«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қолда барымен бөліскен ағайынға мың алғыс

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Табиғаттың бес-он жылда бір рет мінезін көрсетіп, көктем шыға елдің есін жиғызып алатыны бар. Соңғы жылдары қызыл судан айтарлықтай қауіп болмай, еңсемізді тіктеп алған сияқты едік, биылғы көктем тағы да елді әуреге салды. Жаздағы құрғақшылық, күздегі шаруаларға кедергі келтірген жауын-шашын, қыста талай ауылды жарық пен жолсыз қалдырған боран мен қарға көктемгі су тасқыны келіп қосылды.

 Қалай десек те соңғы бір жыл қызылжарлықтар үшін оңайға соқпағаны анық. “Бұрын соңды болмаған ыстық”, “ұзақ жылдар тіркелмеген ылғал мөлшері” деген сияқты антирекордттардың қатарына биылғы су тасқыны қосылды. Есілдің ернеуінен асқан су жылдағыдай жылдам қайта қойған жоқ. Керісінше күн сайын көтеріліп, жүздеген елді мекеннің іргесіне тақалып тұр. Тасқынның орасан зор зиян келтіруіне кімдер жол беріп, кімдердің қапы қалғаны төтенше жағдай аяқталғаннан кейін анықтала жатар. Ал қазір ел болып жұмылып, иыққа түскен жүкті бірге көтерісетін уақыт. Арамыздан айыптыны іздеп, кінәні біреуге артып, суды бөгеуге салғырт қарағандарды сөгіп, уақыт өткізетін кез емес. ағайынның бірлігі, азаматтың жанашырлығы, жақынның қамқорлығы көрінер сәт осы.

Елдегі жағдайға байланысты қарапайым халық пен бизнес қауымдастықтан бөлек, көрші мемлекеттер де қарап отырмай, тілектестігін білдіруде. Бауырлас елдердің басына қиын күн туғанда Қазақстанның қарап қалған кезі жоқ еді, енді елімізде тосын апат болғанда мүдделес мемлекеттер де қиын жағдайда қалған халқымызға көмек жіберуде. Қазақстанда болып жатқан жағдай әлем жұртшылығының назарын аударып, мемлекет басшылары мен рухани көшбасшылар өз қолдауларын білдіруде. Тасқын басталған тұста сыртқы істер вице-министрі Мұрат Нұртілеудің әлемдік қауымдастықтың гуманитарлық көмегіне зәру еместігімізді айтқанына қарамастан, кей мемлекеттер өз көмегін ұсынды. Ал Қырғызстан аз уақытта гуманитарлық көмек жинап, елге жөнелтті. Көрші елдің төтенше жағдайдар вице-министрінің жетекшілігімен 15 көлікке тиелген 300 тонна жүк ел шекарасынан өтіп, Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарына жеткізілді. Айырқалпақты ағайын жіберген жүкте су, күріш, қарақұмық, шай, басқа да азық-түлік тауарларымен қатар халыққа қажетті күрке, шам, жылытқыш, кереует, матрас, киім-кешек бар. Шетте жүрген қазақстандықтардың бастамасымен басқа елдерде де гуманитарлық көмек жиналуда. Ұлыбританиядағы отандастарымыз бен ағылшын жұрты Қазақстанға керекті заттар мен қаржылай қолдау жинап жатыр.

Тасқынмен күрес тек мемлекеттің ғана емес бизнестің де міндеті екенін республикалық штаб отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев  атап өтті: «Бұл мақсатқа Үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, “Қазақстан халқына” қорының қаржысын да пайдалану қажет. Осындай жауапты сәтте еліміздегі бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырамын. Апаттан зардап шеккен азаматтарға және аймақтарға барынша қолдау көрсету керек. Бұл – дәл қазіргі кезеңде баршаға ортақ міндет. Қарғын судан қатты шығынға ұшыраған батыс аймақтарда ірі кәсіпорындар көп. «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялар, жер қойнауын игерушілер бар. Олар халыққа жәрдем беріп, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге атсалысады деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.

Бүгінде тасқынмен кұресуге, оның салдарын жюға «Қазақстан халқына» қоры 10 млрд. теңге бөлген. Ал құрамына ірі кен, мұнай өндіруші, әуе, темір жол тасымалымен айналысатын, электр энергиясын тасымалдайтын ірі ұлттық компаниялар кіретін «Самұрық-Қазына» қоры 15 млрд. теңгені апатпен күреске бағыттады. Кен өндіру, тасымалмен айналысатын компаниялар жүздеген техника, құрал-жабдығын құтқарушыларға көмекке жіберді. Елдегі ірі банктер де жиыны 3 млрд. теңгенің айналасындағы қаржыны қайырымдылыққа аударды.

Төтенше жағдайдағы бизнестің көмек беруінде батыс өңірлердің солтүстіктен алда тұрғаны анық. Ондағы ірі мұнай-газ өндіруші компаниялар үлкен көлемдегі қаржылай, басқа да жәрдемін жергілікті тұрғындардың амандығына жұмсауда. Жерден қара алтын шығаратын ондай ірі өндіріс орындары болмаса да, қызылжарлық кәсіпкерлер де қолда барымен бөлісіп жатыр. Қиын сәтте елге жәрдем берген Тайынша ауданының, облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіп иелері туралы газетіміздің өткен сандарында жазылды. Петропавл ауыл машина жасау зауыты Есіл ауданына қайықтар, құтқару кеудешелері, гидрокостюмдер, матсас, көрпе-жастық жөнелтті. Зауытта құрастырылатын дрондар судың деңгейін бақылау үшін құтқарушыларға берілді. Кәсіпорынның 200 жұмысшысы бөгеттерді нығайту жұмысына атсалысты. «С. М. Киров атындағы зауыт» АҚ жұмысшылары да құм салынған қап дайындауға үлесін қосты. «Alageum Electric» қызметкерлері қолдарына күрек алып, қала сыртына шықты. «Зенченко және К» серіктестігі Новоникольск ауылына келген судың бетін қайтаруға жәрдем беруде. «Радуга» компаниясы өз аумағында гуманитарлық көмек қабылдап, оны аудандарға жөнелтіп жатыр. Жергілікті мекемелер мен ұйымдардық ұжымдары да бірігіп бөгет салуға қатысып, түскі ас ұйымдастыруда.

Қызылжарға елорда мен өзге де өңірлерден үздіксіз гуманитарлық көмек келіп жатыр. Елордадан келген 14 көлікке тиелген жүкті жергілікті еріктілер қабылдап алды. Астанадағы «Ерекше әлем», «Жақсылық жаса» қорлары мен «Қанат» қанат қозғалысы жіберген азық-түлік, киім-кешек Ғабит Мүсірепов атындағы және Есіл аудандарына жіберілді. Жүкті облыс пен Астананың арасында қатынайтын такси жүргізушілері тегін жеткізген.

«Күні кеше елордадан 40 тонна жүк пен 3,8 млн. теңгені блогер Әлібек Ермағамбетов ұйымдастырып алып келді. Алғашында жалғыз өзі құрал-жабдықтарды сатып алған азамат кейін елорда халқынан көмек сұраған. Жылу жиналған соң жергілікті әкімдікке хабарласып, гуманитарлық көмекті орналастыратын алаң алған. Астанадан келген мотопомпа, генератор, дәрі-дәрмек құтқарушылар мен халыққа пайдалануға беріледі», – дейді ол.  

Ірілі-ұсақты жекелеген қайырымдылық қорлары да өңірге көмек жөнелтуде. Кеше ғана «Dauletten» қорының белсенділері Есіл ауданының судан зардап шеккен бірнеше ауылына керекті заттарды жеткізді.

Сын сағатта алдыңғы шепте жүрген еріктілердің арасында жастардың көп болғаны кейінгі буынның елдің ертеңіне бейжай қарамайтынын аңғартады. Жергілікті жастар ұйымдары, жастар ресурстық орталықтары, партиялардың жастар қанаты, студенттер бірлесіп бөгеттерді нығайту, гуманитарлық көмекті таратуға белсене қатысуда.

-Көмектесуге ниеттілер көп. Суды бөгеуге, тұрғындар мен жануарларды эвакуациялауға, үйдегі заттарды шығарысуға, басқа қалалардан келген гуманитарлық көмекті қабылдауға, оның бөліп, халыққа үлестіруге қатысамыз. Мысалы, кеше 4 тонна картоп түсіріп алдық. Енді оны тасқыннан зардап шеккендерге тарату керек. Облыс орталығына аудандардағы еріктілер де келіп жәрдем беруде, – дейді жастар қозғалысының жетекшісі Дамир Абдин.

Жалпы ел бойынша бұл жұмыстарға 30 мыңдай ерікті жұмылып, 2 мың тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналған. Жамбыл ауданының жастары да қарап қалмай ауыл халқынан көмек жиып, қалаға жеткізген. Бұдан бөлек ауданның 50 еріктісі су бөгеу жұмыстарына жұмылған.

Төтенше жағдай кезінде облыстық ассамблея еріктілері де қолдан келген көмекті көрсетуде. Апта бұрын мұнда өңірдегі ұйымдарды біріктірген штаб құрылып, гуманитарлық көмек жиналып жатыр. Күн сайын достық үйіне тұрғындар керекті заттарды әкеліп тапсыруда. Ассамблеяның «Жүректен жүрекке» акциясы аясында Шығыс Қазақстан облысының халқы 20 тонна көмекті Қызылжарға жіберген.

Кей қайырымдылық қорларының қауіп төнген сәтте аяқасты белсенділік танытып, жұртты ақша аударуға шақырғаны онсыз да алаңдап отырған елді одан сайын дүрліктіріп жатқаны жасырын емес. Егер мұндай қорлар төтенше жағдай жарияланғанда екі аяқты бір етікке тықпай, халықтан күнделікті жиналған қаражатты үнемдеп, осындай оқыс жайларға сақтап отырса «қор» деген атына сын болмас еді. Ар жағына үңілсек қор деген ұғымның өзі тек қиын жағдайда есін жиып, жылу жиятын емес, тыныш кезде жиылған қаржыны, керекті сәтке дейін сақтайтын ұйым ғой.

Біреудің үйі өртеніп жатса, біреу сол отқа қойдың басын үйітіп жатыр екен дегендей төтенше жағдайды пайдаланып пайда тапқысы келетін алаяқтардан да айла артылар емес. Олар жалған қор ашып, ресми ұйымдардың атын жамылып, халықтың берген ақшасын қалтаға басуға әрекеттенуде.

Жуық арада тасқынның беті қайтары сөзсіз, алайда   одан зардап шеккен тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды ретке келтіру ұзаққа созылары анық. Сол сәтте де қайырымдылық қорлары мен кәсіпкерлер, еріктілердің иығына салмақ түседі. Қауіп төнген сәтте қарап жатпай елмен бірге болған барша белсенділерға тұрғындардың ризашылығы зор.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp