жүргенде қатты байқалады. Шетелдіктермен әңгімелескенде елім, ұлан-байтақ жерім туралы жиі айтамын. Олардың ықыласпен тыңдағандарына қарап ерекше бір сезімде боламын.
Атамекеннен шалғайда жүргендіктен тілді, салт-дәстүрді ұмытпау, балалардың бойына сіңіру маңызды. Ұл-қызымның санасына ұлттық құндылықтарды сіңіруді парызым деп білемін.
Алмас ХАМЗА,
АҚШ-тың Флорида штатының тұрғыны.
АҚШ.