«Аты ғажап Ақтас көрші ауылым,
Қыз-бозбала көрдім содан тәуірін.
Қамсақтыда саңқыл қаққан аққу-қаз,
Балқытады Жалғызтаудың» бауырын»,– деп, жерлесіміз, сыршыл ақын Кәкімбек Салықов асыл жақұттай жыр шумақтарын арнап, әннен өшпес ескерткіш тұрғызған шағын ғана елді мекеннің құнарлы топырағынан нәр алып, елінің тау тұлғалы қадірменді азаматына айналған жандар аз емес. Бұл орайда, «СССР денсаулық сақтау ісінің озық қызметкері», «Халықтар достығы» орденінің кавалері Қаратай Әблиннің, Еңбек Қызыл ту, «Құрмет белгісі», екінші, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерінің иегері, білікті бригадир Жәмет Кәкімовтың, ұлағатты ұстаздар, «Қазақ ССР оқу ісінің озық қызметкері», Сәлімгерей Төлебаевтың, «Халық ағарту ісінің үздігі» Шалабай Есқалиевтың, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ленин, «Құрмет белгісі», Октябрь революциясы ордендерін кеудеге жарқырата таққан даңғайыр механизатор Орал Тәттібаевтың, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бір мыңға жуық жетім баланы бауырына басқан Тұяқ Есқожинаның, «Арай» комсомол-жастар шопандар бригадасының жетекшісі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Гүлнәр Төлебаеваның, Паша Ангелина атындағы Бүкілодақтың жүлденің жеңімпазы Майра Тәттібаеваның, тағы басқаларының есімдері мақтанышпен аталады. Қияндағы ауылдың тұла бойға ерекше күш-қуат беріп, үлкен өмірге қанаттандырып ұшырған киелі қадір-қасиетін, балалық шақтың, балдәурен кезеңнің ұмытылмас сағынышты сәттерін жан-жүрегі елжірей еске алатын перзенттерінің бірі–техника ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Ұлттық инженерлік, Халықаралық инженериялық және Еуразия халықаралық ғылым академияларының академигі, 200-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 5 оқулықтың, 8 монографияның, 37 қазақстандық, 12 шетелдік патенттің авторы Амандық Төлешовке арнайы тоқталғанды жөн көрдім. Өйткені, екінің бірі тәуекел ете бермейтін механизмдер мен машина теориясы, робототехника саласын таңдап алумен шектеліп қалмай, өзіндік ғылыми мектепті қалыптастыра отырып, 3 ғылым докторы мен 15 ғылым кандидатын дайындауы, 6 докторантқа ғылыми жетекшілік етуі, бұған практикалық мәселелерді шешуге бағытталған және өндіріске енгізілген тың жобалар мен озық бағдарламалар тізбегін қоссақ, ғылымның қия жолындағы тынымсыз ізденісін қапысыз танығандай боласың.
Қуат жездеміз бен Маймаш (Сусарлы ) тәтеміз бір шаңырақ астында 42 жыл түтін түтетіп, жеті ұл-қызды құтты орындарына қондырды. Отбасының еңбекқорлығы, балажандылығы, бауырмалдығы мен қамқорлығы ауылдастарын тәнті ететін. Шаңырақтың тұңғышы Амандық сабаққа өте алғыр болды. Спорт, оның ішінде футбол десе, ішкен асын жерге қоятын. Жастайынан ата-ананың жақсы тәлімін алып өскен оның ғылым жолын түпкілікті таңдауына белгілі тарихшы-ғалым, туған жеріне жанашыр-меценат нағашысы Бүркітбай Ғелманұлы үлкен ықпал жасады. Отан алдындағы парызын өтеп жүрген жиенін Алматыға шақырып, Киров атындағы (қазір әл Фараби) Қазақ ұлттық университетінде жаңадан ашылып жатқан қолданбалы математика және механика факультетіне түсуге кеңес береді. Аға ақылын құп алған алғыр жас еңселі жоғары оқу орнын 1984 жылы үздік бітіріп, механика мамандығы бойынша аспирантураға түседі. 1989 жылы «Бірнеше тікелей токты сүйреу диірмендерінде сымның керілуіне қарсы тұрақтандыру жүйесін әзірлеу және зерттеу» тақырыбы бойынша кандидаттық, ал 1999 жылы «Үйкеліс күштерін, буындардың серпімділігін және артық қосылыстарды есепке алатын жоғары класты механизмдердің динамикасы» тақырыбында докторлық диссертацияны жоғары деңгейде қорғап шығады. Еңбек жолын өзі білім алған университетте механика кафедрасының жетекші инженері ретінде бестап, аға оқытушы, доцент, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректордың орынбасары, «Ғылыми-технологиялық паркі» мемлекеттік кәсіпорны директоры қызметтеріне жоғарылайды. Одан арғы мансап жолы ғылыми зерттеу институты президиумының бас ғылыми хатшысы, Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, Білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті төрағасының орынбасары, «Ғылым қоры» АҚ президенті болып жалғасып кете береді. Оның өте өнімді еңбек еткен кезеңі, яғни 2016-2023 жылдар аралығында академик Ө. Жолдасбеков атындағы механика және машинатану институтына бас директорлық еткен қызметімен тығыз байланысты. Осы кезең ішінде Қазақстанның ғылыми-инновациялық жүйесін дамытуға зор үлес қосты. Оның тікелей жетекшілігімен ғылым мен техника жетістіктеріне арналған халықаралық көрмелер ұйымдастырылды. Институттың ғылыми әлеуеті мен материалдық-техникалық базасының деңгейі айтарлықтай жақсарды. Мәселен, ғылыми қызметкерлердің саны–8, жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру көлемі– 12, рейтингі жоғары журналдардағы жарияланымдар саны 15 есеге өсті. Жарты млрд. теңгеге жуық ғылыми жабдықтар сатып алынып, CNC станоктары, 3D және лазерлік принтерлері бар тәжірибелік зауыт пен конструкторлық бюролар құрылды. Ғылыми зерттеулер рычагты механизмдер мен машина агрегаттарының кинематикасы мен динамикасы, ағынды және айналмалы машиналардың динамикасы мен басқаруы, механикалық жүйелерді математикалық және компьютерлік модельдеу, робототехника, интеллектуалды және САПР жүйелеріне бағытталды. Амандық Қуатұлы саланы механизмдер мен роботтарды жобалау әдістері мен технологиялар саласындағы зерттеулермен ұштастырған білікті механик ғалым ретінде де танылды. Осылайша мемлекеттік және халықаралық бағдарламалар аясында іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша түрлі жобалар жүзеге асырылып, ағымдағы практикалық мәселелерді шешуге арналды. Оның озық қатарында автоматты басқару және навигациялық жүйеге құрылған модификацияланған Нюрнберг көтергішті мобильді робот, жаңа Стефенсон механизмдеріне негізделген қосиінді баспақтар, уран өндірісіндегі технологиялық процестерді орындауға арналған отандық роботтық кешендер бар. «Қазатомпром» ҰК-ның тапсырмасымен уран өндірісінің технологиялық процестерін кешенді роботтандыру бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік- конструкторлық жұмыстар жүргізілді. Екі роботтық кешеннің (РТК-ТУК) тәжірибелік өнеркәсіптік үлгілері әзірленіп, басқару жүйелері өндіріске енгізілді. Жерлесіміздің ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды басқаруымен «Аспап ГЕО» ЖШС базасында 72 отандық EDXRE құрылғысы жасалып, экономиканың базалық салаларына және кәсіпорындарға жөнелтілді, бестен бірі экспортталды. Зерттеу роботтарымен қамтамасыз етілген оқу және ғылыми зертханалар ашылды. 37 жылғы еңбек өтілінде өзіне жүктелген мемлекетік және басқа да қызметтерді абыроймен атқарып, жоғары ғылыми жетістіктерге жеткен жанқиярлық еңбегі «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен атап өтілді. Жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласындағы көрнекті ғылыми жетістіктері, жоғары технологиялық технологиялар мен техниканың жаңа түрлерінің үздік инновациялық әзірлемелері, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті ұйымдастырудағы ерекше жетістіктері, Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуына белсенді жәрдемдескені академик Ө.Жолдасбеков атындағы сыйлықпен, «Құрмет» орденімен, «Инженерлік даңқ» үлкен алтын медалімен марапатталды. Бұдан бөлек, «Қазақстанның құрметті инженері», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», Қазақстан ЖОО қауымдастығының «Үздік авторы», «ҚазҰАУ құрметті профессоры» атақтарына ие. Халықаралық марапаттары да жетерлік.
Ғылым мен өндірісті шебер ұштастыра білген Амандық Төлешов зейнет жасында болса да, қызметтен қол үзген емес. Академик Ө. Жолдасбеков атындағы механика және машинатану институтының бас ғылыми қызметкері. Әріптестеріне, сала мамандарына, кейінгі жастарға айтар ақылы, берер өнегесі көп.
Бала күнімізден жете білетін, мейірім-шапағатын көрген Қуат жездеміз бен Сусарлы тәтемізден өрбіген ұрпақты «ғалымдар династиясы» десе де бек жарасады. Амандық пен зайыбы Бақыткүл екеуі мәпелеп өсірген 4 ұл-қыздың екеуі, атап айтқанда, Ажар мен Еркебұлан, сондай-ақ інісі Жанкелдінің екі қызы–Ұлжан мен Мөлдір –Ph докторлары. Төрт немересі атасының жолын таңдаған. Бұл әулеттен әлі де талай ел азаматтары шығары сөзсіз.
Ұстамдылығы мен іскерлігі, біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабылеті арқасында академик дәрежесіне дейін көтерілген Амандық Қуатұлының өзіне ғана тән сара сүрлеуі басқаларға үлгі екені талассыз.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltustik Qazaqstan».