Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай өткен жиын өңірдің агроөнеркәсіптік саладағы жетістіктерін қорытындылаудан басталды. Салтанатты шараға қатысқан өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов биыл диқандар су тасқынына қарамастан көктемгі дала жұмыстарын уақытында аяқтағанын жеткізді. Зардап шеккен шаруаларға мемлекет тарапынан несие төлемдерін кейінге шегеру шаралары қабылданған. Диқандарға егіс жұмыстары үшін қосымша 420 млрд. теңге қаржы бөлінді.
Мемлекет басшысының инфрақұрылымды қаржыландыру, фермерлерді субсидиялау, цифрлық технологияларды енгізу, маман даярлау бойынша қойған міндеттері біздің өңірімізде сәтті жүзеге асып келеді. Жоғары өнім алу жолындағы басты қадам – заманауи технологияны кеңінен пайдалану. Соның ішінде биыл тыңайтқыш енгізу көлемін арттыруға баса мән беріліп отыр. Өңірде алқаптарға минералды тыңайтқыш қолдану бойынша бейінді министрлік қойған меже толық орындалған. 3 млн. гектар жерге 250 мың тонна тыңайтқыш сіңіріліпті.
Саладағы табысты жұмыстың тағы бір талабы – техникаларды жаңарту. Алқаптарға дән себуден бастап, жиын-терімге дейінгі жұмыстардың жылдам жүруі заманауи техниканың жеткілікті болуына байланысты. Биыл өңір диқандары жалпы құны 80 млрд. теңге болатын 3 мың жаңа техника алады деп болжанған. Қызылжар даласында астық оратын 7,5 мың комбайнның 4 мыңы өнімділігі жоғары техника саналады.
Биыл облыста 6,2 млн. тонна астық пен 774 мың тонна майлы дақыл жиналған. Алдыңғы қатарлы шаруашылықтарда гектар берекелігі 50 центнерден асты. Мұның бәрі тек жаңбырлы жаздың ғана емес, сапалы тұқым сеуіп, мол көлемде тыңайтқыш енгізіп, техника жаңартудың арқасында мүмкін болып отыр.
Бүгінде Қызылжарда тек астық сатып қана қоймай, мал шаруашылығын дамытып отырған серіктестіктер көбейіп келеді. Соның арқасында 2018 жылдан бері өңірдегі сүт фермаларының қатары жоғары қарқынмен артып, бүгінде 106-ға жеткен. Өңір бойынша саладағы жалпы өнімнің жартысы мал шаруашылығының үлесінде. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша Қызылжар өңіріндегі жұмыстар өзге облыстарға үлгі.
Саладағы оң өзгерістер мен жемісті жобалар туралы облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов атап өтті.
– Сіздерді ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Күз маусымы дала еңбеккерінің мерейі тасып, абыройы асқақтайтын кезең. Биыл өңір диқандары бидайдан мол өнім жинады. Ел қамбасы алтын дәнге толды. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған азаматтарға бас иіп, алғыс айтамыз. Жуырда өңір делегациясы елордада Мемлекет басшысының қатысуымен өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумына қатысты. Президент салада көптеген өзгерістер орын алып, еліміз бірқатар жетістіктерге жеткенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев саланы қаржыландырудың қолжетімділігі, агроөнеркәсіптік кешенде индустрияландыруды жалғастыру, ауыл шаруашылығы ғылымдары мен селекцияны жандандыру, ілгері технологияларды кеңінен пайдалану, экспорттық әлеуетті нығайту сияқты міндеттер қойды, – деді өңір басшысы.
Ғауез Торсанұлы Президент тапсырмасына сай шаруаларды қолдау шараларының тиімділігі артатынын жеткізді. Енді жеңілдетілген несие көлемін желтоқсан айынан бастап есептеуге болады. Оған қоса, бұрын шаруаларға қысқа мерзімді қарыздар берілсе енді төлем мерзімі ұзарып, ортамерзімді несие алуға мүмкіндік бар. Өңірде ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу бағытында да жүзеге асып жатқан ірі жобалар аз емес. “Масло-Дел” серіктестігі 370 мың тонна майлы дақыл өңдейтін ірі зауыт салып жатыр. Өнімнің 80 пайызы сыртқа жөнелтілмек. “Зенченко және К” компаниясы майлы дақылдарды өңдеу цехын ашып, сүт зауытын жаңғыртпақ.
– Күрделі жағдайға қарамастан диқандар соңғы 13 жылда болмаған жоғары көрсеткішке жетті. “Зенченко”, “Салют”, “Ақ жер-2010”, “Саумалкөл Агро”, “Ноғайбай” сынды серіктестіктер гектар берекелігі бойынша алға шықты. Дақылдардың өнімділігінің жоғарылауына тұқым сапасы да әсер етуде. Жыл сайын облыста элиталық тұқым себу көлемі артып келеді. Биыл бұл көрсеткіш 10,1 пайызға жетті. Минералды тыңайтқыш сіңіру бойынша өңіріміз республикада бірінші орында. Көктемгі жұмыстарға бөлінетін қаржының 3 есе артуы жеңілдетілген несиені қолжетімді ете түсті, – деді облыс әкімі.
Мерекелік шарада “Атамекен-АгроКорнеевка” серіктестігінің директоры Александр Фадеевке “Құрмет” ордені табысталды. ІІІ дәрежелі “Еңбек даңқы” орденімен “Астық-СТЕМ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механизаторы Естай Мұратов, “Белое-Агро” серіктестігінің басқарушысы Алексей Левин, “Қазақстанның астық консорциумы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас агрономы Анатолий Сарницкий марапатталды. “Западное-СК” серіктестігінің директоры Бауыржан Қалдыбаев пен “Қайыңды” серіктестігінің жүргізушісі Рамазан Шамурин “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері атанды. Ал бейінді министрліктің “Еңбек ардагері” медалі ардагер Сапарбек Қалиев, “Рузана” қожалығының басшысы Әлібай Оспанов, “Колос” серіктестігінің директоры Ғалымтай Құрақбаев сынды азаматтардың кеудесіне тағылды. Сонымен қатар өзге де серіктестік басшылары, ветеринар, механизатор, сауыншы, агроном, жүргізушілерге “Ауыл шаруашылығы саласының үздігі” төсбелгісі, өңір басшысының және Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.
– Серіктестіктің 20 мыңнан астам гектар егістік жері бар. Онымен қоса тұқым шаруашылығымен айналысамыз. Биыл 1400 гольштин тұқымды ірі қараға арналған ферманы іске қостық. Шаруашылық 160 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өзімнің осы саланың айналасында жүргеніме 20 жылдан асты. Азды-көпті еңбегімнің еленіп жатқанына қуаныштымын, – дейді Есіл ауданындағы “Атамекен-Агро-Корнеевка” серіктестігінің басшысы Александр Фадеев.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.