Халқымыздың «Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» деген даналық сөзі елімізде болып жатқан соңғы жағдайға дөп басып айтылғандай. Елді мекендерді судан аман алып қалу үшін күні-түні дамбы қазып, бөгет салып жүргендер арасында Петропавл қаласындағы Ұлттық ұланы әскери академиясының курсанттары да бар. Күніне 1000-нан астам қапшыққа құм толтырып, бір аптада 7 бөгет соққан академия курсанттары тынымсыз еңбек етіп жатыр.
Есіл арнасынан тасыса, қаладан 9 шақырым жердегі Прибрежное ауылына қауіп төнуі мүмкін. Апаттың алдын алу үшін бұл жерде Петропавл қаласындағы ҚР Ұлттық ұланы әскери академиясының 100 курсанты күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Жеке құрамның бір бөлігі қапшықтарға инертті материалды толтырса, екінші бөлігі дайын қаптарды тасып, бөгеттерді көтеру жұмыстарымен айналысуда. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, дәл осы тұс – ең осал, әрі қауіпті аймақ. Оған 2017 жылы осы аумақтағы бөгеттерді судың бұзып өткені дәлел.
Ұлттық ұланы әскери академиясының курсанттары бұған дейін «Жұмысшы» кенті, «Солнечный», «Заречный», «Береке», «Жас Өркен» шағынаудандарында бөгеттерді нығайтқан.
–Дәл қазіргі уақытта жеке құрам үшін маңызды тапсырма – табиғи-техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар орын алған елді мекендерде құтқару жұмыстарын жүргізу. Академия курсанттары кез келген уақытта ел үшін қызмет етуге әзір. Осы жұмыстың ішінде сырқаттанып, медициналық анықтама бойынша уақытша қызметтен босатылса да «Жеке құраммен біргеміз! Біз де ел үшін қызмет етеміз!» деп қатарға қосылған курсанттар да жүр. Жеке құрам тәуліктің барлық кезеңінде көмек көрсетуге дайын, –деді Петропавл қаласындағы ҚР Ұлттық ұланы әскери академиясының 2-ші оқу батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары Әлімжан Тасмағамбетов.
Бөгеттерді салу, нығайту жұмыстары кезінде Ұлттық ұлан ардагерлерінің курсанттарды қолдап келгені де жас буынды жігерлендірген. Сала ардагерлері курсанттарға бауырсақ, шәй ұсына отыра, жауынгерлерге тәрбиелік бағытта әңгімелер айтып, алғыстарын жаудырған.
Тапсырманы орындауда жеке құрамды сөзбен де, іспен де жігерлендіріп, қызыл суға тосқауыл болып жүрген курсанттарды әңгімеге тарттық.
Ұлттық ұланы әскери академиясының 2-ші оқу батальонының 3-ші оқу ротасының курсанты кіші сержант Арыстан Маултовтың айтуынша, ең маңызды дүние – еліміздің амандығы мен тыныштығы. Патриоттық сезім және ел басына күн туғанда жан аямай көмек беру – әр азаматың борышы. Ал аталған батальонның 4-ші оқу ротасының курсанты кіші сержант Ғаламат Нышанбев елді мекенді қызыл судан аман алып қалу үшін бар күштерін салып жатқанын айтты.
Бүгінгі күні облысты тасқын судан құтқару, алдын алу жұмыстарына Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан әскери академиясының 400 курсанты қатысып, су тасқынына қарсы шараларға белсенді атсалысуда. Олардың барлығы да қауіпті аймақтарда бөгеттерді нығайту жұмыстарын атқарып жатыр.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltústіk Qazaqstan».