Облысқа жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының депутаттары Ләззат Қалтаева, Әсем Рахметова және Ольга Перепечина алдымен “Қамқорлық” орталығының жұмысымен танысты.
Биыл ақпан айында өз жұмысын бастаған мекеме аз уақыттың ішінде жүзге жуық баланы қабылдап үлгерген. Әсел Айдарханованың ана атанғанына үш айдан асыпты. Екі аптадан бері ұлы Жалғасты осында әкеліп жүр. Сәбидің бұлшық етін дұрыс жетілдіру үшін тұрақты түрде массаж жасалып, айтарлықтай өзгеріс байқалған. Мұнда келушілердің саны артып келеді. Олардың арасында ауылдықтар да бар. Өңірде 25 мыңдай мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген. Өкінішке қарай, “Қамқорлық” орталығында психолог, массажшы, реабитолог, дефектолог, логопед жетіспейді. Соған қарамастан жұмыс істейтін сегіз маман сапалы қызмет көрсетудің барлық мүмкіндіктерін қарастырып отыр. Ең бастысы, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Ләззат Молдабекқызы Сенаттағы инклюзия кеңесін басқарғаннан бері мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік жағдайы біртіндеп шешіліп келеді. Жергілікті жерлердегі проблемалар зерттелгеннен кейін республикалық бюджеттен қаржы бөлу жайы қарастырылады.
Депутаттар “Халық банк” филиалы жанындағы сервистік орталықтың жұмысымен де танысты. Мұнда тұрғындарға қызмет көрсететін 11 маман күніне 200-250 клиентті қабылдайды.
Сенаторлар облыстық, қалалық мәслихат депутаттарымен және үкіметтік емес ұйым мүшелерімен кездесуде заңнамаға енгізілген өзгерістермен бөлісті. Парламентте 103 заң қабылданса, оның үштен біріне депутаттық корпус бастамашылық еткен.
“Азаматтардың мемлекеттік істерге қатысуын күшейту мақсатымен “Қоғамдық бақылау туралы” заң қабылданды. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау үшін заң нормалары қатаңдатылды.
Алғаш рет “Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы” заң қабылданды. Денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселелерді шешуге және жалпы саланы дамытуға бағытталған бірқатар маңызды заңнамалық түзетулер енгізілді. Қазақстандық БАҚ-ты қолдау аясында “Масс-медиа туралы” жаңа заң қабылданды. Сенаторлар ел Президентінің тапсырмасы бойынша бағдарламалар, оның ішінде “Ұлттық қор – балаларға” жобасы шеңберінде көп жұмыс атқарды”, – деді өз сөзінде Ольга Перепечина.
Ләззат Қалтаева Сенат отырыстарында мүгедектігі бар жандардың проблемалары талқыланғанын жеткізді. Оның мәлімдеуінше, Қазақстанда жүріп-тұруы қиын балалар санының өсуі байқалады.
Мәслихат депутаттары мен азаматтық сектор өкілдері өздерін толғантқан мәселелер бойынша нақты жауаптар алды.
Қызылжар ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға тұрғын үй беру және шығынға ұшыраған мал үшін өтемақы төлеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінде ауданда қираған баспананың орнына 60 үй сатып алынған.
Өңірге іссапармен келген Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода су тасқыны салдарын жою жұмыстарымен танысты. Мәжілісмен жұмыс сапарының бірінші күні Ольшанка, Вишневка, Соколовка және Вагулино ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Қазіргі таңда ауданның кейбір зардап шеккен тұрғындарына дайын үй берілсе, қалғандары баспанасын қалпына келтіруге материалдық көмек алып, өз күштерімен жөндеуге кіріскен. Жалпы аудан бойынша 1546 баспананы су басқан.
“Су тасқыны кезінде Үкімет қаулысымен құрылған комиссия нақты шараларды жүзеге асыруда. Қызылжар ауданында сатып алынатын тұрғын үйдің бір шаршы метрі 90 мың мен 283 мың теңге арасында. Мамандар үйді баспананың орналасқан жері негізінде бағалайды. Осы орайда суға кеткен үйдің ауданы мен отбасы мүшелері міндетті түрде ескеріледі”, – деді Дмитрий Колода.
Мәжіліс депутаты былтыр қолға алынған денсаулық сақтау бағдарламасы аясында облыста 40 медициналық-акушерлік пункт пен дәрігерлік амбулаторияның салынатынын жеткізді. Оның бірі Прибрежное елді мекенінде тұрғызылған. Тәулігіне 25 науқасты қабылдай алатын мекемеде стоматологиялық, акушерлік тексеру, урологиялық, ем-дом кабинеттері, зертхана бар. Күндізгі стационар бес адамға арналған.
Бұдан бөлек, Қызылжар ауданында суға батқан, жоғалған мал үшін 2,4 млн. теңге мөлшерінде өтемақы төленген.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.