Ерембек ӘУБӘКІРОВ: “Қызметте халыққа адал болдым”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 – Ерембек Жәмшитұлы,  сіз облыстық мәслихаттың ең алғашқы хатшысы болғандықтан мойныңызға жаңадан құрылған өкілетті органды қалыптастыру жүгі артылды. Оның  үстіне тоқсаныншы жылдардың орта кезі елдегі жағдай қиын еді. Мәслихаттың жұмысын жүйелеу оңайға түспегені анық. Сол кезеңге шолу жасасақ.

– 1994 жылдың наурызында елімізде алғашқы мәслихат сайлауы өтіп, бірінші шақырылымдағы мәслихаттың депутаттар корпусы жасақталды. Облыстық мәслихаттың бірінші хатшысы болып мен сайландым. Қиын-қыстау уақытта ел деңгейінде қабылданған реформалар мен бағдарламалардың бәрі дағдарыстан шығудың жолдарын қарастырды. Сол бағытта жұмыс істеп, облысымыздың барлық аудандарын, ауылдарын аралап, тұрғындармен жиі кездесулер өткіздік.  Кәсіпорындар ауысым бойынша жұмыс істейтін. Қызметкерлерге беретін ақша жоқ. Кәсіпорындар  жұмысшылардың еңбекақысын өздері шығарған өнімдер – велосипед, канистра, арақ-шарап сияқты заттар арқылы төледі. Қарапайым еңбек адамдары алған заттарын базарға апарып сатып күн көрді. Осыдан алып-сатарлық пайда болды.  Зейнетақы төлейтін қаржы жоқ. Өнеркәсіп орындарының, зауыттардың ұжымдарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Ауыл шаруашылығы саласының нарықтық қатынастарға көшуі өте қиын жүрді. Одан басқа таңдайтын жол да болмады.  Зейнетақы кешіктіріліп берілетін еді. Өзіміздің төл ақшамыз айналымға шыққаннан кейін бұл мәселе де оң шешімін тапты.  Жағдай жақсы арнаға бұрыла бастады. Зейнетақыны алфавит бойынша беретін болдық. 

– Расында да 1997 жылы  Көкшетау облысы бізге қосылды ғой. Яғни облыстық мәслихаттар да біріктірілді. Енді екі облыстың жағдайын назарда ұстап, 90 депутаттың  жұмысын жүйелеу қиын болған жоқ па?

Бұл кезде бұған дейін жүйеленген жұмыстың тәртібі  бұзылып,  енді тоқсан депутаттың  қаржыға таласуы қайта басталды.  Олар өздеріне, біздікілер өзіне тартып, айғай-шу үдеді. Бұлай жалғаса берсе, жұмыстың берекесі кететіні анық. Кезінде өзіміздің депутаттарға жұмыс барысын түсіндірген сияқты олардың арасында да ақпараттық жұмыс жүргізіп, ымыраға келдік. Сондықтан мен бірінші шақырымды «қалыптасу кезеңі» деп атаймын.

Ал  1999 жылыекінші шақырылымның мерзімі басталды. Бұл уақытты «даму кезеңі» деп атаймын. Бұл шақырылымда 2010 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық бағдарлама қабылданды.  Осы ретте халық қалаулыларының алдында тұрғындардың әл-ауқатын арттыру міндеті тұрды. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында өнім көлемін арттыру және тұрақтандырудың арқасында жоспарлау мүмкіндігі артты. Бұл кезеңде 79 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып, жұмыссыздық 3,7 пайызға қысқарды. 37 мың аз қамтылған отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Үшінші шақырылымдағы депутаттар түрлі саладан еді. Орта жасы 40-тан асып жығылатын  аграрлық, энергетика, машина жасау, денсаулық сақтау, білім беру саласында тәжірибесі мол мамандар, заңгерлер, кәсіпкерлер өз білімдері мен біліктерін ортақ мәселені шешуге жұмылдырды. Бір сөзбен айтқанда, өңірдегі түйінді мәселелерді әр қырынан көре, тани білетін мамандар бір бағытта еңбек етті.

Үшінші шақырылымда қызмет еткен депутаттар да көп істерді тындырды. Бұл кезді мен «жетілу кезеңі» деп атадым. Мәселен облыстық бюджетті нақтылау барысында кірістің шығыннан басым түсуінің нәтижесінде және бюджеттік қаражаттың артуына байланысты әлеуметтік салаға 1,1 млрд. теңгеден астам қосымша ақша бөлу мүмкіндігі пайда болды. Облысты экономикалық және әлеуметтік жағынан дамытудың 14 бағдарламасын қабылдадық. 2005-2007 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы туралы бағдарлама бекітіліп, жылдық жоспар мерзімінен бұрын орындалды. Нәтижесінде 117 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Білім беруді дамытудың өңірлік бағдарламасы негізінде 10,6 млрд. теңге бөлініп, мектептердің оқу және материалдық-техникалық база едәуір нығайтылды, білім берудің 100 нысанына күрделі жөндеу жүргізілді.

– Мәслихат дегеніміз – тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс қарамағындағы аймақтың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілдік орган. Ол сол аймақ халқының қалауын  білдіреді және жалпы мемлекеттік мүддені ескере отырып, қабылданған шешімдерді жүзеге асыру шараларын белгілейді әрі атқарылу барысын бақылайды.  Мәслихаттар осы түйінді мәселелерді шеше алды ма?

Әрине,  өзім басқарған жылдары мәслихат түйінді мәселелерді шешті. 1996-1998 жылдарға арналған облыстық бағдарлама қабылданды. Соның негізінде экономикалық өзгерістерге жол ашылды. Осы шешіміміз дұрыс болды. Өйткені қоғамды нарықтық қатынасқа  үйрету, шағын бизнесті дамыту үшін бұрынғы кәсіпорындарға дем беріп,  шығарып жатқан дүниелеріне сұранысты арттыруға көмектесіп, жағдайды жақсарту көзделді. Осылайша атқарушы органмен бірлесе маңызды қызмет атқарылды. Өңіріміздегі зауыттар ауыл шаруашылығына қажетті құралдардың 800 түрін жасап шығарды. Қосалқы бөлшектер саланың дамуына ықпал етті.  Сонымен қатар нарықтық экономиканың жай-жапсарын түсінгендер  шағын бизнеске ден қойып,  өз кәсіптерін ашуға талпынды. Сол саланы дамыту үшін жетпей жатқан қаржыдан 30 млн.теңге бағыттадық. Жоғарыда аталған реформаның соңында, яғни 1998 жылға қарай шағын бизнес деген түсінік пайда болды.  Яғни,  18 мың адам өз кәсібін ашты. Оларда 56 мың адам еңбек етті. Облыс орталығындағы қалалық классикалық гимназияның құрылысы және №6 қазақ орта мектепті жөндеу үшін қаржыландырудың қосымша көздерін іздеп таптық.  Қабылданған реформа қалай жүзеге асырылып жатқанын қатаң бақылауға алдық.  Қатаң бақылау болмаса,  орындалмай, қағаз жүзінде қалары анық. Атқарушы органға депуттатық сауалдар жолдап, жұмыс барысын назарда ұстадық. Сессия болатын күні тұрғындар  таң атпай мәслихат алдына жиналады. Мұң-мұқтажын арқалап келген халықтың алдына шығып, елдегі жағдайды түсіндіреміз, сабырға шақырамыз. Осылайша таңертең сағат 10 кезінде өтуі тиіс сессия түстен кейінгі уақытқа шегерілетін.

– «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңда мәслихат әкімді тағайындауға келісім береді әрі кандидатқа сұрақтар қоюға, талқылау жүргізуге құқылы. Өз басым тағайындалуы тиіс облыс, аудан әкіміне  халық  қалаулыларының сұрақ қойғанын көрмеппін. Неге?

Жалпы облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімі лауазымына тағайындауға келісім облыс аумағында орналасқан мәслихаттар немесе республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттары депутаттарының жиналысында беріледі. Облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімі лауазымына кемінде екі кандидат ұсынылады. Бірақ бұл жерде кім тағайындалатыны  белгілі болып тұратынын жасырып қайтейін.

– Қалай болғанда да, бұрынғы жүйемен ұқсас қой?

Иә, ұқсас. Менің ойымша, жоғары жақ әкімді ұсынар кезде үміткердің қабілет-қарымын бағамдайтыны анық. Өйткені облыс, ауданды басқаруға, оның әлеуеттік-экономикалық әлеуетін көтеруі тиіс адам тиянақты таңдалады.  Сондықтан депутаттар осы жағын ескереді.

– Қоғамда мәслихат депутаттары өз құзыретін толық пайдаланбайды, жергілікті атқарушы билікке тәуелді деген сын бар. Бұл сыры неде?

Мәслихаттың жұмысы депутаттардың өідеріне байланысты. Мәслихатқа қандай міндет жүктелгенін біліп, не талап етілетінін түсіндіру аса маңызды. Қазіргі мәслихаттың жұмысына  қатысты пікір айта  алмаймын. Өзім жетекшілік еткен кезде  халық мүддесіне сәйкес жұмыс істедік. Есіме бір жайт түсіп отыр,  ауыл-ауылды аралап жүргенде Айыртау ауданында  медицина  саласы  құлдырап кеткенін көрдік.  Ауруханаларар жөндеу көрмеген, тозған, қажетті құрылғылар жоқ, жағдайлары нашар.  Сол жаққа тиісті  тұрақты комиссияны жібердік. Олар тексеріп, қарағаннан кейін мәселені аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясымен бірлесіп, жергілікті атқарушы  органмен талқылады. Бұл мәселе мәслихат сессиясына шығарылғаннан кейін  тиісті басшылар   жағдайды дұрыстады. Бұл кезде  ауылдарда медицина тұралап қалған еді. Сондықтан екінші шақырылымда  өңірдегі медицинаның жағдайын қарадық. Талап бойынша  ауылдар  100-ден 300-ге дейін адам болса,  міндетті  түрде ФАП не болмаса  амбулатория болуға тиісті. Осы талаптың орындалуын қадағалап отырдық.

Екінші  шақырылымның соңында Қызылжар ауданындағы Кодратовка ауылына бардым. Анадайда тұрған ғимаратты көзім шалды. Жанымдағылардан сұрасам, мектеп екен. Бұрынғы қойманың ғимаратында мектеп ашыпты. Желдеткіш істемейді, терезесі де аз.  Айнала сыз. Балаларға тамақ беретін орын сыртта орналасқан. «Балалардың денсаулығы қалай?» деп сұрасам, мектептің медбикесі 15 балада туберкулезге қарсы манту оң нәтиже көрсеткенін айтты. Облыс орталығына жетіп, сол кездегі білім басқармасының басшысын тауып алып: «Мыналарың не? Балаларды шетінен туберкуллез  қылайын деп пе едіңдер? Қайда қарап жүрсіңдер?» деп  мәселені төтесінен көтердім. Сол жылы ақша да табылды, 90 орындық мектеп те салынды. Осындай мәселелерді шешу депутаттардың міндеті. Билікке жалтақтамаса, түйінді мәселелердің беті ашылады, шешу жолдары табылады.

– Қателеспесем, сіз облыстық мәслихат қызметін жетілдіру мақсатында түрлі жаңашылдықтар енгіздіңіз. Соның бірі – тұрақты комиссиялардың көшпелі отырыстарын өткізу. Бұл тәжірибе әлі күнге дейін жалғасып келеді.    Жалпы мәслихат жұмысын заман ағымына, уақыт сұранысына  қарай жетілдіріп отыру жағы қалай қазір?

– Шынында да, мәслихат жұмысын жетілдіріп отыру қажет.  Алғашқыжылдары  бұрын мүндай орган болмағандықтан, оның жұмысын үйлестіру үшін жан-жақты іздендік. Жұмысын бір ізге түсіру үшін жаңа әдіс-тәсілдер, тиісті шаралар  қажет болды.  Үстімізден қарап отыратын, бағыт-бағдар сілтер, ақыл-кеңес берер  орган жоқ. Өз тәжірибемізге сүйеніп,  қолданысқа енгізген  амал-тәсілдер  мәслихат төңірегінде жұмыс істеп жүргендердің пайдасына жарады. Қалалық, аудандық мәслихаттар бізге бағынбайтыны белгілі. Бірақ олардың да жұмысы тұралап тұрды.  Бар білгенімізді үйретіп, семинарлар өткіздік, бағыт-бағдар беріп отырдық, аудандық мәслихат хатшыларын сессияларға қатыстырып, тәжірибе жинақтауына мүмкіндік жасадық.  Себебі бір-бірімізбен араласпай,  өз қазанымызда өзіміз қайнап отыра берсек, өңірдегі жағдай түзелмейді.  Әр депутатқа папка жасаттық. Оған айтылған  аманат  сол папкада жазулы болды. Уақыт өткен сайын не істеп, не қойғанын бақыладық. «Не бітірдің, халықтың жағдайы қалай, ауылға барғанда не істедің?» деген сұрақтарға жауап алып отырдық.

1998 жылы мәслихат ғимаратында  депутаттар тұрғындарды  қабылдайтын бөлме аштым. Қаладағы депутаттар осы бөлмеде қабылдау өткізді. Қабылдауға келген әр адамды тыңдап, оның жағдайын түсінуге тырысып, қажет жерінде қолдау көрсету керек болды. Сол жылы қабылауға  800-ден астам адам келді. Барлығының өтініш-тілегін орындау мүмкін емес. Сондықтан шеше алмайтын мәселе болса,  асықпай, еш бүкпесіз байыппен түсіндірдік. Екінші шақырылымда тұрғындардың жеке бас мәселелері бойынша шағымдануы күрт азайды. Енді азаматтарды сумен қамтамасыз ету, жол қатынасы, елді мекендерге телефон тарту сынды  жалпыға ортақ мәселелер толғандырды. Атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін көріп, депутаттардан  қызметімізді жетілдіруге қатысты ұсыныстар да сұрадым. Жұмысты жетілдіретін жаңа әдіс-тәсіл тапсақ, жоспарды орындау соғұрлым жеңілдейді  емес пе?

– Көктем шыға қызыл су әбігерге салады. Бұрындары су тасқынының алдын алу үшін  қандай амал-шаралар қолға алынушы еді?

– Ол кезде  ауыл-аймақты су басатындай тасқын болмайтын. Облыс орталығындағы Ойқала, Заречный, Былғары зауыты сияқты шағынаудандарды су алатын. Ал аудандарда бүгінгідей төтенше жағдайлар болмайтын. Жалпы  судың  ағатын жолы болады. Соңғы жылдары құрылыс оңды-солды жүргізіліп жатыр.   Алдын ала жерді  зерттеп, зерделеп жатқан кісі жоқ. Менің ойымша, ауыл-аймақты су басуына осы да түрткі болуы мүмкін.

– Ерембек Жәмшитұлы,  бірер күн бұрын жетінші мүшелді еңсердіңіз.  Мерейлі жасқа жеткенде жүріп өткен жолыңызды, қызмет атқарған жылдарыңызды ой елегінен өткізеріңіз анық. Жүрісі таза, еңбегі адал азаматтың жанына не жақын?

– Қызмет атқарып жүрген кезімде халыққа әділ болдым. Әлі күнге дейін әділдікті қалаймын. Талай жерде еңбек еттім ғой. Қызмет барысымен Соколовкада үш жылдай жұмыс істедім.  Сол жақтың халқы да, облыс орталығында  мені білетіндер де көрген жерде құшақтасып амандасады. Жергілікті халықтың сыйластығын көргенде,  адал қызмет атқарған екенмін ғой деп ойлаймын.

  • Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Өмірдерек:

Туған жылы: 1939 жылдың 1 сәуірі.

Туған жері: Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданындағы,  Шоққарағай ауылы.

Қызметі: зейнет  демалысында

Марапаты: «Құрмет» ордені, «Құрмет белгісі», «Тыңға 50 жыл», Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасның Конституциясына – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Респбликасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған. «Құрметті депутат» төсбелгісінің иегері. Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp