Қаланың орталық саябағында ашық аспан астында балалар байқауы өтті. Онда балғындар үш бағыт бойынша өнерлерін ортаға салды. “Туған жерім – туған өлкем” атты көркемсөз оқу байқауын И. Шухов атындағы орталық қалалық кітапхана мен “Мир атракционов” серіктестігі бірлесіп ұйымдастырды. Балалардың оқуға деген қызығушылығын ояту, олардың бойында сахна мәдениетін қалыптастыру, шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған шараға 6-15 жас аралығындағы өрендер қатысты.
Байқаудың мәнерлеп оқу бағытында қатысушылар өздері жаттаған өлеңдерін ұсынды. Талапты өрендер қазақ әдебиеті классиктерінің ел-жер туралы жырларын жаттап келіпті. Дарындылар арасында шын жүйрікті анықтау оңайға соққан жоқ. Ал келгендердің бір тобы өз өлеңдерін оқып берді. Олардың тақырыптары да әр алуан.
– Мен бұл байқауға бір ай дайындалдым. Мұқағали Мақатевтың “Үш бақытым” өлеңін жаттадым. Бұл туынды өзіме ерекше ұнайды. Жаттауға оңай, тілі жеңіл. Бұған дейін де осындай байқауларға қатысып, жүлделі орын иеленгенім бар. Бүгін де жоғары деңгейде өнер көрсетуге тырысып бақтым, – дейді Қызылжар ауданынан келген Нұрислам Серәлі.
Шара соңында үздік өнер көрсеткендер сый-сияпатқа ие болды. Оларға демеуші тарапынан ақшалай сыйлықтар табысталып, барлық қатысушыларға саябақтағы әткеншектерде ойнауға мүмкіндік берілді.
Алтынай СЫЗДЫҚОВА,
И.Шухов атындағы қалалық кітапхананың қызметкері.