«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ел үшін туған ерлер

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымызды бірнеше ғасырға созылған жаугершілік заманнан аман алып өткен – асыл ерлердің намысы мен ерен ерлігі еді. Өмірін ат үстінде өткізіп, қазақ даласының бір уыс топырағы үшін жанын беруге даяр ерлердің арқасында сіз бен біз бүгінгі ұланғайыр атырапқа ие болып отырмыз.

Кешегі Күлтегіннің “Елімді суға батырмадым, отқа күйдірмедім, ешкімге бастарын идірмедім!” деген ұранды сөзі қазақ батырларының мұратына айналды. “Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп” (Қазыбек би) найзасына үкі таққан ерлеріміз қалың елге қорған болып, кейінгі ұрпаққа азаматтықтың үлгісін көрсетіп кетті. Көне замандардан жалғасқан ұлттың жүрегіндегі осы ерлік отын өшіріп алмау керек.

Жыл сайын аталып өтілетін Отан қорғаушы күнінің маңыздылығы да осында. 7 мамырда жұртшылық Отан үшін өлімге бас тігіп, елдің іргесін бекемдеген ерлерді еске алады. Атаулы күнге орай Қызылжарда да еске алу шарасы өтіп, жұртшылық Ағынтай мен Қарасай батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Гүл шоқтарын қою рәсіміне облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, ардагерлер, әскерилер мен қала тұрғындары қатысты. Олар ұлтымыздың сан ғасырлық тарихында халқына адал болып, ел қорғаған асылдарды еске алды.

– 7 мамырда Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды. Бұрынғы кеңестік елдердің ішінде біз соңғы болып өз қорғанысымызды жасақтадық. Содан бері азаматтарымыз әскери антына адалдық танытып, Отанның тыныштығын күзетіп келеді, – дейді облыстық қарулы күштер ардагерлері кеңесінің төрағасы Қалиолла Сауытбеков.

Осы күні облыс әкімі тасқынның зардаптарын жоюға жұмылдырылған әскерилер, полицейлер және құтқарушылармен кездесіп, мерекемен құттықтап, оларға қиын сәтте көрсеткен ерен еңбектері мен ерліктері үшін алғыс айтты.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp