Осыдан бес жыл бұрын шаңырақ көтеріп, қайырымдылық істерді жүзеге асыруды ізгі ниет еткен «Asar-Ume» республикалық қоғамдық қоры осы уақыт аралығында көптеген жандар мен отбасыларға өз шапағатын тигізіп үлгерді. Атап айтқанда, 892 көпбалалы отбасы мен жалғызілікті аналарға үйдің кілті табыс етіліп, бес мыңға жуық балаға баспаналы болу бақыты бұйырды. Олардың арасында солтүстікқазақстандықтар да бар.
Бүгінгідей болжаусыз қиын қоғамда әйелдер қауымының бірқатар тығырықтарға тірелгені жасырын емес. Оған кей ер азаматтардың ұсақталып кеткенін қоссақ, ащы шындықты айналып өте алмайсың. Қорған болады деген азаматынан айрылған немесе қорлық, зәбір көрген қыз-келіншектер барар жері, басар тауы болмағаннан кейін лажсыздан дағдарыс орталықтарын жағалайды.
Қордың құрылуына ұйытқы болған – марқұм ЖаҺангер апай Ахатқызы еді. Бастапқыда өмірдің ауыр тәлкегіне ұшыраған әйелдерге арналған дағдарыс орталығын ашып, қолынан келген көмегін аянбады. Бірақ уақытша қамқорлық мәселені түбегейлі шеше алмайтынын, тағдырдың тауқыметін тартып отырған міскіндерге бірінші кезекте баспана қажет екенін түсінеді. Үлкен жүректі асыл азаматша қайырымды меценаттардың қолдауымен діттеген мақсатына жетіп, қашан ақтық демі таусылғанша жетім-жесірлердің қошеметіне бөленіп өтті. Мектептерге, жетімдер үйлеріне, мешіттерге жиі баратын. Кейін мешіттердің біріндегі қайырымдылық қорына қайрылып, жетім-жесірлерге арнап үй салу туралы ойымен бөліседі. Нәтижесінде рақымшылық істермен айналысып жүрген жандар жеке кәсіпкер Асхат Нұрмашевпен бірлесе отырып, «Asar-Ume» қайырымдылық қорын құруға мұрындық болды.
Қор президенті Асхат Нұрмашев мұқтаж жандарға азық-түлікпен, киім-кешекпен, дәрі-дәрмекпен көмектесудің тиімділігі шамалы екенін, үй сатып әперудің орны бөлек екенін дер кезінде аңғарады. Тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген әйел мемлекеттік жәрдемақыдан қағылатын, емханаға тіркеліп, емделе де алмайтын. Сондықтан меценаттар, құрылыс компаниялары демеушілік қолын созып, құрылыс материалдарымен жәрдемдесуді бастайды. Жұмыс осылай біртіндеп жанданып сала береді.
Қордың өкілдігі облыста төрт жыл бұрын ашылды. Қазір еріктілердің саны отызға жуық. 48 бала тәрбиелеп отырған 9 отбасыға баспананың кілті ұсынылды. Жақында Қызылжар ауданына қарасты Прибрежное ауылында тұратын көп балалы, жалғызілікті анаға үй табыс етілді.
«Жетім көрсең, жебей жүр, жесір көрсең, демей жүр» деп текке айтылмаған. Оның сауабын тілмен жеткізу қиын. Рамазан айында еліміз бойынша 150 отбасын баспанамен қамту белгіленДІ. Үш үй өңірімізге тиесілі. Қайырымдылық шаралары мұқтаж жандарға баспана алып берумен ғана шектелмейді. Ұл-қыздарының білім алуына, грант бөлінуіне, жазғы лагерьлерде тынығуына, ата-аналарының жұмысқа орналасуына қол ұшын беру үшін «Өркендеу» бағдарламасы іске қосылған.
«Asar-Ume» қоғамдық қоры ең алдымен көпбалалы отбасыларға көмектесуді алғы мақсат етеді. Отбасында кемінде бес бала болуы шарт, толық немесе асыраушысынан айырылған болуы да мүмкін. Үміткерлер меншікті үйі жоқ, айлық табысы 170 мың теңгеден аспайтын адамдардың арасынан іріктеледі. Мүгедек баласы барлар немесе отағасы жарымжан болса, ондай отбасылар үшін төрт бала жеткілікті. Қор алғашқы күннен бастап қаржы-қаражат қозғалысының ашықтығын көпшілікке жария етіп, әлеуметтік желілерде, қордың арнайы парақшасында орналастырылады. Әр шара журналистердің, блогерлердің қатысуымен өтеді. Жыл сайын аудиторлық ұйымдар тексеріс жүргізеді. Оның нәтижелері де сайттарда жарияланады. Бүгінде қайырымдылық қорлары көп болғанымен, кейбірі қағаз жүзінде ғана рәсімделген, бірқатарына мөлдірлік жетіспейді. Басты ойымыз – қайырымдылық ұйымдарының біріктіре отырып, UNICEF сияқты әлемге әйгілі қазақстандық бренд құру.
Алты баланың анасы Айгүл Таева отағасы қайтыс болып, отбасының жалғыз асыраушысы далада қалғандай күй кешкен. Жалдамалы пәтерде тұрған. 2021 жылы «Asar-Ume» қоғамдық қоры оған көмекке келді. Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаево қаласынан суы тартылған, күрделі жөндеуден өткен жайлы баспана сатып әперді. Ауласы кең, ойын алаңы, моншасы мен қора-қопсысы бар. Сондай-ақ өз кәсібін игеруге арнайы сертификат сыйланды. Сол қаржыға он шақты қой сатып алып, шағын кәсіпкерлігін өркендетіп отыр.
«Қаз-үйректің панасы – көл, жетім-жесірдің панасы – ел» демекші, сүйенеріміз–жүрегі кең, қолы ашық азаматтар. Қордың тұрақты серіктестері бар. Қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі—асарға сүйенеміз. Жұмыла көтерген жүк әманда жеңіл келеді.
Жетім-жесірлерді баспанамен қамтамасыз ету, отанасын жұмысқа орналастыру, балаларына заманаға лайықты білім беруге ықпал жасау басты бағдар болып қала береді. Алдағы уақытта қаржылық сауаттылық, отбасы бақыты туралы тренингтер өткізуді жоспарлап отырмыз.
Хадистердің бірінде «Жесір мен мен жетімге көмектесу – Алла жолындағы жиһадпен тең», – делінген. Ендеше сауапты ісіміз жалғасын таба беруге нәсіп еткей.
Әнуар ТОҚПАН,
«Asar-Ume» қоғамдық қорының өңір бойынша үйлестірушісі.