Рухани келісім күніне Оқушылар сарайында конференция өтті. Өңірде этносаралық және дінаралық келісімді арттыруға бағытталған іс-шараға діни және этномәдени бірлестіктер басшылары, азаматтық қоғам институтының өкілдері қатысты. Олар атаулы күннің ерекше маңызға ие екеніне тоқталып, елдегі бірлік пен тыныштықты сақтаудағы рөлін атап өтті.
– Ғасырлар бойы ислам тарихында мұсылмандар мен басқа дін өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келді. Біздің мақсатымыз – осы бірлік пен татулықты нығайту. Құран Кәрімнің өзінде “Адамзатты ұлт пен ұлыстарға бөлдік. Мақсаты – адамдар бір-бірін тануы үшін” делінген. Бұл – ислам дінінің ерекшелігі, – дейді облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Хамзат Әділбеков.
Жиын барысында ынтымақтастық пен рухани келісімді нығайту, қазіргі алмағайып заманда түрлі этникалық топтарда тұрақтылықты сақтау мәселелері талқыланды.
Петропавл және Булаев епархиясының епископы Владимирдің сөзінше, Қазақстанда көптеген этностар жылдар бойы бірлікте өмір сүріп келеді, ауызбіршіліктен артық құндылық жоқ екенін түсінген. Ұлтқа, дінге де бөлінуге болмайды. Атаулы күннің маңыздылығы да осында. Шара соңында қонақтар Қазақстан халқының рухани құндылығын нығайту мақсатында дайындалған арнайы бейнероликті тамашалады.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.