«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЕҢБЕК ЕТУ ЖАСТАРДЫҢ НЕГІЗГІ ИДЕЯСЫНА АЙНАЛУЫ КЕРЕК”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ермек Бәкіров – Мағжан Жұмабаев аудандық мәслихатының №3 сайлау округі бойынша депутаты, әлеуметтік саясат, заңдылық және құқықтық тәртіп, депутаттық өкілеттіктер және әдеп мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы, Кәсіптік даярлау және қызмет көрсету колледжінің директоры. “AMANAT” партиясының мүшесі.

Не үшін депутат болдым?

Қоғамға қызмет ету, мемле­кеттік мүддені ескере отырып, туындаған мәселелерді шешу, еліміздің өркендеуіне атсалысу, халыққа жақын болу, қиын уақытта жандарынан табылу, қол ұшын беру – әр депутаттың басты ұстанымы. Депутат тұр­ғын­дар алдында тұрған проб­лемаларды білетіндердің ара­сынан сайлануы керек деп са­най­мын. Ауданда өмір сүру са­пасын арттыруға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асы­ру­ға, қоғамдық жұмыстарға бел­сенді қатысу ниетімен аудан­дық мәслихат депутаттығына үміткер болдым. Осы жерде туып-өскендіктен ауданның және өзіме сенім артқан Булаев қаласының мәселелерімен та­ныспын. Оларды шешудің жо­лын іздеп, жерлестерімнің мүд­десін қорғап, әр ісімді әлеумет­тік ахуалды жақсартуға бағыт­тап, халықтың сенімін ақтауды өзімнің адамдық және депутат­тық борышым деп санаймын. Халықтың қалауымен аудандық мәслихаттың депутаты ретін­дегі міндеттерімді атқарып ке­лемін.

Мен көп жылдан бері білім беру саласында еңбек етемін. 1989 жылдан бастап ауыл мек­тебінде мұғалім, оқу ісі жөнін­дегі меңгеруші, мектеп дирек­торы болдым. Кейін Булаев қаласының №4 орта мектебінің директоры, Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің әлеуметтік мә­селелер жөніндегі орын­басары қызметтерін атқардым. Қазіргі уақытта Кәсіптік даярлық және қызмет көрсету колледжінің директорымын.

Елді дамыту үшін жұмысшы кәсіптер мен түрлі сала ма­мандарының беделін арттыру­ға басымдық берілуі тиіс. Кә­сіптік оқыту мен білім беруді қолдау арқылы ғана отандық экономиканы дамыту үшін қа­жетті жұмыс күшін даярлай аламыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ­стандық қоғамның назарын индустрияландыру идеясына бірнеше рет аударды. Бұл істі техникалық бағыттағы бәсекеге қабілетті жұмысшы кадрлардың қажетті санын даярламай ат­қару мүмкін емес. Осы ретте Президент 2025 жылды – Жұ­мысшы мамандықтар жылы деп жариялады.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласын жаңғырту үшін реформалау және қосым­ша қаржыландыру аздық етеді. Алдымен еңбек ету идеясын насихаттау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуі қажет. Яғни еңбек ету халықтың, оның ішін­де жастардың негізгі идеясына айналуы тиіс. Қазір жастарды техникалық және кәсіптік білім беру саласына тарту қиын. Осы істі орындаған кезде ғана са­ланы қосымша қаржыландыру бәсекеге қабілетті кадрларды даярлауда тиімді құрал бола алады.

Сайлаушыларға қандай уәде бердім?

Біз басты жетістіктері бей­біт­шілік, келісім және өркендеу болып табылатын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Президенттің жыл сайынғы Жолдауларында елдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының нақты міндеттері тұжырымдалады және басым бағдарлар белгіленеді. Депу­таттар өз тарапынан осы бағыт­тарды мақсат етіп, сайлаушы­лар­дың еркін білдіре отырып, көкейкесті мәселелерді шешуге басымдық беруі керек.

Аудандық мәслихаттың де­пу­таты ретінде мен Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары мен Үкіметтің міндеттерін орындауға бар кү­шімді саламын. Менің депутат­тық қызметім сайлауалды бағ­дарламада айтылған өзекті мә­селелерді бағдар етіп, жерлес­терімнің мүдделерін іске асыру­ға бағытталған.

Сайлауалды бағдарламам­да тұрғын үй-коммуналдық қыз­меттерін жақсарту және әлеу­меттік бағытталған тарифтік саясаттың сақталуын бақылау, қала көшелеріндегі автобус маршруттарының жұмысы, жол қозғалысы қауіпсіздігі, тұрғын­дарды сапалы ауызсумен қам­та­масыз ету сынды мәселелер қамтылған. Сонымен қатар тұр­ғындарды толғандырып жүрген балабақша салу, құқық бұзу­шылықтардың алдын алу, ба­қы­лау камераларының санын көбейту, бағаның өсуін бақы­лау, халықты жұмыспен қамту жайы да басты назарда. Жас ма­мандарды жұмысқа орналас­тыру, балалар ойын алаңдары мен демалыс орындарын абат­тандыру, аз қамтылғандар мен зейнеткерлерге қамқорлық, мә­дени демалыс және спорт, жас­тарды патриоттық тәрбиелеу үшін жағдай жасау сынды ша­ралар – күн тәртібіндегі мәсе­лелер. Міне, халыққа берген осындай уәделерді сапалы орындап, сенімді нығайту және ақтау үшін аянбай еңбек етіп жүрмін.

Қай уәдемді орындадым?

Ауданда тұрғындардың тұр­мысын жақсарту үшін біршама жұмыстар атқарылуда. Аудан­дық мәслихат депутаттары әрдайым әлеуметтік нысан­дардың құрылыстары, инфра­құ­рылымды дамыту шаралары, жолдарды жөндеу және салу сияқты нәтижелі істердің басы-қасынан табылады.

Мониторингтік топтың құра­мында аудан аумағындағы жол, су, медициналық пункттер тағы да басқа құрылысы жүріп жатқан немесе күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан әлеуметтік нысандарға барып, жұмыс барысына партиялық бақылау жүргіземіз.

Булаев қаласы тұрғында­рымен кездесулер барысында айтылған талап-тілектер еске­рі­ліп, аудан әкімдігіне және тиісті атқарушы органдарға қаланың солтүстік жағындағы Буденный көшесіне жаяу жүр­гіншілер тротуарларын салу, балалар ойын алаңын салу, Бу­денный мен Уәлиханов көше­ле­рінің қиылысына бағдаршам орнату, Энергетиктер көшесі бойындағы жолды жөндеу, қала аумағындағы қураған ағаш­тарды кесу, қоқыс жәшіктерінің санын ұлғайту сияқты мәсе­лелер бойынша депутаттық сауалдар жолдадым. Бүгінгі таңда бұл мәселелердің бар­лығы шешілді.

Азаматтарды жеке қабыл­даған кезде көптеген мәселе­лер оң шешіледі немесе бақы­лауға алынады. Мысалы, қо­қысты қатты тұрмыстық қал­дық­тар жинау орнына шығару, жалғыз тұратын адамдардың үйінің жанындағы қарды тазар­ту, жұмысқа орналастыру сын­ды мәселелер жиі айтылады. Қыс және көктем мезгілдерінде жалғызілікті жандардың өті­нішімен колледж студенттері олардың аулаларындағы қарды шығарады. Сонымен қатар үш адамды жұмысқа орналастыр­дым.

Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырыстарында қыс­қы кезеңде жолдарды күтіп ұс­тау, балалар мен жасөс­пірімдердің жазғы демалысын ұйым­дастыру, елді мекендерді абат­тандырудың жай-күйі, ау­дан ме­ке­мелерінің жылу беру маусы­мы­на дайындығы туралы мәсе­лелер қаралады. Аудан­ның, ауылдық округтердің және Бу­лаев қаласының бюджет­терін нақтылау және бекіту ту­ралы сұрақтар қызу талқы­ланады.

Сонымен қатар мен – ау­дан­дық қоғамдық кеңестің мү­шесімін. Кеңестің сайлаушы­ларды толғандырып жүрген мәселелер қаралатын отырыс­тарына үнемі қатысамын.

Қайырымдылық шарасы аясында өрттен зардап шек­кендерге көмек ұйымдас­ты­рыл­ды, шіркеуге көмек ретінде 5 тонна көмір жеткізіп бердім. Қаланың солтүстік жағындағы қыста көшелерден шығарылған қарға арналған полигонды жаб­дықтауға бастамашы болдым. Биылғы жылғы көктемде су тасқынының алдын алу үшін қапқа салынған құм жеткізіп, зардап шеккендерге гумани­тарлық көмек жинау кезінде демеушілік көрсетілді. Қайырымдылық акциялары ше­гінде халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету – мен үшін міндетті істер.

Елге берген уәдені орын­дау­дың белгісі – сайлаушы­лардың мұң-мұқтажын білу, оларды шешу жолын табуға ықпал ету, билік басында­ғыларға айтып, нәтижеге жету. Мен үшін елдің алғысы – үлкен марапат, еңбегіме берілген баға деп түсінемін.

Халық маған сене ме?

Әр деңгейдегі депутат сай­лаушыларына есеп беріп отыруы керек. Ол қолынан кел­мейтін іс-шараларды жүзеге асырам деп уәде бермей, өз деңгейіндегі мәселелерді жос­парлы түрде шешуге міндетті. Сондықтан өкілетті орган жер­гілікті атқарушы органдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Қандай да болмасын мәселелерді бірлесе шешкен кезде оң нәтижелерге жетеміз.

Халқым маған сену үшін бар күш-жігерімді, білімім мен білік­тілігімді, тәжірибемді депутат­тық қызметке бағыттап, міндет­те­рімді адал орындауға тыры­самын. Әрине, артылған се­німді қаншалықты ақтағанымды сайлаушылар ғана біледі. Ау­дан тұрғындарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру бойынша қойылған міндеттерді шешу үшін үш мәрте сайлауға қатыстым. Он жылға жуық тәжірибесі бар депутат болуым халықтың қалауы, маған деген сенімінің белгісі ғой деп ойлай­мын. Депутат пен халық өзара бірін-бірі сыйласа, сенім білдір­се барлық мақсаттарға қол жеткізе аламыз.

Дайындаған

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp