«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауылда атқарар іс көп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Қызылжар және Аққайың аудандарында болып, тұрғындармен жүздесті, ауылда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Өңір басшысы Қызылжар ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен Прибрежное, Надежка, Тепличное және Соколовка елді мекендерінің тұрғындарымен кездесті. Оларға су кірген үйді жөндеу және сатып алу бойынша ережелер мен атқарылып жатқан кешенді шаралар түсіндірілді. Қызылжар ауданында қарғын су басқан 1,5 мың үйдің үштен бірі тексерілді. Тұрғын үйлердің жарамдылығын анықтау мақсатымен жан-жақты техникалық зерттеу жүргізілуде. Баспаналарды қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарымен    Қызылжар және Аққайың аудандарының механикаландырылған жасақтары айналысуда.

Баспана иелері үйлерін өздері де жөндей алады. Ол үшін мемлекет үй иесінің шотына ақша аударады, бөлінетін қаражат мөлшері бағалау комиссиясының шешіміне байланысты.

Өңір басшысы аудан басшылығына үйлерді бағалау және техникалық зерттеуді жеделдетуді тапсырды.

* * *

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Аққайың ауданына жұмыс сапары барысында 2021-2025 жылдарға арналған ормандарды толықтыру мен өсірудің кешенді жоспарымен танысып, істің орындалу барысын көрді. Сонымен қатар өртке қарсы техникалардың дайындығын тексерді.

Облыста сәуірдің 15-інен өрт қаупі жоғары кезең басталды. Осыған байналысты өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов ең алдымен аудандағы өрт сөндіруге арналған техникалардың дайындығын тексерді. Соколовское және Қызылжар орман шаруашылығының директорларына жаңа 2 өрт сөндіру көлігінің кілтін табыс етті. Жақында тағы 8 “Белорусь” тракторы алынбақ.

Сондай-ақ, өртсөндірушілерге 60-тан астам жаңа киім алынған екен. Мамандардың айтуынша, бұл киім ескілеріне қарағанда әлдеқайда сапалы және ыңғайлы. Кейін жиналғандар 1,3 гектар жерге шамамен 13 мың түп қарағай көшетін екті. Сондай-ақ облыс әкімі төтенше жағдай кезінде тұрғындарға көмек көрсеткен 3 азаматқа Алғыс хат  табыс етті.

Қазір облыста 12 орман шаруашылығы бар. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исмановтың сөзінше, Аққайың ауданы өрттің алдын алу жұмыстарын жүргізген.

“Ауданда 31 ерікті өрт сөндіру құрылымы бар. Құрылым мүшелерінің саны 130-дан асады. Сондай-ақ, 31 техникамен және 4 өрт сөндіру автокөлігімен жабдықталған. Басқа да керек-жарақтарының бәрі бар”, – деді Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елубаев.  

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Дмитрий Растихин бүгінге дейін өңірде өрттің алдын алу мақсатында 210-ға жуық рейд өткізілгенін айтты. Облыс әкімі жауапты мамандарға өрттің алдын алу жұмыстарын одан әрі күшейтуді тапсырды. Кейін Ғауез Нұрмұхамбетов Аққайың ауданы Ленин ауылында орналасқан “Ростан” серіктестігінде болып, цехтың жұмысымен танысты.  Өңір басшысы “Дайындық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің астық сақтау қоймасына да барды. Шаруашылықтың егістік алқабы – 7486 гектар. Былтыр серіктестік 5733 гектар жерге дәнді дақыл егіп, әр гектардан 16,9 центнер өнім алған.  Ал 1530 гектар жерге майлы дақыл отырғызып,  өнімділік 7,4 центнерді құраған. Биыл шаруалар 5298 гектарға – дәнді, 1303 гектарға – майлы дақыл және 885 гектарға мал азығын егуді жоспарлап отыр.

Ғауез Торсанұлы “Дайындық” шаруашылығының егістік алқабында жүргізіліп жатқан көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты. Науқанға 36 техника жұмылдырылған. Биыл 1 егіс кешені мен 1 комбайн сатып алынған екен. Мамандардың сөзінше, жаз өте ыстық болады. Бірақ жерде құнар жеткілікті. Сондықтан шаруалар жақсы өнім аламыз деген ниетте. Диқандар көктемгі дала жұмыстарына 11-мамыр күні  жаппай кіріспек.

Облыс әкімі тауарлы-сүт фермасына да бет бұрды. Шаруа қожалығы 1500-ге жуық ірі қараға шақталған. Қазіргі таңда  600-ден астам сауын сиыр бар. Шамамен бір сиыр күніне 20 литрден астам сүт береді. Жалпы былтыр шаруа қожалығы 3,6 мың тонна сүт өндірген екен.  “Дайындық” серіктестігінің директоры Біржан Шәймерденов 2022-2023 жылдары өз қарамағындағы жұмысшыларға арнап 17 үй салып берген. Баспана алғандардың бірі – Алмагүл Жүсіпова. “Келісімшарт бойынша мен 5 жыл осы жерде жұмыс істеуім керек. Сосын осы үйді менің атыма аударып береді. Ең бастысы жұмыс бар.Үй бар. Жағдайымыз жақсы”, – дейді ауыл тұрғыны.

Дайындық ауылының тағы бір тұрғыны Байни Шәймерденова – тыл еңбеккері. 92 жастағы әже бұрын сауыншы болып жұмыс істеген. Ғауез Нұрмұхамбетов еңбеккердің үйіне арнайы барды. 

“11 шөберем, 9 немерем 1 шөпшегім бар. Көп бейнет көрдім. Әкем соғысқа кетті. Шешем қайтыс болды. Інім, әжем үшеуіміз қалдық. Жас кезімде көп қара жұмыс істедім. Соғыс, қиын қыстау кезеңде балалар ерте жетіледі екен. Біржан балам осы үйді салып берді. Отбасымызбен тату-тәтті тұрып жатырмыз”, –  дейді кейуана.

  Ауылдағы негізгі мектептің іргетасы 1967 жылы қаланған. 2023 жылы Біржан Әбділманұлы ғимаратты 85 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізді. Қазіргі таңда мектепте 60-тан астам оқушы білім алуда. Кәсіпкер ауылда 2017 жылы жалпы сомасы 10 млн. теңгеге медициналық пункт салып берді. Бүгінде мұнда 2 медбике жұмыс істейді.

Бұдан соң облыс әкімі ауылдағы ет және азық-түлік дүкенінің жұмысын көрді. Дайындық ауылында темекі және спирттік ішімдік сатылмайды. Әкім  майлы дақылдарды өңдейтін цехта болды. Бұл нысанды салуға 80 млн. теңге қаражат құйылған. Жалпы цех күніне 7 тонна өсімдік майын өндіреді.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp