Алыста жүрсем де, туған жерім – Қызылжар өңірімен жүрегім де, тілегім де бір. Жақсы істерге қуанамын, оралымды ой-пікірлерге сүйінемін, олқылықтарға күйінемін. Қайғы-қуаныштарға ортақпын.
Шыны керек, өзімді біршама білімділер қатарына қосып жүруші едім. Бірде рухани ұстазымның “кітап артқан есек сияқтысың” деген сөзіне шамданып, бірақ артынан ойланып қалдым. Көп ұзамай оған көзім жетті. Оқу – оңай, тоқу – қиын екенін түсіндім. Шын (Хақ) білім Алла Тағаладан болатынын хош алдым. Дүниеге көзқарасым өзгерді. Сайттарда жарияланатын кей мәселелер орайында облыстық газет оқырмандарымен де пікір бөлісуді жөн көрдім.
Имани, заманауи әдеп-ғұрыпты бала жастан бойға сіңіріп өскен балғын есейгенде жақсы мінез-құлыққа ие болады. Сондықтан аталарымыз адамдарды бағалағанда яки көзі ашық, яки қараңғы дейтін. Наданға қылған жақсылық, берген білім өзімізге, елімізге қасірет болып жабысады. Ал бұл жерде “көз” деп отырғанымыз – жүрек. Көзі ашық адамның тұла бойы мейірімге, надандікі қатыгездікке толы келеді. “Ей Адамның ұлы! Мен саған көз бердім – қарасын, көрсін деп. Құлақ бердім – тыңдасын, естісін деп. Сен бірақ қарайсың да көрмейсің, тыңдайсың да естімейсің. Жүректеріңдегі сана тым тайыз”, – делінген Құран Кәрімде. Келешегімізді әуелі әдепке тәрбиелейік, жақсы істермен жанымызды нәрлейік, иманға жақындайық.
Осы күнге дейін өткеннің жақсылығын игере алмай, жамандығынан жирене алмай келеміз. Соның салдарынан көп құндылықтарымызды жоғалттық. Қоғам рухани құлдырап, кері кетсе, адам баласы дүниенің (ақшаның) құлына айналатынын жете ескермеген тәріздіміз. Ақыретке басқан әр қадамымыз ақшамен бағаланатын болды. Жақсы мен жаманды айырудан қалып барамыз. Соған қарамай бар кінәні өзімізден емес, өзгеден, сырттан іздеуге бейімбіз. Еңбекке қабілетсіз жастар, жатып ішер масылдар көбейді. Мұнымыз – жарамсыз іс. Кешегі жіберген қате-кемшілігіміз – іріп-шіріп, сасып-борсып жатқан қоқыс тәрізді. Ал сол уақытта жеткен жетістігіміз – келешекке қорек болатын мая шөп іспетті. Шамамыз келгенше қоқысты қозғамайық, қолаңса иіске тұншығамыз, “мая шөптен” азықтанайық – тәніміз, жанымыз жаңарады, еліміз өркендейді.
“Өлі адамның жаманы жоқ, тірі адамның жамандаудан амалы жоқ” (хакім Абай). Тіріні жамандаумен шектелмей өліге тіл тигізу, өткенді бүгінгі күн “таразысымен” өлшеу етек алып барады. Қазіргі “соғыс” – тәнді құрту емес, жанды аздыру. “Адамзатты көктен жауған у өлтіреді”, – деген Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадисі еске түседі Бұл “у” – қазіргі заманауи ақпарат жүйесі саналатын – интернет. Осы құрал оңай олжа табатын кәсіпке айналды. Блогер – ғалым емес, ғалымның блогер болуға уақыты жоқ. Құран сөзінен гөрі YouTube сөзін қоштау дәрежесіне жеттік. Оған өзіміздің білімсіздігіміз жол беріп отыр. Абай, Ыбырай, Дінмұхаммед сынды қазақ тұлғаларының аруағын даттау сықылды жаман қасиет дендеп кетті. Өсек, жаман сөз айтқанның күнәсі бір арба болса, оларды таратқандардың күнәсі – бір керуен. Осыдан сақ болайық, ағайын!
– Көрші ақысы – ауыр, тату бол, – дейді білімділер. Көршілер де әртүрлі, әдептісі-дөрекісі, жақсысы-жаманы бар. Жеріміз кенге бай, ат төбеліндей еліміз салауатты жанға бай. Алыс-жақын алпауыттардың елімізге көз алартып, арамызға ши жүгіртуі – әлімсақтан келе жатқан әдеті. Мен бұл орайда біреуін табала, екіншісін мүсірке деп отырған жоқпын. Көршің ұнамаса, көшіп кет. Көше алмасаң, олардан рухани жоғары болуға қол жеткіз, талпын, талаптан. Дініңді, діліңді, тіліңді сақтай отырып, жоғарғы мәдениетпен сыйластыққа көндір. Ал жемқорлық кең етек алған елде қандай мәдениет, қандай қасиет бар? Ұрлап, тапқан-тыққандары төрткүл дүниеге аян болса, ел мүддесін қалай қорғамақ? Алпауыт елдер жіппен ойнататын қуыршақ етіп, дегендерін істетсе, іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқтың кері. Түрік, үнді, бай араб елдерімен салқын қарым-қатынаста болдық. Еуропа елдеріне көзсіз еліктедік. Ең ақыры ел болып, ЛГБТ дегенге қарсылық пиғылымызды да білдіре алмадық. “Малым – арымның, арым – жанымның садағасы”, – дей алатын Жұмабек Ташеновтар аз.
Шаhарап ҚҰСАЙЫНОВ.