ҚАЙТА ОРАЛҒАН КӨКТЕМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әминә ӘУБӘКІРОВА,

52 жаста.

Махаббаттың қайығында сүйікті адамыңмен бірге тербелген қайран кездер-ай. Жастық шақта өмірдің қызығын көріп, әр күнді ойын-сауықпен өткізіппіз ғой. Сол жылдар менің өмірімнің жайнаған көктемі сияқты елестейді. Сол көктемді енді оралмастай көретінбіз. Оқуды енді ғана аяқтаған бір топ қыз-жігіттер мәре-сәре болып, үлкен қаланы думанға бөлеп жатушы едік. Бұрымдары беліне түскен аяулы құрбылар, қыз-жігіттер көп еді. Солардың ортасында қабағымызға кірбің ілінбей, жадырап-жайнап жүрдік. Менің жас жүрегімнің бұлқынысына айналған айналамдағы кішкентай әлемім осындай еді. Алайда кейде бір өзі бар әлем болып көрінетін адамдар да болады екен. Бұған Жандосты кезіктіргенде көзім жетті.

Алғашында оны жай ғана қызық қуған бай-бағландардың баласы деп ойлаушы едім. Бірінші таныстығымызда суық қабақ таныттым. Сұлу біткен аяғына жығылуы керектей кеудесін көтеріп, кердең басатын серісымақтарды бұрын талай көргенмін. Мұны да бірден солардың қатарына қосып, есімін сызып тастамақ болғанмын. Өзімнен біраз үлкен, жағдайы да түзу адаммен бірден түсінісіп кету оңай емес қой. Бірақ Жандос жоқ дегенге жігері құм болатын жасықтардың қатарынан болмай шықты. Көрген сәттен бастап қасымнан айналшықтап кетпейді. Екеуіміздің ортақ таныстарымыз да жоқ. Мен қалаға келгеніне көп болмаған ауылдың қызымын, ол – мұндағы тіршілікке әбден бейімделіп, біраз жетістікке жетіп үлгерген ересек адам. Соған қарамастан мекенжайымды қайдан алғанын кім білсін, күнде кешке үйімнің алдына келеді. Бірге тұратын құрбыларым «Ақ боз атты ханзадаң келді» деп үнемі қалжыңдайды. Ол заманның жігіттері ержүрек, батыл ма деймін. Қазіргідей телефон мен ғаламтор жоқ заманда өз сүйгенін сарыла күтіп, жүзбе-жүз кездесуге асығатын. Ал қазіргілер ұнатқаны әлеуметтік желіде жөндеп хат жазбаса, беті қайтып, жігері құмға айналады. Кейде тіпті өз сезімін білдіруге батылдары жетпей жатады.

            Арамыздағы алшақтыққа қарамастан көп өтпей Жандос екеуіміз жақын адамдардай болып кеттік. Көлігіне отырып үлкен қаланы аралаймыз. Мұнда 5 жыл тұрсам да қаланың көп жерін біле бермейді екенмін. Кейде жалынды сезімімізге мына шаһардың өзі тарлық еткендей қаланың сыртына шығып кетеміз. Талай ғашық сырласқан саябақта біз де серуендедік, талай жұп қол ұстасып өткен көшелерде біздің де ізіміз қалды. Сол сәт мен өзімді ең бақытты адам сезінуші едім. Мына бақ тек екеуіміз үшін жайқалып тұрғандай, айналадағы адамдар тек екеуіміздің махаббатымызға тамсанып өтіп бара жатқандай әсерге бөленемін. Адамға өмірдің беретін ең үлкен сыйы махаббат екен ғой. Өмірден қу тізеңді құшақтап өтер болсаң, онда атақ-даңқтың да, дүние-мүліктің де құны көк тиын. Жалғыздықтан жүрегің сыздап алтын тақтың үстінде отырғаннан көрі, ғашығыңмен қол ұстасып, лашықта тұрған артық деп санаймын. Егер шын сүйетін адамыңа кезіксең, ол сенің досыңа да, ұстазыңа да, қолдаушыңа да, қамқоршыңа да айналады. Мен үшін Жандос ешнәрсеге айырбастамайтын бүтін бір әлем еді. Ол қасымда болғанда өзімді дүниенің бар байлығы аяғымның астында жатқандай сезінемін. Екеуіміз сұлу кештерде ұзақ сырласып, уақыттың қалай өткенін де байқамай қаламыз. Бір қызығы қанша жақын болсақ та мен Жандос туралы көп нәрсені біле бермейтінмін. Ол да өзінің кәсібі, отбасы туралы тым аз айтатын.

            Жандостың отбасын қайдам, бірақ менің үйімдегілер бұл таңдауыма бірден қарсы болды. Олардың да уайымын түсінуге болады. Бар ғұмырын арнап, мәпелеп өсірген қызының ертеңін кім уайымдамасын? Бірде үйге барғанымда ата-анама Жандос туралы айттым. Ата-анам қабақ шытып, жақтырмаған кейіп танытты. Айтуларынша қыздарды шүберекше ауыстыратын қаланың еркетотай жігіттеріне жолауға болмайды екен.

            -Қызым, қалада Жандос сияқты жігіттер көп болады. Алғашында асты-үстіңе түсіп, өлердегі сөзін айтып, ант-су ішуі мүмкін. Жасы да біршама үлкен екен. Әрі кетсе, бір жыл бірге жүреді де кейін солған гүлдей лақтыра салады. Жастық шақта бәрі мінсіз болып көрінуі мүмкін. Алайда үй болған соң жасы үлкенмен тіл табысу оңай болмайды, – деді анам.

            Менің бақытыма бірге қуанады деген үйдегілердің айтқан сөзі осы болды. Кейде біз қосылмаған ғашықтар мен қатігез қоғамның құрбаны болған қыз бен жігіт туралы аңыз-әңгімелерді тыңдап отырып, ол заман келмеске кеткендей сезінеміз. Байғұстарды аяп, үлкендерді сөгіп, өзімізше төреші боламыз. Алайда қай кезде де ғашықтардың жолы ауыр екен. Бүгін де, ертең де сүйіп қосылған жандардың алдынан кедергілер шыға бермек екен.

            Егер Жандосты шын сүймейтін, сезімі алдамшы біреу болсам, үлкендердің сөзіне тоқтап, қош айтысар едім. Алайда мендегі сезім ондайға барғызбады. Қанша оқталсам да өзімнің сүйгенімнің қасынан кете алмайтынымды ұқтым. Ақылым мен жүрегім арпалысқа түсіп, ішім алай-дүлей болып, ақыры не болса да, бақытыммен бір боламын деп шештім. Жандос та маған үйленетін ойы барын жасырмады. Бірақ үлкендердің қабағындағы тоңды қалай жібітерімізді білмедік. Кейін сол үшін сөзге келіп қалатын болдық. Онда да кейбіреулердей шарт-шұрт болып ұрсыспаймыз. Бір-бірімізге кейіп тұрсақ та жақсы көріп, ұрсып жатсақ та жанымыз ашып тұрады. Шын сүйген адамдар тіпті ренжіссе де бір-бірін сүйіп ренжіседі екен ғой.

            Сондай күндердің бірінде Жандос екеуіміз әлдебір танысымыздың сауық кешіне бардық. Құрбы-құрдастарды көріп, думандатып жатырмыз. Сырттағы өмір, басымыздағы шешімі табылмас мыңдаған мәселенің бәрі әлдеқашан ұмыт болған. Би билеп, буын-буынымызды жазып, әзіл-қалжыңымыз жарасып, бір демалып қалдық. Жандос ішімдіктен де сілтеп отыр. Онсыз да жүйкесі жұқарып жүрген жігітке кедергі болмадым. Бұл қызықтың бәрі іште қалып, мәселе сыртқа шыққан соң басталды. Аздап мастығы бар Жандос көлігіне отырмақ болып қиғылық салды. Онымен қоймай, мені де жеткізіп салмақшы. Қасымызда басқалар болса мұны істетпес едік, жалғыз өзім оны тоқтатуға шамам келмеді. Оңаша қалған соң өзінің өмірге деген өкпесін, желкесіне түскен ауыр салмақты айтып жатыр.

            -Мынау өмір не болып кетті? Күнде тіршіліктің сан-мың сынағына тап келіп, соны еңсеру үшін арпалысамын. Сыртым сау көрінгенмен кейде қажып, еңсем түсіп қалады. Осының бәрін ұмыттырып, өмірімен шуақ берген тек өзің ғанасың. Сен үшін осындай арпалыс өмірді де сүруге болады. Сондықтан менің өмірімді шуағынан айырма, қараңғыда жалғыз тастама. Көлікке отыр,-дейді.

            Мен оған көлікке екеуіміз де отырмайтынымызды айтып, шыр-пыр болып жатырмын. Ұрыстым да, өтіндім де, жалындым да. Соңында әншейінде қабағымды бағып жүретін жанның бүйтіп қиғылық салғанына ашуым келді. Көлікке қарай бір адым аттамай тұрып алдым. Басқалар болса, әлдеқашан кеткен. Жолдың шетінде тек екеуіміз тұрмыз. Шыдамым жетпей, такси ұстадым. Жандос оған да отырғысы келмейді. Тұрғанымызға жарты сағаттан асты. Ақыры оған ренжім, таксиге отырып, кетіп қалдым. Бұл біздің алғаш рет бір-бірімізге ренжіп тарқасқанымыз еді. Осы жайттың себебін түсіне алмай, сан сұраққа жауап таппай келемін.

            Ертеңіне күтпеген жерден жайсыз хабар алдым. Жандос түнде көлікке мініп жол апатына түскен екен. Қатты соққыдан сол жерде көз жұмыпты. Өмірде жақын адамыңнан осылай қас-қағымда айырылып қалуға болады екен ғой. Мені мейіріміне бөлеп, бақытыма айналған адамның осылай бір-ақ сәтте о дүниеге аттанарына кеше кім сенген? Мүмкін ол тіпті мүлде мас болғандықтан соғылмаған шығар. Өйткені аздаған ішімдікке теңселіп, қол-аяғына ие бола алмайтын адам емес еді. Бәлкім ол мына өмірден қажыған шығар. Сол өмірінде серік болған мен де ренжіп, жалғыз қалдырып кеткен соң өзін осынау үлкен әлемде жалғыз сезінген шығар. Мүмкін өлім алдындағы бірнеше секундтта мені ойлаған шығар. Немесе мына өмірдің қиындығы мен сынағына кейіп жатып жан тапсырған шығар.

            Жандос маған қаншалықты жақын адам болса да оның тұрмысы, үй-іші туралы білетінім аз. Енді маған оны білудің керегі де жоқ. Қайғыдан қан жұтқан ата-анасына да бірдеңе деп, өзім туралы айтуды артық санадым. Жандос оларға да мен туралы айтпаған шығар.

            Жастық шақтың бақытына кенеліп, жар сүйіп, махаббаттың өмірлік сапарына аттанар жаста сүйгеніңнен айырылып қалудың қасіретін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Егер бірнеше аптадан кейін Жандостан аяғым ауыр екенін білмесем, сол күйі аяққа тұруға күш таппай, өмірден баз кешіп кетер ме едім. Өзімнің жүкті екенімді жақын құрбыларымнан басқа ешкімге айтпадым. Бала дүниеге келгенше үйдегілерге де тіс жармадым. Босанған алғашқы күні-ақ баламды көтеріп, басқа жаққа кетіп қалғым келді. Өздері қырын қараған адамнан қыздарының жүкті болғанын, енді ол адаммен ешқашан бірге бола алмайтынын естігенде ата-анамның қандай күйде боларын елестетудің өзі қиын. Алайда қанша жасырғым келсе де, тұрмыстың ауыртпалығы жіберер емес. Баланың күтіміне, өзіме де ақша керек. Бірге тұратын құрбыларым көмектесіп-ақ жатыр. Алайда қасыңда балаға бірге қарасатын үлкендердің болмағаны қиын екен. Жас қыздардың ортасында балаңды құшақтап қанша тұра бересің? Бір күні бар жігерімді жиып, баламды алып, ауылға келдім. Үйге жақындаған сайын жүрегім дүрсілдеп, маңдайым терлейді. Қолымда пысылдап ұйықтап келе жатқан балам ауырлап кеткендей, аяғымды әрең басамын. Басымнан не күн өткенін үйдегілер айтқызбай түсінді. Маған біртүрлі ренжіп, кейде аянышпен, кейде ересек мейіріммен қарайтындай көрінеді. Сол сәтте олардың қандай күйде болғандарын жүздеріне қарап, ұға алмадым. Қанша ренжиін десе де әкем дана адам еді. Бірден Жандостың ата-анасын іздесіп, мекенжайын алды. Сөйтіп ауылда аз қалмай бір күні бәріміз қалаға келдік. Мен үшін Жандостың үйіне бару өз үйіме барудан да ауыр соқты. Бізді көрген әкесі немересін артық сөз айтпастан бауырына басты. Перзентінен айырылған үйде қайтадан сәбидің үні естіліп, қартайған адамдардың өмірінде жаңа жарық жанғандай болды.

            Осы оқиғадан бері ондаған жыл өтті. Ұлым анасының мейіріміне бөленіп, атасы мен әжесіне еркелеп ержетті. Менің қайта күш алып, аяққа тұруыма үлкендер көп көмектесті. Ұлым мектеп бітірер жылы мен күйеуге шықтым. Бұл қадамыма балам да, Жандостың ата-анасы да түсіністікпен қарауға тырысты. Жақын адамдар болған соң арада ұсақ-түйек кикілжің болып тұратыны рас. Алайда бақытың үшін кейде өмірдің көлеңкелі тұстарына да төзуіңе тура келеді. Жандос қайтыс болғаннан кейін мен өзімді жалғыз, ешкімге керексіз сезінуші едім. Ұлым дүниеге келгеннен кейін жүректегі үміт оты қайта тұтанды. Бүгінде мен ана, сүйікті жармын. Нендей қиындық келсе де, өмірдің адамға берер сыйы мол екен. Менің де енді келместей болып кеткен көктемім қайта оралып, сол біз алаңсыз, бақытты шақтарға тағы да кез болдым. Кейде осының бәрі менің емес, басқа біреудің басынан өткендей өз-өзіме таңданып қарап қаламын.

Дайындаған

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp