Президент “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” Жолдауында әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани бағыттардағы бірегей шараларды жүзеге асыруды көздейтін стратегиялық мақсатымызға жету үшін еліміздің бейбіт өмір сүруіне және тұрақты дамуына қолайлы ішкі-сыртқы жағдай қалыптастырудың маңызы өлшеусіз екенін айрықша атап көрсетті.
“Бұл – қазіргі аса күрделі геосаяси ахуал кезінде өте жоғары кәсібилікті талап ететін дипломатияның міндеті”, – дей келіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысын қатаң ұстайтынын, көпжақты ынтымақтастық орнатуға қашанда дайын екенімізді, алдағы уақытта да халықаралық қауіпсіздік және тұрақтылық мәселелерін шешуге белсенді атсалысатынын мәлімдеді. Республика жұртшылығы сияқты этномәдени бірлестіктер де халықаралық ұйымдардың терроризмге, экстремизмге, заңсыз көші-қонға, өзге де қауіп-қатерлерге қарсы күресу жолындағы қадамдарын қолдай отырып, кез келген шетін мәселелерді бейбіт және теңгерімді саясат шеңберінде шешу қажет деп есептейді. Астанада Қазақстанның төрағалығымен өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының саммиттері сияқты аса маңызды халықаралық басқосулардың түпкі мақсаты ел бірлігін сақтауға, ұлтаралық қарым-қатынастарды жандандыруға, бір-біріне шын риясыз құрмет көрсету арқылы достық байланыстарды орнықтыруға бағытталған. Осындай ұстанымның және берекелі бірліктің арқасында бір шаңырақ астында мекен ететін халқымыз асыл арман-мұраты жолында ауызбірліктің үлгі-өнегесін көрсетіп келеді. Өзгелерден ерекшелеп тұратын кең пейіл, толеранттылық қасиетіміз парасатты ел екенімізді танытып қана қоймай, үйлесімді әрі әділетті қоғам құрудың басты кепіліне айналған. Тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына байланысты ешқандай қысым жасалмайтыны Ата Заңымызда нақты жазылған. Демек, теріс пиғылды адамдардың ұлтаралық татулығымызға сызат түсіріп, ушықтыруына ешқандай жол берілмейді деген сөз. Мемлекет басшысы еске салғандай, Әділетті Қазақстан құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Сонда жұдырықтай жұмылған біртұтас халықтың бірлігі сетінемейді. Отанымыздың іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы бүгінгі күні айрықша маңызды. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының құрамында 2007 жылы өз алдына шаңырақ көтерген түрік мәдениеті ұйымы түбі бір түркі тілдес халықтардың адамзат өркениетінде өзіндік орны бар ортақ рухани құндылықтарын, бай мәдени қазынасын, саф өнерін, телегей-теңіз әдеби мұрасын, жауhардай жарқыраған асыл тілін талмай насихаттауды басты мақсат етеді.
Президенттің озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін идея маңайында топтасып, жалпыұлттық құндылықтарды бәрінен биік қою, нағыз отаншыл қасиеттерді меңгеру, жалған патриотизмнен бойды аулақ салу, жат мәдениетке көзсіз еліктеуден сақтау талаптары негізінде өзге этномәдени ұйымдармен бірлескен мерекелерге, концерттерге, фестивальдарға, шығармашылық байқауларға, көрмелерге, шеберлік сыныптарына, шығармашылық кездесулерге, озық бағдарламаларға үзбей қатысып келеміз. Қазақстан Түркия секілді түркі ықпалдастығының қозғаушы күші болып табылатындықтан, түркі әлемін мәдени ынтымақтастық арқылы біріктіруге атсалысу – басты парыздарымыздың бірі. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері ТҮРКСОЙ мемлекеттерінің киелі ескерткіштері туралы жан-жақты ақпараттар ұсынып, шетел тілі факультетінің, сондай-ақ құқық және тарих факультетінің студенттері, “Қазақстан халқы ассамблеясы” кафедрасы жанындағы ғылыми-әдістемелік қоғамның мүшелері үлкен белсенділік танытты. Түркі елдерінде ежелгі сәулет ескерткіштері көптігіне қарамастан ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралары ішінде жоғары бағаланады. Түркіменстаннан “Гёроглы” эпикалық өнері, “Куштдепди” ән мен би салты, кілем тоқудың дәстүрлі өнері, дутар жасау, Өзбекстаннан “Ләйлі мен Мәжнүн”, “Фархад пен Шырын”, “Тахир мен Зухра” лирикалық поэмалары, Қырғызстаннан қырғыз аңызшылары, эпостар өнері, ала киіз және шырдақ өнері, “Манас”, “Семей және Сейтек” эпикалық шығармалары, Қазақстаннан үй жасаудың дәстүрлі дағдылары, айтыс өнері, жылқы өсірушілердің салттары, “Қымызмұрындық”, “Бие байлау”, күйді домбырада орындау, айтыс, қазақ күресі, Наурыз мерекесі енген. “Огузнаме” батырлық эпосы, зәйтүн өсіру Түркияда зор құндылық, ал мей көптеген ғасырлар бойы ойналып келе жатқан ағаш үрмелі аспап ретінде бағаланады. Седеппен безендіру – бұл әртүрлі ағаш заттардан жасалған, тесіктерге жарқыраған седеп бөліктерін шебер енгізетін көне әдістің бір түрі. Бұл қолөнер жалпы мағынада “алтынмен безендіру” деген мағынаны білдіреді. Әзірбайжанда тезхиб өте көне өнер ретінде каллиграфиялық әріптерде және ою-өрнектерде сақталған. ТҮРКСОЙДЫ құру кезінде негізінен тілдік ұстанымға басымдық беріліп, мүшелігіне Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Түркіменстан кіреді. Халықаралық Түркі академиясы тарапынан тың серпінмен қолға алынған зерттеулердің молайып, тақырып аясының кеңи түскені де қуантады.
Президенттің “Біз “бірлігіміз – әралуандықта” деген қағиданы берік ұстанып, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтайтын боламыз. Түрлі діндер мен конфессияларды жақындастыруды және қазіргі заманғы өзекті мәселелерге қатысты диалог орнатуды көздейтін мәртебелі миссиямызды атқара береміз. Біздің күшіміз – бірлікте. Жұртымыз басына түскен тауқыметтің бәрін мызғымас бірліктің арқасында жеңіп келеді. Орасан зор сын-қатерлер пайда болған қазіргі заманда ынтымақ-бірліктің маңызы арта түсті. Қазақстан – бәріміздің қасиетті қара шаңырағымыз. Сондықтан әрбір азамат ел тағдырына өз тағдырындай қарауға тиіс”, – деген пайымы Алаштың әйгілі ақыны Мағжан Жұмабаевтың ойымен үндес. Ақынның “Алыстағы бауырыма” атты жауhар жыры 1919-1920 жылғы Ататүрік бастаған ұлт-азаттық қозғалысты қолдау мақсатында жазылғаны мәлім.
Түркияда ең маңызды мерекелердің бірі – Тәуелсіздік және балалар күні 23 сәуірде аталып өтеді. “Cocrur Byiamy” атты іс-шара жыл сайын бізде де Достық үйінде ұйымдастырылып, түрлі этнос балаларын түрік мәдениетінің ерекшеліктерімен, мерекелік дәстүрлерімен, ән, би, ұлттық ойындарымен таныстырамыз. Концерттік бағдарлама барысында қобыз, домбыра, баян, флейта сияқты музыкалық аспаптардың пайда болу тарихы баяндалады. Ал “Түркі әлемінің қасиетті ескерткіштері” виртуалды экскурсиясы барысында қасиетті жерлер көрсетіліп, қыз ұзату тойын Түркиядан арнайы келген Нұргүл Йылдыз сахналады. “Қызықты адамдар клубы” жобасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне баса көңіл аударылады. “Аналар кеңесі” өкілдерінің қатысуымен өткен жиын да тағылымдығымен есте қалды.
Месхеттік түрік бауырларды туған жерінен күштеп көшіру 1944 жылы күзде Грузияның оңтүстігінен басталғаны белгілі. 220 ауылдан 125 мың адам жедел түрде еріксіз қоныс аударған. Осындай қиын сәтте қазақ халқы поляктарды, немістерді, украиндарды да құшағына басып, жарты нанды бөлісіп жеген. Осынау қасыретті оқиғаның 80 жылдығына орай қуғын-сүргіннен зардап шеккендерді еске алу кешінде 95 жастағы еңбек ардагері Ахмат Бедишевтің естелігін тебіренбей тыңдамау мүмкін емес. Ахалтеке ауданының 50 ауылынан ересектер мен балаларды күздің қара суығында жүк вагондарына отырғызып, Қазақстанға жеткенше жартысына жуығы үсіп өлген, аштықтан жан тәсілім еткен.
Халқымыздың қанына сіңген бауырмалдық, қамқорлық, жанашырлық сияқты асыл қасиеттерден айнымауы басты бағдар болып қала береді.
Диляра ХАСАНОВА,
“Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары.