М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті агротехнологиялық факультетінің студенттері мен Ұлттық ұлан академиясының курсанттары арасында “Наурыз – достық мерекесі” атты байқау өтті. Қатысушылар 5 командаға бөлінді.
Сайыс барысында әр топ қазақ, армян, өзбек, қытай, орыс ұлттарының мәдениетін, әдеп-ғұрпын таныстырып, ұлттық тағамдарын әзірледі. Білім алушылар әр ұлттың тамағын жоғары оқу орнының азық-түлік технологиясы зертханасының базасында алдын ала дайындаған.
Қазылар алқасы тағамның дәмін және өзіндік ерекшелігін, санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкестігін бақылады. Әр команда шығыс тәттісі “Чак-чакты” дайындап, оны ұсынылған ұлттық тағамдардың мәзіріне біріктірді. Сонымен қатар шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, өнерлерін паш етті.
Жарыс қорытындысы бойынша, қытай мәдениетін ұсынған АӨТ-21 тобының студенттері үздік деп танылды. АӨТ-23-к тобының білім алушылары бірінші орынға тұрақтады. Ұлттық ұлан академиясы курсанттарынан құралған команда күміс, АӨТ-21-к тобы қола жүлдегер атанды.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.