«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУЫНГЕР ҰСТАЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлы Отан соғысының қанды шайқастары мен жеңісті жылдары тарих қойнауына енсе де, Отанымызды қорғаған жауынгерлеріміздің есімдері ешқашан санамыздан өшпейді. Өйткені олар – қан майданда жау оғына кеудесін тосып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткендер.

Жыл өткен сайын соғыс ар­да­гер­лерінің қатары сиреп ба­рады. Жеңісті жақындатқандар қатарында соғыстан оралған­нан кейін ел экономикасын қал­пына келтіру үшін барын сала жұмыс істеген ардагерлер өте көп.

Ақжар ауданының Жаңа­ауыл ауылында Қали Хадесұлы Хаде­сов атындағы орта мектеп бар. Онда өз ісіне берілген пе­да­гог­тар жұмыс істейді, қазақ балала­ры оқып, білім алады. Бұл мек­тепте 25 жыл бойы со­ғыс және еңбек ардагері, Қазақ КСР және КСРО білім беру ісінің үздігі Қали Хадесов мектеп ди­ректоры болып жұмыс істеді. Ол 1924 жылы 16 маусымда бұрынғы Көк­шетау об­лысы, Қызылту ауданы, Қарасай ауылында дүниеге кел­ген. Пет­ропавл педагогикалық технику­мын аяқтаған соң 1941 жылы Жданов атындағы бас­тауыш мектептің меңгерушісі болып тағайындалған. 1942 жылы әс­кер қатарына шақыр­ты­лып, сол жылдың 30-шы қыр­күйегінен бастап 97-ші гвардия­лық атқыштар ди­визиясының құ­рамында соғысқа қатысты.  1943 жылдың 14 шілдесі Курск маңайындағы ұрыс кезін­де жарақат алып, әс­кери госпи­тальда емделіп, 1944 жылы ауылға оралған Қали Ха­десұлы Жданов атындағы бас­тауыш мектепте меңгеруші болып қызметін жалғасты­рады.

1947 жылы Коммунизм жеті­жылдық мектебіне директор лауа­зымына тағайындалып, 1954 жылы Тельман атындағы жеті жылдық мектептің директо­ры лауазымына ауыстырыла­ды. 1960 жылдан бастап құр­мет­ті демалысқа шыққанға дейін Жа­ңаауыл орта мекте­бінде дирек­тор қызметін атқа­ра­ды. Қали Ха­десұлы осылай­ша 45 жылдық пе­дагогикалық өтілінің 42 жылында мектеп ди­ректоры лауазымын абырой­мен атқарған. Сондықтан білім ордасына 2000 жылы Қали Ха­десұлының аты берілген еді. 

Оқушыларды оқыту мен тәр­биелеуде табысқа жету үшін мық­ты кадрлар қажет екенін тү­сінген Қали Хадесұлы мектепке мұғалім­дерді іріктеуде мұқият еді. Оның шақыруымен мектеп­ке КСРО-ның әр түкпірінен мұға­лімдер келетін. Өз кезегінде Қали Хадесұлы жас мамандарға бар­лық қолдау көрсететін.

Қали Хадесұлының басшы­лы­ғымен мектепте Қайырбек Ыс­қақов, Мұратбек Шайкенов, Жа­ғыпар Асқаров, Абылғазы Қа­наев, Сартай Ғазизов, Вера Шку­рина, Алтын Нұрмағанбетова, Аким Ивахин секілді танымал ұстаздар жұмыс істеді.

Қали Хадесұлы жаңашыл адам еді. Мектепке үнемі жаңа­шылдық енгізіп отыруға тырыс­ты. Қай жерде болмасын өзі көр­ген жаңалық пен озық тәжірибелерді өз жұмысында да пайдаланатын. Сол кездері Жа­ңаауыл орта мектебі бүкіл елге өзінің мектеп бригадасымен таны­мал болған. Мектептің өзіне тиесілі бөлінген жері, дала бригадасы, техникалары бар еді. Мектеп облысқа музыкалық ор­кестрі, ансамблі, көркемөнер­паздар ұжымымен таныл­ды. Шығармашылық топтарды музыка пәнінің дарынды ұстаз­дары Дмитрий Авдеенко, Талгат Бозаев, Амангелды Тошке­нов басқарды.

Жауынгерлік және ерен ең­бе­гі үшін Қали Хадесұлы екі рет “Еңбек Қызыл Ту”, бі­рінші және екінші дәрежелі “Ұлы Отан соғысы”, “Даңқ” ор­дендерімен, “Ленинградты қорға­ға­ны үшін”, “Германияны жеңгені үшін”, “ҰОС жылдарын­да­ғы ерен еңбегі үшін” медальдарымен және басқа да мем­лекеттік наг­радалармен мара­пат­талды.

Бүкіл өмірін білім саласына арнаған соғыс және еңбек ар­дагері Қали Хадесұлы – жарқын өмір сүріп, өзі туралы жақсы ес­теліктер қалдырған өшпес тұлға.

Болат ЗАКЕНОВ,

еңбек ардагері.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp