«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Жұрттың баласы” неге жақсы?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кейде ата-ананың шамадан тыс талапшылдығы баланың жігерін жанудың орнына, оның еңсесін түсіріп, ертеңіне кері әсер етіп жатады. Үлкендердің өз ұрпағынан үлкен үміт күтіп, келешегі жарқын болғанын қалайтыны анық. Алайда баланың әрекеті үшін шектен тыс алаңдаудың оған теріс әсер ететінін ұмытпайық.

Отбасы бала үшін өзін ба­қытты, қауіпсіз, мейірім құша­ғын­да сезінетін қолайлы орта болуы керек. Ата-ананың ма­хаб­батына бөленіп, өзін жеке тұлға ретінде сезініп өскен ұл-қыз ересек өмірде де өз орнын дұрыс табады. Ата-ана баланың тәрбиелеушісі ғана емес, сыр­ласы, досы бола білсе арадағы байланыс нығаяды.

Өзінің баласының көштің алдында жүріп, биікке жеткенін кім қаламасын? Алайда кейде осы тілегіміздің адамның жігерін жанудың орнына жасытатыны бар. Әсіресе “Жұрттың баласы” деген ұғым өз баламыздың ерекшеліктеріне мән бермеуге алып келді. Мұны әр қазақтың кішкентайынан жанына еретін көрінбейтін бәсекелесі десек артық айтқандығымыз болмас. “Жұрттың баласы” деген тіркесті естімеген адам кемде-кем. Бал­дырғанның намысын қам­шы­лау үшін сол бақталасының атын айтсаң жеткілікті. Осы бала күнгі әдетпен күнделікті өмірде де өзімізді сынау үшін өзгенің же­тістігін мысалға келтіріп жататы­нымыз рас.

Әр бала – бөлек тұлға. Оның өз ерекшеліктері, қарым-қабілеті мен қызығушылықтары бар. Олардың бәрі қайда салса да топ жарып шығатын жасынан оза шапқан білімдар емес. Со­ған сай бала тәрбиелеудің бәрі­не бірдей, мінсіз үлгісі де жоқ. Ал перзентімізді басқалармен са­лыстыру, өзге­лердің жетістігін көзге шұқып көрсету, сол үшін оған айып тағу мүлде қате. Ата-ананың рөлі “баға беруші” емес, бағыт сілтеуші болу керек. Қа­зіргі қоғам онсыз да адам­дарға сын көзбен қарап, олардың кемші­ліктерін жіпке тізіп, әр қадамын бағалап отырады. Осындайда баланың сырын айтып, пана табатын жері өз отбасы болу керек. Егер ата-ана да өзгелер­мен бірге “жұрттың баласын” мақтап кетсе, онда бала өзін жалғыз сезінеді. Кемшіліктері үшін өзін кінәлап, қатарласта­рының жетістігін өз қабілетсіздігі деп қабылдайды. Мұндай адам­дар есейген кезде де қоғам пі­кіріне тәуелділіктен арыла ал­майды.

Ең қызығы, ешқандай да мінсіз “жұрттың баласы” жоқ. Әркімнің өз артықшылықтары­мен қатар кемшіліктері де бар. Біз қызыға қарайтын адамдар­дың өзі өмірдің қандай да бір саласында осалдық танытуы мүмкін. Сондықтан да баланың намысын оятып, басқаның же­тістігі арқылы қамшылаймын деу қате. Бұның бәрі кері әсер етіп, айналадағыларға деген қызғаныш сезімін оятуы да ға­жап емес.

Өмір – мәңгілік күрес, тоқ­таусыз жарыс. Балаға мұны ерте жастан ұқтыру, өмірде сәттілік пен қатар әділетсіздік те болатынын түсіндіру керек-ақ. Бірақ оны жаңағыдай емес, бас­қаша тәсілмен жеткізген жөн. Балаға бағыт берудің, жол көр­сетудің, табысқа жетуіне жәр­демдесудің басқа да жолдары көп. Ұл-қызымызға айтылған сөз­дің бәрі оның жадында жатта­лып, қалыптасуына, көзқара­сына әсер ететінін ұмытпайық.

Әр бала өз отбасынан қол­дау күтеді. Сондықтан оның кішкентай жетістіктерінің өзін қолпаштап, қуану адамға жігер береді. Баламызды “жұрттың баласы” деп жасытқаннан гөрі, оған жылы сөздер айтып, өзі­міздің қай кезде де қасында еке­німізді, қолдайтынымызды көр­сету керекпіз. Жақындарының түрт­пектеуімен шыңға шығып кеткен ешкім жоқ. Қазіргі бала­лар онсыз да өздерін жалғыз се­зінеді. Сондықтан да оларға ба­ға бергенді қойып, тірек бо­лайық.

Күміс САТТАРОВА,

зейнеткер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp