Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов №2 орта мектептегі эвакуциялық пунктте қатты су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Заречный, Былғары кенті, Ойқала шағынаудандарының, Тепличное, Прибрежное және Бескөл ауылдарының тұрғындары уақытында эвакуацияланды.
“Ең бастысы, бәрі аман. Өйткені адамның өмірі – бірінші орында. Мемлекет басшысы зардап шеккендерге барынша көмек көрсетуді тапсырды”, – деді өңір басшысы кездесуде.
Ереже бекітіліп, комиссиялар құрылды. Барлығы толық өтемақы алады. Бұл – облыстың тарихындағы ең алапат су тасқыны. Өңір үшін қиын сынақ.
“Қаламызды табиғи апаттан қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Дегенмен, биыл бізге мол су келді, әлі де толастаған жоқ. Су тасқынымен күресу үшін барлық шаралар жүзеге асырылуда”, – деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.
Оған қоса, облыс орталығы сусыз қалды. Өңір басшысы қатты екпінмен жылжыған мұз бірінші көтергіш сорғы станциясындағы төрт қуат желісін сүріп өткенін айтты. Қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасуда. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың тапсырмасы бойынша сумен қамтудың қосымша желісі іске қосылды. Үйлердегі судың қысымы бірте-бірте көтерілуде. Қаладағы су жүйесі қалпына келуде.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.