Павлодарда волейболдан ерлер командалары арасында ХХХ Қазақстан чемпионаты аяқталды. Биыл жерлестеріміз біріншіліктің қола жүлдегері атанды.
Үшінші орынды сарапқа салу үшін алаңға солтүстікқазақстандық «Есіл» мен «Атырау» командалары шықты. Бұған дейін атыраулықтарды 3:0 есебімен жеңген жерлестереміз қарымта кездесуде де мүлт кетпеді. Алексей Терениннің шәкірттері айқын басымдықпен жеңіске жетті.
– Өткен жылы бесінші орынды қанағат тұтсақ, биыл қола жүлдеге қол жеткіздік. Жалпы, маусым барысында түрлі турнирлерде үш медаль алдық. Бұл маусымның табысты өткенін білдіреді. Келесі чемпионатқа да мұқият дайындаламыз. Петропавл қаласында спорт сарайы салынып жатыр. Бәлкім, алдағы маусымда Ұлттық лиганың турын қабылдап қалармыз, – деді Алексей Теренин.
Биыл ел біріншілігінің алтын жүлдесі «Тараз» командасына бұйырса, күмісті «Павлодар» клубы еншіледі.
Аманжол НҰРТАЗИН,
«Soltüstık Qazaqstan».