Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізді дамыту бағытында бірқатар жобалар жүзеге асқанын, халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін кейбір шаралар әлі жалғасын тауып жатқанын айтқан болатын. Мысалы, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өскенін, дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейгенін, қазір аталмыш сала өкілдерінің табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары екенін тілге тиек етті. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі беріліп, миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көріп, баспаналы болды. “Жайлы мектеп” жобасының аясында 400-ге жуық мектептің құрылысы жүргізілсе, ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып, “Ұлттық қор – балаларға” жобасы қолға алынды.
Бүгінде бұл шаралардың барлығы да халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартудың негізгі көрсеткіші болып табылады. Отандық медицинаның әлеуетін арттыруда ауылдық жерлердегі ауруханаларға басымдық берілуде. Жамбыл аудандық ауруханасында да бірқатар кешенді жобалар жүзеге асырылуда.
Жамбыл ауданындық ауруханасында 150 орынға арналған емхана, 60 орындық тәуліктік стационар, 1 дәрігерлік амбулатория, 2 ФАП, 34 медициналық бекет бар. Ауданда 25 дәрігер мен 1 фармацевт жұмыс істейді. Қазіргі таңда облыс көлемінде дәрігерлерге үлкен қолдау көрсетілуде. Бірреттік көтермеақымен қамтамасыз етіп, өзге де жағдайлар қарастырылуда. Біздің ауруханаға дәрігерлер қажет. Мәселен, кардиолог, хирург мамандар жетіспейді. Өткен жылы 3 маман жұмысқа орналасса, биыл көші-қон бағдарламасы бойынша гастроэнтеролог дәрігер келді. Қазір ол эндоскопист маманның жұмысын қоса атқаруда. Көз дәрігері, рентгенолог, эндокринолог, невропатологтың қабылдауын сенбі күндері басқа мамандар алмастырады.
Үстіміздегі жылы 10 медициналық қызметкер бос жұмыс орындарына орналастырылды. Қайранкөл, Казанка, Железное сынды ауылдардағы медициналық кешендерге мамандар қажет болатын. Ол жерлерге Петропавл қаласындағы медициналық колледждің түлектері жұмысқа орналасатын болды. Қазір олардың келуін күтіп отырмыз. Ал “Ауылда денсаулық сақтау саласын жаңғырту” ұлттық жобасы аясында биыл Айымжан, Баян ауылдарында жаңа медициналық пункт салынады. Біз жергілікті тұрғындарға сапалы көмек көрсетуіміз үшін, алдымен денсаулық сақтау нысандары талапқа сай болуы керек. Сондықтан қазір ауылдарда медициналық кешендердің бой көтеруіне Үкімет тарапынан басымдық берілуде. Ұлттық жоба аясында өткен жылы Кладбинка ауылында осындай медициналық кешеннің құрылысы аяқталғанын айту артық болмас. Құрылысқа жауапты мердігер “Еділ-Строй Сервис” серіктестігімен 157,3 миллион теңгенің келісімшарты жасалды. Сондай-ақ Святодуховка ауылында медициналық кешен пайдалануға беріліп, аудандағы емхананың күрделі жөндеуі аяқталды.
Медициналық ұйымдарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету де кезек күттірмейтін мәселе. Қазір денсаулық сақтау саласы бір орында тұрған жоқ. Күн сайын озық технологиялар қолданысқа енгізілуде. Біздің де мақсатымыз – аудандық аурухананы осызаманғы жаңа технологиялармен қамтамасыз ету. Бұл орайда өткен жылы 91миллионан астам теңгеге медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Соның ішінде стационарлық стоматологиялық қондырғы, ота жасау шамы, бу стерилизаторы, флюрографиялық, электрокоагуляцияға арналған аппараттар, құрылымдық төсектер мен тағы басқа жабдықтар бар. Биыл жергілікті бюджет есебінен 69 917 460 теңгеге қажетті медициналық құралдар сатып алу көзделуде. Құралдарды жеткізушілермен келісімшарт жасалып, интенсивті терапия блогы, 12 каналды электрокардиографтар, биологиялық қауіпсіздік боксы, ларингоскоп сатып алынды. Алдағы уақытта стоматологиялық рентген кешені, жаңа туған шақалақтар үшін инкубатор, көп параметрлі монитор сынды бірнеше құрал-жабдық жеткізіледі. Аурухананың өз қаржысы есебінен медициналық техникалар мен жиһаз сатып алғанымызды да айтып өткеніміз жөн.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек беру ұйымында он жалпы тәжірибе дәрігері, екі педиатрлық учаске бар. Үстіміздегі жылы емханаға 47 мыңнан астам адам көмекке жүгінді. Бұл ретте үйде қызмет көрсету көлемі артқанын тілге тиек ету керек. Денсаулық сақтау министрлігі мен француздық “C3Médical” компаниясы арасындағы телемедицина, телеконсультация және телесараптама саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында біздің ауданымызда (Пресновка және Благовещенка) 2 телемедициналық кешен орнатылды. Алты айда науқастарға 741 қызмет көрсетілді. Соның ішінде облыстық емдеу мекемелері мен аудандық емхананың дәрігерлерінен науқастар кеңес алды. Жоба медициналық көмекке қолжетімділікті арттырып, емделушілердің шығындарын азайтуға да мүмкіндік берді. Науқастар дәрігерге бару үшін көлік шығындарын үнемдеп, алдын ала жазылуға, кезекке тұруға уақыт жоғалтпайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында “Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 74 жастан асты. Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтарымыздың орташа жасы – 32 жас. Тұрғындардың үштен бірі – жастар. Үкіметтің міндеті – қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану”, – деген болатын. Бұл орайда тұрғындардың өмір сүру жасын ұлғайту үшін аудандағы медициналық қызметкерлер қолдан келгенше көмек беруде. Бүгінде диспансерлік есепте қан айналым жүйесі аурулары бойынша 4 мыңға жуық науқас тұр. Үстіміздегі жылы скрининг жүргізу нәтижесінде 1546 адамда ауру ерте кезде анықталды. Алты айда мыңнан астам адам тексеріліп, 57 науқас тіркелді.
Қазір әлем қатерлі ісікпен күресуде. Қауіпті індет салдарынан қаншама адамның өмірі үзілуде. Біздің елімізде де онкологиялық ауруларға қарсы күрес жүргізілуде. Ауруды ерте кезде анықтау емдеу шараларының тиімділігін арттырады. Сондықтан скринингтің маңызы зор. Қатерлі ісіктің I-II деңгейі бойынша жаңадан анықталған науқастар саны біршама азайды. Мәселен, биыл 17, өткен жылы 21 адамнан ауру анықталған болатын. Әйелдерді тексеруден өткізу барысында 3 адамнан жаман ауру анықталса, 105-де ісік алды жағдай тіркелді. Мыңнан астам нәзік жаннан басқа да ауру белгілері табылды. Сонымен қатер ер азаматтардың денсаулығы да жіті бақылауда. Алдын ала тексеруден өткізуде 23 азаматта ісік алды жағдайы болса, қуанышқа орай қауіпті індетке шалдыққан адам жоқ.
Аудан бойынша өткен жарты жылда 2 адамнан құрт ауруы анықталды. Балалар арасында туберкулездің алдын алу бойынша да түрлі шаралар жүргізіледі. Сондықтан 5 мыңнан астам аудан тұрғынын флюорографиялық тексеруден өткізу жоспары бар.
Бүгінде ана мен бала денсаулығына жіті көңіл бөлінуде. 2023-2024 жылдар аралығында ауданда ана өлімі орын алған жоқ. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Үстіміздегі жылы 6 мыңнан астам адам жылжымалы медициналық кешен қызметіне жүгінуі тиіс болатын. Бүгінде соның 1665-не диагностикалық, 237-не зертханалық тексеру жүргізілді. Он бір мыңнан астам адам бейінді мамандар кеңесін алды.
Елімізде кейбір науқастар тегін дәрі-дәрмек алуға құқылы. Жыл басынан бері тегін дәрі-дәрмек сатып алуға 130 963 700 теңге бөлінді. Ауданға жеткізілген тегін дәрі-дәрмекпен науқастардың 78,1 пайызы қамтамасыз етілді. Міндетті медициналық сақтандыру қоры мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында темір тапшылығы анемиясы, рахит, паркинсон, артериалды гипертензия, аритмия, қант диабеті, созылмалы С вирусты гепатиті, бронх демікпесі, созылмалы бүйрек жетіспеушілігі, ишимиялық жүрек ауруы, психикалық, қатерлі ісік пен өзге де аурулар бойынша берілген өтінімдер бойынша дәрі-дәрмек сатып алынды. Ұлттың саулығы – елдің байлығы. Біз азаматтарымыздың дені сау болғанын қаласақ, ең үлкен нығмет – денсаулыққа жіті мән беріп, үнемі тексеріліп отыруға кеңес беремін. Өйткені біз өз өмірімізге жауаптымыз.
Бақыт ҚАШАҒАНОВА,
Жамбыл аудандық ауруханасының бас дәрігері.