«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кәсіпкер құқығын қорғау

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Әкімшілік қалау: қолдану теориясы мен практикасы” тақырыбы бойынша өткен “дөңгелек үстелге” облыстық соттың судьялары, шағын және орта бизнес өкілдері, мемлекеттік қызметшілер мен заңгерлер қатысты.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрайымы Инесса Қуанова іс-шара Жоғарғы Сот пен “Атамекен” ҰКП-ның қолдауымен ұйымдастырылып отырғанын, өзекті тақырыпты талқылау барысында нақты проблемаларға баса назар аударылатынын атап өтті.

2021 жылы қабылданған Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодекс шеңберінде кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау құқықтары кеңейтіліп, лауазымды тұлғалардың атына жолданған шағымдар мен өтініштерді қараудың жаңа алгоритмі енгізілді. Кодексте көрініс тапқан негізгі ұғымдардың бірі – әкімшілік қалау. Ол әкімшілік органның, лауазымды адамның заңнамада белгіленген мақсаттарда және шектерде заңдылықты бағалау негізінде ықтимал шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігін білдіреді. Осыған орай әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік актіні қабылдау және әкімшілік әрекетті жасау (әрекетсіздік таныту) осы өкілеттіктің мақсаттарына сәйкес келуі керек. Қалауды белгілеу мақсаты – әділ және дараланған шешімді, оның ішінде нақты жағдайда дара және жеке мүдделердің теңгерімін ескере отырып, қамтамасыз ету, мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен икемділігін арттыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін заңды түрде анықтау. Егер әкімшілік органдар басқа заңды салдарларды таңдауға ниет білдірсе, қалаудың жалпы ережелері қолданылады.

“Меморандум шеңберінде өңірлік палата мен облыстық сот жүйелі әріптестік орната отырып, бизнес субъектілері арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері бойынша кәсіпкерлердің мемлекеттік институттармен дау-дамайларды бейбіт жолмен реттеуін қарастырып отырады”, – деді өз сөзінде облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.

Алайда кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жақсарғанына қарамастан құқық бұзушылық фактілерін жою жолдары жедел түрде қарастырыла бермейді. Бизнес субъектілері сот және қоғамдық институттарға қайтадан жүгінуге мәжбүр. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ақпаратына сәйкес, мемлекеттік органдарға лауазымды тұлғалардың шешімдері мен әрекеттеріне шағымдану бойынша жыл сайын орта есеппен 4 мыңға жуық өтініш келіп түседі. Мұның өзі мән-жайлар жан-жақты және толық зерттеле бермейтіндігін айғақтайды.

Жиында жағдайды жақсы жаққа өзгертуге мүмкіндіктер беретін заң нормалары, әкімшілік қалаудың бар-жоғын қалай анықтауға болатыны егжей-тегжейлі түсіндіріліп, ақпараттық слайдтар көрсетілді. Германия тәжірибесінен мысалдар келтіріліп, әкімшілік қалаудың заңдылығы, мақсатқа сәйкестігі талданды.

“Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерді қинайтын бір мәселе бар. Толық өндірістік цикл 7 жылға арналған. Олай болса, жер учаскесін 5 жылға ұсыну конкурсын қалай өткізуге болады? Бұл мемлекеттік органның өз қалауы ма әлде қабілетсіздігі ме, болмаса сыбайлас жемқорлық тәуекелін қолдан туғызу ма? 5 жылдан кейін кәсіпкер мемлекеттік органға тағы да баруға мәжбүр болып, түрлі бюрократтық кедергілерге кезігеді. Бұл шартқа түзетулер енгізбей болмайды”, – деді басқосуды қорытындылаған Инесса Қуанова.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp